«Қазіргі таңда еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жобаны іске асыруға «Eurotransit Terminal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ықылас танытып отыр. Оларға жобаның құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға 20 гектар жер берілді», дейді аудан әкімі. Қазіргі уақытта Зайсан ауданында газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Зайсан қаласында соңғы екі жылда 766,4 миллион теңгеге бірінші кезектегі ішкі орамдық газ тарату желілерін іске қосу жұмыстары жүргізіліпті. Осы уақытқа дейін қаладағы бір мыңнан астам тұрғын үйге, 12 бюджеттік және 78 кәсіпкерлікпен шұғылданатын мекемеге, мектептерге газ жеткізіліпті. Темірбек Қасымжанов аудан орталығындағы тұрғын үйлер мен нысандарды газдандыру жұмыстарының биыл толық аяқталып, ауданның елді мекендерін газдандыру шаралары одан әрі жалғасатынын айтты. Тағы бір жағымды жаңалық, жақында Зайсан қаласында 60 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталады. Ауданда қазір 900-ден астам адам пәтер кезегінде тұрған көрінеді. Егер қос үйдің құрылысы мерзімінде аяқталған жағдайда 120 отбасының баспана мәселесі шешімін табатын болады. Аудан әкімі қазіргі уақытта өңірге келгісі келетін жастардың қатары қалың екенін жеткізіп, сондықтан бұл мәселенің түйінін тезірек тарқатудың маңыздылығына тоқталды.
«Өткен жылы аудан экономикасына 11 миллиард 729,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Аудандағы аумақтық индустрияландыру картасына үш жоба енгізілді. Оның ішінде «СМУ-Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты құрылыс комбинатының темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыты, «Нұр» шаруа қожалығының ет комбинаты жобалары бар. Көрші Қытай елінің инвесторлары ауданда «Ертіс-ТЗ» маркалы трактор және ауыл шаруашылығына қажет түрлі құрылғыларды шығаратын зауытты іске қосты», деген аудан басшысы өткен жылы ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің жалпы көлемі 17 миллиард 502,1 миллион теңгені құрағанын, мал тұқымын асылдандыру бағытында бірқатар шаруалардың қолға алынғанын тілге тиек етті.
Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы