Бүгінде Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы өзінің әрбір Жолдауында қазақстандық патриотизмді, ұлттық идеологияны дамытуды, оның ішінде, әсіресе, жас азаматтардың арасында кеңінен насихаттауды басты құндылықтардың қатарына қоятыны баршамызға мәлім. Осыған орай, жастар саясатын жүзеге асыру аясында әскери-патриоттық тәрбие беру шараларын өткізу маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Биыл аталған әскери-патриоттық жиын алғаш рет халықаралық деңгейде, Ресей Федерациясынан келген команданың қатысуымен өткізіліп отыр. Сондай-ақ, жиын бақылаушысы ретінде Өзбекстаннан арнайы қонақтар шақыртылған. Биылғы жылы жиынға 600-ден аса қатысушы бақ сынауда. Олардың қатарында республика өңірлеріндегі әскери-патриоттық клубтардың тәрбие- ленушілері, Астана, Шымкент, Алматы, Қарағанды қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінің, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, Павлодар қаласындағы әскери мектеп-интернатының, Семей қаласындағы мамандандырылған «Жас ұлан» ер балалар мектебінің тәрбиеленушілері және Ресей Федерациясы Орынбор президенттік кадет училищесінің тәрбиеленушілері бар. «Айбын» жастар жиыны маусымның 13-і мен 17-і аралығында төрт күнге созылады. Салтанатты шараның алғысөзінде Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенат Талғат Мұхтаров айтып өткендей, бұл жылы әскери-патриоттық жиынға көптеген өзгерістер енгізілген. Жиын бағдарламасы «Эрудит» интеллектуалды ойыны, «Менің роботым» роботехникалық конкурсы, пневматикалық винтовкадан атыс, белағашқа тартылу, әскери кросс, командалық пейнтбол ойыны, мега-арт «Айбын дауысы» фестивалі, «World of tanks» компьютерлік ойынын қамтыған.
Халықаралық жиынның салтанатты ашылуында қонақтар 22750 ә/б әскери қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрыстарын, Құрмет қарауылы ротасының шеберліктерін, арнайы мамандандырылған жасақтардың көрсететін көріністерін, артиллерия және авиация қолдауымен көрсетілетін әскери эпизодтарды, Қарағанды қаласының әскери-техникалық мектебінің мотоциклистерінің шеберлігін тамашалады. «Айбын» жастар жиыны отансүйгіштіктің, достықтың, тұлға болып қалыптасудың шынайы мектебі. – Біз – бірлік туын берік ұстаған, баршаға үлгілі көп ұлтты елміз. Сондықтан да біз үшін жастардың рухани-адамгершілік және дене тәрбиесімен әскери қызметке дайындығымен айналысуы өте маңызды. Бұл өз кезегінде мемлекетке жастарды патриоттық тәрбиелеудің жаңа моделін қалыптастыруға көмектеседі. Аталмыш жиын әскери-патриотттық ұйымдар қозғалыстарын жандандыру жұмыстарын атқарады және балалар мен жастарды қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталған жобаларды іске асырады, – деді Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Дулат Адырбеков. Іс-шараның ашылу салтанатында, сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Ақылсерікұлы сөз сөйледі. «Мұндай, «Айбын» сынды әскери-патриоттық жастар жиынын өткізудегі негізгі мақсат – әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін арттыру, әртүрлі елдердің жас армияшылары бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады», – деді аймақ басшысының орынбасары. Жиын барысында балалар бірегей дайындық мектебінен өтіп, қазақстандық армияның заманауи техникасы мен қару-жарағын тамашалап, өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін сынап көрмек. Сондай-ақ, тәжірибе жинақтап, жаңа достар таппақ. «Мен осы жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Біздің команданың мақсаты – жеңіске жету. Аянбай еңбек етуге дайын- быз. «Айбын» жарысына өзім құрастырған робот-техникамды әкелдім. Ол – лего-барлаушы робот деп аталады. Ерекшелігі, адам денесі сыймайтын қуыстарға кіріп, берген пәрмендерімді бұлжытпай орындайды. «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынына келген барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», – дейді Астана қаласындағы армия генералы Сағдат Нұрмағанбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Cұлтан Амангелді. Жастардың жігерін жанитын жиынға биыл осылайша серпін берілмек. Алдыңғы екі жылдың табысты нәтижелері де биыл еселеніп, дода қызу әрі тартысты өтетініне де сенімдіміз. Күш-жігерлерін тасып, абыройларың арта берсін, айбындықтар!
Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы