Елбасы бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласының әкімдігі ерекше жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Қала әкімдігі «Alpha Academy» білім академиясымен бірлесе отырып бірінші рет «Тілдер Саябағы – Парк Языков – Language Park» жобасының тұсауын кесті. Мамандар тіл үйренудің, өз ішіндегі талап, ықылас-тілекті оятудың, оған құрметпен қараудың, нәтижесінде толыққанды меңгеріп шығудың түрлі жолдарын ұсынып келеді, бірақ нәтижесі бірде – тиімді, бірде – тиімсіз.
«Тілдер Саябағы – Парк Языков – Language Park» – нәтижеге негізделген шетелдік жоба. Осы бағдарлама аясында қаланың Медеу ауданының әкімдігі аудан тұрғындарын қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне тегін оқытып, үйретеді. Тіл үйрену курстары ашық аспан астында, таза ауада, яғни Алматының Орталық демалыс саябағының жасыл алаңқайларында ұйымдастырылады. Маусымнан басталып, тамыз айының соңына дейін жалғасатын үш айлық тіл курстарында ауданның 600 тұрғыны тегін оқытылады. Бұл әлеуметтік жоба ешқандай қаражатты қажет етпейді. Мұғалімдер – еріктілер. Тіл үйренуші де, тілді үйретуші де ақысыз жүйе бойынша түрлі тәсіл арқылы ортақ мүддеге жұмыс істейді. Бұл мақсатты іске асыру үшін арнайы сайт ашылып, тіл үйренгісі келетін ынталылар алдын ала сол жерге тіркеледі. Өткен жұма күні тұсауы кесілген жобаға қызығып, жазылған жастардың, оқушылардың, зейнеткерлердің саны қазірдің өзінде 600-ден асып кеткен. 6 жастан бастап 60 жасқа дейін ниет білдіргендер қатарының көптігін ескерген аудан әкімі Ержан Жылқыбаев келесі айдан бастап курсқа қатысатындардың саны 1000-ға дейін қамтылатынын айтып, көпшілікті қуантып тастады. Республика бойынша алғаш рет жүзеге асырылғалы отырған жобаның нәтижесі сәтті болса, шетелдік жобаны алдағы уақытта қаланың басқа аудандарында, тіпті еліміздің басқа аймақтарында да жүйелі ұйымдастыру көзделіп отыр.
Айгүл Аханбайқызы, «Егемен Қазақстан»
Алматы