– Олимпиаданың былтырғы жарыстан бірнеше ерекшелігі, жарысқа қатысушы орта мектептер саны былтырғыға қарағанда көп. Десе де, зияткерлік мектептен қатысушылар басым. Сонымен қатар, биылғы жарыс категорияларына «еркін категория» қосылды. Аталған категория орта мектептегі, орталықтардағы оқушылардың роботты техникаға қызығушылығын ояту мақсатында енгізіліп отыр, – дейді олимпиаданың бас төрешісі Алқуат Қазиев. Роботты техника байқауы World Robot Olympiad (WRO) ұйымының бастамасымен 2004 жылдан бастап ұйымдастырылады. Ұйымның Қазақстандағы ұлттық операторы – «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы. Аймақтық олимпиадада негізгі, шығармашылық және футбол категорияларында І орынға ие болған оқушылар ЭКСПО-2017 көрмесінде республикалық WRO-олимпиадасында бақ сынайды. Бұл жерде жеңіске жеткен команда ұлттық құрамаға ілініп, дүниежүзілік робот олимпиадасына қатысады.
Гүлайым Шынтемірқызы, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы