• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Президент 15 Маусым, 2017

Елбасы ЭКСПО-дағы қауіпсіздік үшін алғыс білдірді

110 рет
көрсетілді

Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты қабылдады, деп хабарлады akorda.kz.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына 2017 жылғы бес айдың қорытындысы бойынша елдегі қылмыстық ахуалдың жағдайы туралы есеп берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдары жүргізіп отырған шаралардың нәтижелеріне тоқталып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың сапасын жақсарта беру қажеттілігін атап өтті.

– Жалпы, жағдай жақсарып келеді. Қылмыс жасау 16 пайызға азайды. Оларды ашу көрсеткіші 60-тан 70,2 пайызға көтерілді. 26 мың адамға рақымшылық жасалып, 1200 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылды, – деді Қазақстан Президенті.

Ішкі істер министрі Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астанадағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап, ішкі істер органдарындағы реформалардың нәтижелері жөнінде айтты.

Елбасы Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің ашылуында тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.

– Көптеген мемлекеттер басшылары мен қонақтар қатысқан «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуында қауіпсіздікті қамтамасыз еткен еліміздің бүкіл полиция қызметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне және басқа да органдарға алғыс айтамын. Біз көрменің ашылуын ұйымшылдықпен өткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мұндай іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің айрықша күрделі мәселе екеніне тоқталып, барлық құқық қорғау органдарының жұмысын жоғары бағалады.

– Астанаға облыстардан адамдар жіберілді. Офицерлердің барлығы белгіленген орындарынан табыла білді. Әрқайсысы өзіне тапсырылған іспен айналысты. Барлық салада да кәсібиліктің жоғары деңгейі қамтамасыз етілді, – деді Қазақстан Президенті.

Кездесу соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.