Білезік, құдағи жүзік, өңіржиек, торсық... Қазақтың ұлттық бұйымдарының үлкейтілген формасы әдемі үйлесім тапқан. Тіпті, үлкен экрандардың жиектемелерінің өзі қандай керемет?
Осы форумға кіруге мүмкіндік беретін бейдждер қолымызға тигеннен-ақ сүйсініп едік. «Бір жапырақ» қағаздың өзі ұлттық оюмен безендірілген. Өзіміз ғана емес, 3 мыңға жуық шет ел делегаты қатысатын ауқымды халықаралық шараның ұлттық нақышқа айрықша мән бергеніне қуандық.
Осылайша ұйымдастырушылар отандық компаниялардың көмегімен онынышы Астана экономикалық форумын ұлттық нақышта безендірген екен.
Tet-a-tet алаңдарындағы, холлдағы отыратын дивандардың бәрі ұлттық нақыштағы жабындармен жабылған. Бірнеше залда танымал суретшілердің этно, тарихи тақырыптардағы картиналары да ілініпті.
Әрине, бәрекелді дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Елімізде өтететін халықаралық шаралардың бәрі осыдан үлгі алса деген ниеттеміз. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, әр нәрсе кішкентай дүниеден басталады. Қазақты таныту, қазақты мойындату алдымен ұлттық болмысымызды дәріптеумен құнды.
Әдетте форумға жиналған шетелдіктердің уақыты тығыз болады. Қала аралауға, мүзейлерге баруға уақыт таппайды. 2 күндік осындай шараның арқасында қонақтар қазақтың дәстүрімен, қолөнерімен танысуға мүмкіндік алуда.
Динара Бітікова,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров,
"Егемен Қазақстан"