• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Маусым, 2017

Жаһандық жаңа идеялар алаңы

486 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Х Астана эконо­мика­лық форумы өз жұмысын бастады. Оны ұйымдастырушылар санатында Қазақстанмен қа­тар Бүкіләлемдік банк, Еуро­па Қайта құру және даму банкі, БҰҰ-ның әріптес ұйым­дары бар. Жүйелі түрде өтуі және көтерілетін мәселе­лердің ауқымдылығы мен қаты­су­шы­ларының біліктілігіне сәйкес соңғы жылдары «Қазақстандық Давос» деген атқа ие бола бас­таған бұл форум әдеттегідей екі күнге созылмақ.

Оның жұмысына әлемнің 100 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында танымал саясаткерлер, экономистер және түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Форумда әртүрлі формат бо­йынша 40 сессия өткізу жоспарланып отыр. Әлемдік экономиканың цифрлануы, болашақтың ақылды да орнықты дамушы қалалары, мемлекеттердің жасыл экономикаға көшуі тақы­рыптары бо­йынша пікірталастар ұйымдастырылады. 100-ден астам шетелдік және отандық ло­­гис­тикалық компаниялардың қаты­суы­мен көліктік-логистикалық форум өткі­зіледі.

«Жаңғырту 3.0» сапалық деңгейді көтереді

 Форумдағы алғашқы ірі шаралардың бірі ретінде өткізілген Бүкіләлемдік банктің «Қазақстан: елді жүйелі диаг­ностикалау» атты сессия жұмысына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі. Ол бұл жолғы форумның елімізде өткізіліп жатқан аса ірі халықаралық шара – ЭКСПО-2017 көрмесімен қатар келгендігін және биыл­ғы жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк ынтымақтастығына 25 жыл тола­тын­дығын атап өтті. «Қазақстан мен Бүкіл­әлемдік банк әріптестігі өз жемісін беруде. Ұлттық экономиканы қайта құру, оны ырықтандыру ісіне бұл халық­аралық қаржы институты өз үлесін қосты. Бүкіләлемдік банктің қатысуы­мен елімізде 1300 шақырым жол салынып, Сырдария жағалауын шегендеу, Аралдың солтүстік бөлігін қайта қал­пына келтіру секілді ірі жобалар жүзеге асты», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол қазіргі күні атқарушы биліктің ел Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негізінде жұмыс істеп жатқандығын айтып өтті. «Біздің алдымызда қазір өршіл міндеттер тұр. Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндет бойынша ел­дің жаңа сапалық деңгейде дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бизнес ортаны жақсарту, адам капиталының сапасын арттыру, жаңа менеджмент қалыптастыру, экспорттық-инвестициялық саясатты жүзеге асыру мәселелерін қамтиды. Жүргізілген жүйелі талдаулар бізге  8 негізгі бағытымызды анықтап берді. Олар – отын-энергетикалық кешенді, агроөнеркәсіп кешенін, көлік пен логистиканы, туризмді, сауда саласын, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту. Бұлардың әрбірін жаңа заманның жетістіктерімен қамтуымыз керек. Мәселен, сауда саласында не істеуіміз керек? Бізге қандай сауда керек? Осының бәрі өте маңызды мәселелер. Алдымызда электрондық сауданы қалыптастырып, дамыту міндеті тұр. Жалпы, аталған әрбір бағыт бойынша мақсатты көрсеткіштер белгіленген. Әрбір министр қай жылы қандай нәтижеге қол жеткізуіміз керегін жақсы біледі», деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы үс­ті­міз­дегі жылдың бес айында біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіл­ген­дігіне тоқталып өтті. Экономи­каның басқа салаларының да көте­ріле бастағандығын мәлімдеді. «Пре­зи­денттің «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында алға қойған дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін бізге эконо­миканың жылдық дамуын 2021 жылға таман 5,5 пайызға көтеруіміз керек», деді Үкімет басшысы.

Міне, осы тұрғыда Қазақстан Үкіметінің жұмыстың тиімді жаңа форматына, жаңа идеяларға мүдделі екендігін, Бүкіләлемдік банк әзірлеген «елді жүйелі диагнос­тикалау» жобасынан жақсы үміт күтетіндіктерін жеткізіп, бастамаға табыс тіледі.

Мұнан кейін Бүкіләлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірлері бойынша вице-пре­зиденті Сирил Мюллер Қазақ­стан­ның өзі орналасқан өңір елдері арасынан бірінші болып Бүкіл­әлем­дік банкпен әріптестік орнат­қан ел екендігін атап өтті. Биыл сол ынтымақтастықтың бастау алға­нына 25 жыл толмақ.

«Осы жылдар ішінде Қазақстан өзінің ұлттық экономикасын қай­та құрып қана қоймай, айта қа­ларлықтай табыстарға қол жеткізді. Елдегі кедейшілік деңгейі екі есе қысқарып, орта тап қалыптасып, жетілді. 2006 жылдың өзінде ел табысы ортадан жоғары елдер қатарынан орын алып үлгерді. Қазір Қазақстан Үкіметі сыртқы әлемдегі жедел өзгеріс үстіндегі факторларды есепке ала отырып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды», деді ол.

Сондай-ақ, ол дамудың 5,5 пайыздық деңгейіне көтерілу үшін елеулі өзгерістер енгізудің қажет болатындығын атап өтті. Осы­ған орай, өз көзқарасы бойын­ша, назар аудару қажет болатын төрт бағыт жайында әңгіме қоз­ғады. Олар – бәсекеге қабілетті әрта­рап­тандырылған мұнай экономи­касын дамытуға екпін беретін микроэкономикалық басқа­руды нығайту; қозғаушы күштер­ді мемлекеттік сектор мен мұнай­дан жеке секторларға қарай бағыт­тау; қазіргідей жаһандық жедел өзге­рістер кезеңінде халықты еңбекпен қамту, заңдардың үстемдігі мә­селе­лерінде ерекше икемділік таныту; бәсекеге қабілетті және өзгерістерге жедел бейімделгіш адам капиталын қалыптастыруға мән беру.

Мұнан кейін ұсынылған бейнефильмде Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк әріптестігінің нақты нәтижелері көрсетілді.

Бүкіләлемдік банктің Орталық Азия бойынша бас экономисі Христос Костопулос елді жүйелік диагностикалаудың тұсаукесер есебін жасады. Ол еліміздің өз тәуелсіздігіне ие болғаннан бергі даму жағдайына тәптіштей тоқталып өтті. Онда экономиканың дамуы алғашқы дағдарысты еңсергеннен кейін 10 пайызға дейін көтерілгені, одан 6 пайызға, бертін 1 пайызға дейін түскендігі, соңғы кезде қайта көтеріле бастағандығы, экономика саласында болған құрылымдық өзгерістер, 2007 жылдан бері экономиканы несиелеу көлемінің азая бастағандығы, экономиканы басқаруда мемлекеттің белсенді рөл атқарғаны, былайша айтқанда, бәрі баяндалды. Содан кейін барып көтеріліп отырған мә­се­леге байланысты ұсыныстар айтылды. 

Бас экономист елде жүргізіліп жатқан жекешелендіру үдерісіне қолдау білдірді. Интеграциялану үдерісін күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қоғамдағы оқшауланған топ мәселесін айтты. Оның қата­рына үй шаруашылығымен шұ­ғыл­данушыларды, жеке кәсіпкерлерді қосуға болады екен. Ендігі кезекте Үкімет осы топпен жұмыс істеп, олардың ұйымдасқан жұмысын жақсартуы, қоғамға қосар үлесін нығайтуға қол жеткізуі қажет. Басқа да бірқатар ұсыныс көлденең тартылды. 

Мұнан кейін Парламент Мә­жілісінің депутаты, Астана қаласы кәсіпкерлер ассоциациясының же­текшісі Павел Казанцев, Қазақстан салық төлеушілер қауым­дас­ты­ғының басқарма төрайымы Жанат Ертілесова сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Басқосу соңы залдан түскен сұрақтарға жауап беруге, өзара пікір алмасуларға ұласты.

Жекешелендіру – даму драйвері

Астана экономикалық фору­мы­ның аясында «Самұрық-Қазы­на» қорын жекешелендіру бағдарламасының өркендеуі және оның ел экономикасындағы рөлі» атты сессия өтті. Оны «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма­сының төрағасы Өмірзақ Шөкеев ашып, құттықтау сөз сөйледі. «Қа­зақстанда көлемі бойынша теңдесі жоқ жекешелендіру бағдарламасы іс жүзіне асырылғалы отыр. Оның басты мақсаты – ел экономикасында мемлекеттің қатысу үлесін 15 пайызға дейін төмендету. Бұл же­кешелендіру бағдарламасы бары­сындағы біздің басты мақсатымыз – экономикаға барынша мол инвестиция тарту. Ел экономикасын дамытуды жаңа сапалық дең­гейге көтеру», деді ол сөзінде. Қазақстанда бұл жекешелендіру тізіміне 800-ге тарта компания кіріп отыр. Оның ішінде негізгі 215 компания «Самұрық-Қазына» қорының активтері болып табылады. 

Осы сессияға қатысушы отан­дық және шет ел инвестициялық компаниялары өкілдерінің алдын­да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активі болып табылатын мем­лекеттік компанияларды жеке­ше­лендірудің ауқымы мен тәртібі туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерін оңтайландыру бо­йынша басқарушы директоры Берік Бисенғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша Қордың жекешелендіру нысандары Ас­тана мен Алматы қалаларында, Қазақстанның 14 өңірінде және 19 шет мемлекетте орналасқан. Қор елі­міздің ең ірі 6 ұлттық компаниясының акцияларын жариялы түрде сатылымға шығарады. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Қа­зақстан темір жолы» ҰК», «Эйр Ас­тана», «Қазақтелеком», «Қаз­атом­өнеркәсіп» ҰАК», «Қазпош­та» акционерлік қоғамы кіреді. Баян­дамашының айтуы бойынша, жекешелендірудің №1 тізіміне қордың 48 ірі компания­сы, №2 тізімге қор компаниялар то­бының 167 активі кіріп отыр­ған көрінеді. Ірі компаниялар ак­тив­тері IPO/SPO тәртібі бойынша жекешелендіріледі. 

Жекешелендіру тәртібі бойын­ша жаңа меншік иелері сатып алған кәсіпорындардың негізгі қыз­мет­терін сақтауға міндетті. Активтер тәуелсіз кеңесшілер ұсыныстары бойынша қазақстандық немесе шет ел инвесторларына тікелей сатылуы мүмкін. Инвесторлар ин­вестиция келісімшартында көр­сетілген жұмыс орындарын сақтауға, инвестициялық бағдар­ламаны жүзеге асыруға, технология трансфертін орындауға және компанияға одан әрі инвестиция тартуды жалғастыруға міндетті. 

Сессия барысында спикерлер атап көрсеткендей, Қазақ­стан­дағы бұл жекешелендіру ел эконо­микасының болашағында шешуші рөл атқаратын ерекше жауапты кезең болуы тиіс. Жекешелендіру науқаны алдағы уақытта ел экономикасын дамытудың жетекші драйверіне айналуға тиіс. 

Жасыл экономика жарылқайды

Форум шеңберінде өткен ма­ңызды панельдік сессияның бір­қатары жасыл экономика тақырыбына арналды. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының ұйымдастыруымен өткен сессиялар «Жасыл қаржы­лан­дыру және инвестициялар», «Қазақстанның жасыл қар­жы жүйесі дамуының моделі мен жол картасы» деп аталса, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі, сондай-ақ, Еуропа Қайта құру және даму банкі ұйымдастырған шара «Климат мәселесіндегі сая­сат және Қазақстанда қаржыны жоспарлау үшін оның салдары» деген тақырыпты арқау етті. Ал «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жетекшілік еткен жиын «Жасыл экономикаға көшу жағдайында реттеуші әсерді сараптау институтын дамытудың басымдықтары» тақырыбында өрбіді. Онда әлемдік жасыл эко­номиканың даму қарқындары мен үдерістері жайына кеңінен әңгіме болды. Сарапшылар кәсіпкерлік қызметті реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіре отырып, жасыл экономикаға ауысуға байланысты сын-қатерлерді шешудің жолдарын іздеп, жасыл экономикаға ауысу саясаты шеңберінде кәсіпкерлерге қатысты мемлекет саясатын анықтау туралы пікірлер айтылды. Сессия отырыстарында жасыл қаржыны енгізудің әлемдік тәжірибелері талқыланып, Париж келісімін іске асыруды қолдау үшін Қазақстанның қаржы секторының әлеуетіне шолу жасалды. 

Сарапшылардың пікірінше, жаһанды жаппай жасыл экономикаға көшіру оңай шаруа емес. Оған қажет қаржының да көлемі аз емес екен. Мысалы, 2030 жылға дейін бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 19 трлн доллар қар­жы керек. Бұл анықталған нақты 103 бағыт бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Әрине, бұл − әлемдік деңгейде атқары­латын шаруаның жайы. Ал Қазақ­станда қазіргі күні жасыл эконо­микаға айрықша бетбұрыс бай­қалады. Мұны пікірсайысқа қатысқан шетелдік қонақтар да ай­рықша атап өтті. Оның бір сарасы әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар дер едік.

Инвестицияға икемді ел

Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның ин­вес­тициялық саясаты егжей-тегжейлі ортаға салынып, «инвес­ти­циялық саясатқа екінші шолу» бағ­дарламасы таныстырылды. Құжат елдегі бизнес-ортаны жақсартуға бағытталған.

Еліміздің инвестициялық тар­тымдылығын жақсарту мәселе­леріне арналған сессия барысында, сондай-ақ, Қазақстанның ЭЫДҰ Халықаралық инвестициялар және көп ұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылғаны хабарланды. Осылайша еліміз әлемнің 48-ші мемлекеті болып, шетелдік инвес­торлар үшін қолайлы әрі ашық орта қалыптастыруға ниетті екенін жариялады.

Сессия жұмысына қатысқан еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаи­ров сарапшылар тобының екінші шо­луды дайындау кезіндегі айрық­ша үлесін атап өтіп, олардың қажырлы еңбектері үшін, сондай-ақ Қазақстанға көрсеткен ерекше қолдауы үшін алғыс айтты. «Инвестиция үшін бәсекелестік ешқашан тоқтамайды, біздің міндет осы «күресте» әрқашан да алда болу. Сондықтан, біз атал­ған ұсыныстарды жоғары баға­лаймыз және оны сапалы енгі­зу Қазақстан экономикасын нығай­ту процесінде өте маңызды. Қа­зақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға қосқан үлестеріңіз бен пайдалы ұсыныстарыңыз және жемісті еңбектеріңіз үшін ЭЫДҰ Хатшылығына және әріптестерге алғыс білдіремін», деді Е.Хаиров.

Қазақстан соңғы 5 жылда ЭЫДҰ сарапшыларымен бірге ел­дегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұ­мыс­тар атқарды. Әкімшілік кедергілер жойылып, инвесторларды ынталандырудың тың шаралары енгізілді. Азаматтары Қазақстанға визасыз келіп-кететін елдердің тізімі кеңейтілді. Биыл 1 қаңтардан бастап ондай елдердің саны 56-ға жетті. Сондай-ақ, шетелдік жұ­мыс күштерін тарту жағдайы жетілдіріліп, Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған сот алқасы құрылды. Азаматтық қоғам мен инвесторлар арасында кері байланыс орнату мақсатында бизнесті енгізуге жауапты Ұлттық байланыс орталығы ірге көтерді.

ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес, Бүкіләлемдік банкпен бірге Инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегия әзірленді. Стратегия ЭЫДҰ жаңа ұсыныс пакеттеріне сәй­кес, инвестиция тартудың және инвестициялық ахуалды жақсар­тудың нақты механизмдерін анық­тайды. «Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстар мұны­мен тоқтамайды. Біз Қазақ­стан­ның инвестициялық ахуалын ЭЫДҰ-ға мүше елдердің алдың­ғы қатарлы стандарттарына сәйкес­тендіру үшін барлық күш-жіге­рі­мізді саламыз», деді вице-министр.

Қолма-қол ақша азаяды

Астана экономикалық форумы аясында Mactercard халық­ара­лық төлем жүйесі мен «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығы (АХҚО) Қазақстанда инно­вациялық төлем технологияларын енгізу мен қолма-қол ақшасыз экономиканы дамыту бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Меморандумға Mactercard-тың Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армениядағы басшысы Алексей Ма­линовский мен АХҚО басқару­шысы Қайрат Келімбетов қол қой­ды. Серіктестер қаржы орталы­ғының инновациялық инфрақұ­ры­лымын дамытуды, оның ішінде заманауи төлем технологияла­рын белсенді пайдаланбақ. Мемо­рандумға қол қою рәсімі Астана экономикалық форумы аясында өткен технологиялардың қаржы орталықтарының дамуына әсер етуі туралы сессиядан кейін жасалды.

«Заманауи төлем техноло­гия­ларының кең таралуы кәсіпкерлер, қаржылық ұйымдар мен мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер бермек. Mactercard ұсынатын шешімдер әртүрлі салаларда, мәселен, қала мен аймақты басқару, көлік, қыз­мет көрсету саласы, туристік бизнес, білім саласында пайдаланы­лады. Mactercard пен АХҚО ара­сындағы серіктестік Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз экономиканың дамуындағы маңызды қадам болмақ», деді Mactercard-тың Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армениядағы басшысы А.Малиновский. 

Ал өз кезегінде АХҚО басқару­шысы Қайрат Келімбетов бұл ын­ты­мақтастықты қолдайтындықтарын, себебі сол арқылы қаржы орта­лы­ғының резиденттеріне техно­логиялық және тиімді орта құру бо­йынша сараптама мен халықаралық тәжірибеге қол жеткізе алатындарын атап өтті. Бұл АХҚО-ның сәтті дамуына әсер етеді және Қазақстан бойынша болашақтың ақылды қалаларының инновациялық ин­фра­құрылымының алаңқайы ете алады. Серіктестіктің маңызды бөлі­гі қаржы қызметінің қолжетімді болуын қамтамасыз ететін бірік­кен жұмыс болып отыр, ол өз кезегінде әлеуметтің қаржылық сауаттылығының өзегі болмақ. 

Астана экономикалық форумы аясындағы ауқымды жұмыстар – дөңгелек үстелдер мен панельдік сессиялар, халықаралық шаралар бүгін де жалғасын таппақ. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»  Суреттерді түсірген  Ерлан ОМАРОВ,  «Егемен Қазақстан»