Сессияға төрағалық еткен Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов елімізде ұлттық бірлікті нығайту үшін жасалып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады. «Бүгінгі өмір бүгін бізге жаңа міндеттерді жүктеп отыр, бірақ ынтымақта, үйлесімде өмір сүру – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін маңызды талап», − деді Алтай Сейдірұлы. Өңір басшысы «100 жаңа есім» бастамасы бойынша аймақтың өз тізімі болуы керек деген идеяны көтерді. Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 3 бағытта жұмыс жүргізілетінін, өлкетану, инфрақұрылымдарды дамыту және туған жеріне қолдау білдіретін меценаттарды қолдау қажеттігін баса айтты. Өзінің туған жері – Сарықұдық ауылында амбулатория ғимаратын өз қаржысына салып берген кәсіпкер, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбайұлын мысалға келтіріп, «Біз мұндай патриот жерлестерімізді қолдап, арнайы марапаттап отыруымыз керек. Сондықтан «Өңірдің дамуына үлес қосқаны үшін» деген арнайы белгі жөнінде ереже бекітуді ұсынамын», деді облыс әкімі. Сессия мінберінде Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары, V шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский, Жаңақала аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, Бөрлі аудандық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы, шығыс медицина дәрігері Виталий Ан, «Батыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айгүл Түркина, тағы басқалар сөз сөйледі. Сессия барысында көңіл толқытарлық бір сәт – Бөрлі аудандық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Константиновичтің «Қазақ жеріне тағдыр айдап келген сан ұлтты жатсынбай бауырына басып, барымен бөліскен, тең атаның ұлындай қабылдаған қазақ халқына басымды иіп, тіземді бүгемін!» − деп көптің алдында тізе бүккені болды. Сессия соңында делегаттар Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың ХХV сессияда қойған тапсырмаларын жүзеге асыру, мұны Батыс Қазақстан облысы аудандары мен Орал қаласының әкіміне міндеттеу туралы шешім алды. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ «Егемен Қазақстан»
РАЛ