Спикердің сөзінше, биыл түлектер ҰБТ-ны 5 пән бойынша тапсырады. «Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы 20 тапсырмадан, шекті деңгейі – әр пәннен кемінде 5 балдан және таңдалған мамандыққа сәйкес 2 бейінді пәннен 30 тапсырмадан, шекті деңгейі 15 балдан кем болмауы тиіс. 120 тестілеу тапсырмасы бойынша түлек максималды 140 балл алуы мүмкін. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут уақыт бөлінеді», деді Дархан Ахмет-Зәки. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, арыз жазған. «Олар биылғы мектеп бітірушілердің жалпы санының 71 пайызын құрап отыр. ҰБТ тапсыруға ниетті 69 209 түлек қазақ тілінде, ал 23 618 түлек орыс тілінде тапсырады. ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі. Бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ интернет арқылы онлайн тарату камераларымен жабдықталған», деді департамент директоры. Сондай-ақ, ата-аналарға ыңғайлы жағдай қамтамасыз ету мақсатында 108 пункттегі ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетіледі. Әдеттегідей, ҰБТ өткізу орындарында медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп, ауыз су және тағам өнімдерін сату орындары қызмет көрсетеді. «ҰБТ белгіленген тәртіп бойынша өткізілуі мен ережелердің орындалуын қадағалау үшін тестілеу өткізілетін пункттерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан және колледждердің оқытушылары жіберілді. Ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін ел өңірлерінде жергілікті ЖОО-ның, білім бөлімдерінің, әкімшіліктердің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған мемлекеттік комиссияларды құру қолға алынды», дейді департамент басшысы. Сонымен қатар, ол министрліктің бұйрығымен тестілеу тапсырмалары мен техникалық ақаулықтар жөніндегі апелляциялық арыздарды қарастыратын Республикалық апелляциялық комиссиямен қатар, жер-жерде апелляциялық комиссиялар кұрылғанын атап өтті. «Тәртіп бұрынғыдай, апелляциялық арыздар ҰБТ нәтижелері жарияланғаннан кейінгі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданып, бір күнтізбелік күн ішінде қарастырылады», дейді Д.Ахмет-Зәки. Айта кететін жайт, емтихан материалдары құпиялықты қамтамасыз ету нұсқаулығының қатаң талаптарымен, 99 мың дана таралыммен басылып, буылған.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»