Көрмеге суретшінің целлофан кескіндемесі техникасындағы 30-ға жуық ерекше туындысы мен «Көкжиек» және «Келін» атты 2 инсталляциясы қойылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов бұл көрменің негізгі идеясы айналаны қорғауға, күтуге, аялауға бағытталғанын айтты. Бұл өнер көрмесі бізге тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ойлануға мәжбүр етеді. Айналамызға қарауға, оны күтуге, аялауға шақырады. Менің ойымша, Сәуле Сүлейменованың бұл көрмесі біздің елімізді қойып, тіпті, бүкіл әлемдегі тың бастама», – деп өз пікірін білдірді. Осыған дейін Сәуле Сүлей- менова қарапайым қала көріністерін салумен және натюрмортпен шұғылданып келген болса, 2014 жылдан бастап пластикалық пакеттер арқылы эстетикалық көркемдік шыңына ұмтылуда. Пластиктің мұнай өнімдерінің пайдаланылған қалдығы екені белгілі. Көркемөнер тәжірибесі үшін әдеттен тыс саналатын жай ғана пластикалық пакетті суретші жолақ не тілім етіп кесіп алып, бір-біріне желімдеген. Оған ешқандай бейнелеу өнеріне қажет материал қоспаған, яғни мұнда майлы бояу да, акриль не акварель де жоқ. Көрме авторы целлофан кескіндемесінің технологиясы ойлағаннан қиын, бейнетті жұмыс екенін айтады. Пластик пластикке жабыспайды, сондықтан оны тек «дәнекерлеу» керек. Бұл жұмыс термо пистолеттің және силиконның көмегімен іске аспақ. Көрмеге арнайы келген қонақ «AhmadyArts» тәуелсіз кураторлығының директоры Лиза Ахмади: «Сәуле Сүлейменованың бүгінгі көрмесі мені өте қатты таңғалдырды. Біздің күнделікті көріп, пайдаланып жүрген дүниемізден осынша әдемі туындыларды тудырғаны бас имеуге мүмкіншілік қалдырмайды. Бұл сіздердің жас та жаңа Астаналарыңыздағы жаңа өнердің алғашқы баспалдақтары деп білемін», – деді. Суретшінің көрмесіне жиылған көпшілік пластик целлофандар арқылы жасалған әдемі дүниелерді өнердің жаңа бір көркем тілі ретінде бағалады.
Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»