• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 19 Маусым, 2017

Шағын ел, шексіз энергия

347 рет
көрсетілді

Жер аумағының көлемі бойынша Нидерланд Корольдігін үлкен мем­лекет деп айтуға келмейді. Жер көлемі және халқының саны жағы­нан бұл мемлекет әлемде тиісінше 134-ші және 65-ші орындарды иеленеді. Алайда, экономикалық көрсеткіштері жағынан Нидерланд Корольдігі, бұл елді Голландия деп те атайды, дүние жүзінің көпте­ген елдерінен оқ бойы алда келе­ді. Голландия экономикасы әлеуеті жағынан әлемде 17-ші орын­ды, Еуропалық одақта 6-шы орын­ды иеленеді. Нидерланд мемле­кеті еліміздің елордасында өтіп жат­қан ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­суға ниет білдірген алғашқы мемле­кет­тердің бірі.

Нидерланд Корольдігі павильонын таныстыруға арналған пресс-турда ЭКСПО-2017 көрмесіндегі осы елдің Бас комис­сары Ханс Дриссер БАҚ өкілдеріне павильон жәдігерлерін жан-жақты таныс­тырды. «Біздің еліміз мыңдаған жылдар бойы сумен алысып келеді. Өйткені, Нидер­ланд теңіз деңгейінен көп төмен орна­лас­қан. Соған байланысты біз көрмедегі жәді­гер­лерімізде су энергия­сының, жел энер­гиясының, әсіресе теңіз желі энергиясының қуатын ашуға тырыс­тық», деді ол.  Голландия павильонының жетекшісі Эвелин Бэллдің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға дайындық бары­сында Нидерланд Корольдігінің сырт­қы істер министрлігі елдегі барлық креа­тивті ком­паниялар арасында байқау  өткіз­ген екен. Осы байқау барысында Conspiracysinc агенттігі жеңімпаз болып танылады. Король­­­дік павильонының жарақтандыруы өте қара­пайым және голландықтардың ойлау қабілеті мен өмір сүру дәстүрінен көп мағлұмат береді. Елдің географиялық қоныстануы адамдар тұрмысы үшін қолайлы емес. Алайда, голландықтар өз­дерінің өмір сүруге деген құлшынысы мен ізденім­паз­дығының нәтижесінде асау табиғат­ты игілігіне жаратып, әлемдегі ең инно­в­ациялық елдердің қатарынан көріне білді. Голландия павильоны үш зал­­дан тұрады. Осы залдарға қойыл­ған жәді­гер­лер голландықтардың эконо­ми­калық жетіс­тіктерін барынша паш етуге арналған. Бірінші залда ел­дің экономикалық же­тіс­тіктері, инновациялық технология­­лар бойынша ақпараттар көрініс тапса, екін­ші зал 3D бейне қондырғылар арқылы голландтық өнертапқыштардың ой­лау қабілетінің деңгейін көрсетуге ұмтыл­ған. Үшінші интерактивті павильон бала­ма қуат көздерін ашудағы елдің бүгін­гі жетістіктерінен хабар береді. Мәсе­лен, бүгінде Голландияда өндірілетін энер­гия­ның 4,5 пайызы жаңғырмалы энергия көздерінен алынады. Бұл елде, әсіресе, теңіз желін игілікке айналдыру үшін үлкен жұмыстар атқарылған. Мәселен, Westermeerwind жел стансасының 48 турбинасы бар. Ол сағатына 500 Кв электр қуатын өндіріп, 160 000 үйді жылу және жарықпен қамтамасыз етеді. Елдегі әрбір үшінші пойыз жел күшімен өндірілген электр қуатымен жүреді.  Нидерланд Корольдігі Қазақстан эко­номикасына мол инвестиция сал­ған жетекші мемлекеттердің бірі­нен сана­лады. Ұлттық банк дерегінше, 2005-2006 жылдары Нидерланд елімізге 71,7 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвес­ти­ция құйған. Сонымен бірге, бұл ел Қазақ­станның жетекші сауда әріптесі бо­лып табылады. Бүгінде Қазақстанда Нидер­ланд Корольдігі капиталының қаты­суы­мен 40-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. ЭКСПО-2017 көрмесінің аясын­да голландиялық бизнес өкілдері Қазақ­стан­дағы баламалы қуат көздерін жаңғырту саласындағы жаңа технологиялар бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. 

Топтаманы әзірлеген  Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»