Су мен ғимараттарды жылытуға арналған агрегат күн энергиясын жинайтын пластиналардың көмегімен сәулелерді орталыққа шоғырландырады. Онда орналасқан шыны түтікше түріндегі вакуум Цельсий өлшемімен 900 градусқа дейін қызады да, еденді, бассейнді немесе кішігірім үйлерді жылыта алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылғының 4 кВт болатын қуаттылығы үлкен үйлерге шамасы келмейді. Десе де, күніне 1000 литр суды жылытуға қауқарлы. Аппараттың бірегейлігі сол, күннің орналасқан жерін өзі анықтайды және күнбағыс секілді пластиналарын күнге қарай бұрады. Украиналық өндірушілердің патенттелген тағы бір технологиясы – ультрадыбысты шығын өлшеуіш. Оны газ, мұнай және су құбырларындағы қысымды өлшеу үшін пайдаланады. «Аппарат тетіктеріндегі ультрадыбыстың көмегімен құбырды ашпай-ақ оның ішіндегісін, көлемін және қысымын білуге болады. Ыңғайлы да ықшам шабаданда орналасқан құрылғының қуаты 8 сағатқа дейін жетеді», дейді таныстырушылар. Украина секциясының үшінші жаңалығы – күн сәулелерінен энергия өндіретін қондырғы. Күндізгі уақытта күннен қуат жинайтын пердеше кешкі уақытта бөлме шамының жарығынан да энергия өндіреді. Жиналған энергияны кішігірім тұрмыстық техникаларға қолдануға болады. Атап айтқанда, телефон мен ноутбукті қуаттауға, теледидарды қосуға жарамды.
Асхат райқұл, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»