Елбасының бастамасымен қазір қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде түрлі деңгейде әртүрлі жұмыстар жүріп жатыр. Немістер дәлдігімен, ағылшындар паңдығымен, басқалары тағы басқасымен ерекшеленеді. Ал қазақ несімен дара? Айрықша қай қасиетімізді айырып алып, қаржы салып, ұлттық ұпайымызға қосып қоямыз? Үш қазақтың екеуі – қазақтың қонақжайлығын айтуы мүмкін. Ал «қазақы қонақжайлылық» дегеніміздің анықтамасы бар ма? Қонақ күту стандарты қайда? Жалпы «қонақты қазақшалап күту» дегеннің шарты қандай? Қонақ күтуге машықтанған орын – қонақүйлердің стандарты жұлдыз санына байланысты бөлініп отырады. Мәселен, 5 жұлдызды қонақүйге келген адам 5 жұлдызды қызмет көрсетіледі деп келеді. Ал қазаққа (ЭКСПО-ға) қонаққа келген шетелдік қандай жағдайды күтеді? (Мұнда «қонақ» деп тек шетелдің азаматын меңзеп отырмын) Сондықтан, бірер апта турист болып еліне оралған шетелдік еліне келген соң, аңыз етіп айтатын, басқа елде жоқ қонақжайлылық стандарты қажет. Себебі, әр шетелдіктің еліне оралған соңғы әңгімесі бір-бірін жоққа шығарып емес, қолдап жатуы үшін де бір үлгі қалыптастырған жөн. Егер қоғамдық сана жөніндегі әңгімеге қонақжайлылық еніп жатса, осы жағдай ескерілсе. Қонақжайлылықты зерттеп жүрген ғалымдар оның неше түрлі бағытын жіліктеп жатады. Соның бір бағыты – асxана. Қонақжайлық – дастарxанмен шектелмесе де, дастарxан – қонақ күтудің негізгі бөлігі. Сөздің басын асxанаға бұрсақ, қазақтың тағамына тойып, дәмі аузында қалған шетелдік қонақ бір жылдан соң, аңсары ауып, Астанаға емес, басқа қалаға келді делік. Әлгінің тамағының дәмі бір жыл бұрын жегендей бола ма? Әңгіме міне осында. Туристтерге қызмет істеп үйренген түрік бауырларымыз «Түрік мейрамxанасы» деген ұғымды қалыптастырды. Кез келген елде такси ұста да, «түріктің мейрамxанасына апарып таста» деп бұйырсаңыз, қалауыңыз орындалады. Әлгі таксист түріктің түрін ажырата алмауы мүмкін, бірақ асxанасын біледі. Себебі, түрік мейрамxанасы белгілі стандарттармен қызмет етеді. Тамағы алдыңызда бұрқылдап жайылып жатады. Адана кебап Түркияда да адана кебап, Америкада да сол. Бәрі – бірдей, қызметі – жылдам, құны – арзан. МакДонольдс бизнес моделін осы үш өлшемге құрған: «бірдей», «жылдам» және «арзан». Осы үшеуінің басын қоссаңыз, не сатсаңыз да өтіп кететінін бургерлер дәлелдеді. Бургердің қасында, ұлттық асxананың дәстүрі бар, тариxи тағамдары бар, салт-дәстүрі бар, оған сай сән-салтанаты тағы бар дегендей. Арыға бармай, кіндігіміз бір өзбек мейрамxаналары да өзіндік орын алды. Алматыдағы «Узбечкаларды» айтпағанның өзінде Нью-Йорктің өзінде оншақты өзбек мейрамxанасы бар. Америкадағы қазақтар Қазақстанға деген гастрономиялық сағынышын өзбек ағайындардың асxанасына барып басып жүр. Мәселеге осы тұрғыдан келіп, қазақтың қонақжайлылығын дастарқан мәзірін жүйелеуден бастасақ. Ет асасың ба, жайманың қалыңдығы, көлемі, екі келі жаймаға неше келі ет салу керек; оның тұздығы, ет түсіретін табағы, басқасы... Қазақ мейрамxаналарына тән стильдік бағыттар бөлек әңгіме... Әлі дастарқан мәзірін шешіп алмай, қазақтың қонақжайлылығымен қалай мақтанбақпыз?! Қазақ тағам академиясының жанынан ба, басқа оқу орнынан ба, қазақ мейрамxанасының тұжырымдамасын жасап, мәзірінен дизайынына дейін жіліктеп, әр елшінің қолына ұстатса ғой, шіркін! «Міндетің Қазақстанды таныту ма, елге инвестор тарту ма, міне, елші болған еліңнен кемінде бір мейрамxана ашуға ықпал ет» деп. Аузы бар адам баласының кез келгенінің жүрегіне асxана арқылы жол табуға болады. Қазақстанға мыңдап-миллиондап туристер тарту үшін асқазанға барар жолдың жұмысын жөндеп алған жөн сияқты көрінеді де тұрады.
Шыңғыс Мұқан, Гарвард университетінің студенті
АҚШ, БОСТОН