• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2011

Тоқтар Әубәкіров: «Қазақтың намысы екенімді ұққан күнім...»

3631 рет
көрсетілді

2 қазан – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшқан күні – Осыдан 20 жыл бұ­рын­ғы Байқоңыр ғарыш айла­ғын­да ұшыру алаңындағы кө­рініс дәл бүгінгідей, айна қатесіз көз алдымда... Таңғы сағат 07.00... Монтаждау-сы­нақ ғимаратының алды... Қол­дарында қобдиша ұста­ған және ақ сауыт киген үш ғарышкер қорбаңдай басып келеді... Еліміз әлі тәуелсіздік алмаған кез... Сіздің есіңізде не қалды? – Иә, ол көрініс менің де есімде. Бәрі көз алдымда. Мемлекеттік комиссияның төрағасы генерал Иванов Президентімізді алға шығарды. Елбасы өзі­мен бірге одақтас респуб­ли­ка­лар­дың алты президентін ертіп келіпті. Бәрінің жүзі та­ныс. Оған қосымша олардың қатарында Австрияның федеральді канцлері Франц Враницкий де тұрды. Халық көп екен. ...Неге десеңіз, қазақтың тұңғыш ғарышкері сапарға аттанып бара жатты, еліміз әлі тәуелсіздігін алған да жоқ еді. Бірақ, соған дайындалып жат­қан... Бір сөзбен айтқанда, бұл күн менің бүкіл қазақтың намысы екенімді мықтап ұққан күнім еді!.. – Кешіріңіз... сол кезде сіз Президентке қазақша баянат жасадыңыз. Екі ауыз қазақ­ша сөзді қатесіз айтқанмен, қи­налып-қиналып жеткізді­ңіз. Кейінгі жылдары қазақ­ша­ңызға бір ауыз орысша сөз қоспай өте мұқият сөй­лей­тін болдыңыз. Осыған өз басым қатты таңқаламын... – Бұл да намыстың арқасы. Біле-білген жанға, тіл – дегеніміз намыс. Мен – намысты бірінші орынға қоятын жанмын. – Осы орайда, осы күні ға­рышта атқарған жұмы­сы­ңыз туралы еске түсіріп өтсек артық болмас? – Ұшардың алдында өзі­міздің Қазақстанның ғалым­да­рымен бірлесіп ғарышта жаса­ла­тын тәжірибелерді пысықтап алған едім. Орбитадағы стансада еліміздің жер бөлігін суретке түсіруден басқа ғылыми тұрғыда медициналық, биоло­ги­ялық тәжірибелер жасадым. Пробиркалардағы суспен­зия­лар­ды араластырамын деп, тіпті, ғарышта саусақтарыма сүйел пайда болған... – Сіздердің экипаждың ғарыштан ауыр оралғаны есімде... – Оның бірінші себебі, стан­садан бөлінетін шар-ка­бина қалыптағыдай емес, Жерге төң­керіліп түсті. Шарды арнайы ұстайтын белбеу үзіліп кетіпті. Кейін мәлім болғандай, отыз жылдың ішінде мұндай апатты оқиға небары екі-ақ рет қай­та­ланған екен. Біз соның екіншісі болып құжатқа қатталдық. – 1986 жылы сынақшы-ұш­қыш ретінде әскери ұш­ақ­ты «Тбилиси» бірегей крейсеріне қондыру сәтінде 250 шақырым жылдамдықпен келе жат­қан ұшақтың ілгекке ілініп қалт тұра қалу кезінде желкеңізге зақым келгенінен хабардар­мын.  Жоға­ры­дағы жерге қону апатында да ден­сау­лығыңызға сондай зиян кел­ген шығар? – Иә. Ол, әсіресе, бертінгі кезде білініп жүр. – Мысалы, салмақ­сыз­дық жағдайында б­ұ­рын сынған, шы­ты­на­ған сүйектің жары­ғы босап, ажырап ауырады дейді дәрігерлер... – Қанша жылдан соң аса білгір бір қытай дәрі­гері менің, сондай өзің айтқан, зақым­дан­ған мой­ын омыртқамен ғарыш­қа барып келгеніме қайран қа­лып, сенбей қойғаны бар... Бір­ақ, сол Жерге қон­ған күні біздерді қалаға алып келіп, медкомиссия тексеруден өткізді. Франс­тың да, командиріміз Сан Са­ныч­тың да қан қысымы төмен­де­мей қойды. Волков бұған дейін ғарышта бір рет болып қайт­қан адам ғой... Менің бір­қалыпты жүрек қағысыма «өте жақсы» деген баға қойылды. Жеті күннен соң Мәскеуде үл­кен комиссия денсаулығы­мыз­ды тексергенде: «Тоқтар Әубә­кіровке ғарышқа бүгін қайта ұшса да ол бұған жарап тұр», деген ресми мәлімдеме берді. Ал енді бұл сауал төңіре­гін­де­гі әңгімені осымен доғарайық. Ұшып келгеннен кейінгі мен көрген құрметті қазақ халқы­ның көңілін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Содан кейін мен жер бетінде елдің шын жүрегінен шыққан ықыласын көруден артық бақыт жоқ деген ой түйдім. Тек қазақ қана өзі­нің жақсы көрген адамын, сүйіктісін құрметтей алады. – Сөз ретіне қарай айта кетейін, оқырманның сізбен бірге ұшқан әріп­тесі­ңіз­бен, тұңғыш австриялық ға­рыш­кер Франц Фибекпен бай­ланысыңыз туралы білгісі келетіні ақиқат. Сіздер ұш­қан күні оның сәбиі дүниеге келіп еді ғой? – Ол туған Отаны Австрияда, Вена қаласында тұрады. Жаңа технологияларды өнді­ріс­ке енгізу саласында қызмет етеді. Тұрмысы түзу, табысы тәуір бизнесмен. Таяуда, өткен айдың 7 қыркүйегінде Мәс­кеу­де қауыштық. Кезекті бір кездесу десе де болады. «Космос» қонақ үйінде бірге демалдық. Қызы Каринаны ерте келіпті. Студент. Туысын көргендей құ­шақтап жатыр. Ертең, 2 қазан күні 20 жасқа толады. Егемен Қазақстанмен жасты, құрдас деген сөз ғой бұл. – Тұңғыш қазақ жігітінің ғарышқа шығуын біздер, әсі­ресе, қазақ журналистері өзі­міз ұшқандай сезімде жаз­дық. Арада жиырма жыл өтсе де сол екпінмен жалықпай, жа­ры­са айтып келеміз. Тарих­шы­ларымыз да бұл ұшуға өз бағасын берді. Олар қазақ ұланының ғарышқа ұшуы 1986 жылғы Желтоқсан көте­рі­лісінен кейін жүні жығы­лып, еңкейген қазақтың ба­сын көкке көтерді, рухын ас­пандатты деп кітапқа кіргізді. Оқиғаның басты кейіпкері ретінде бұған алып-қо­са­рыңыз бар ма? – Желтоқсан оқиғасы на­мыс­тың оқиғасы болды ғой. Бас­қасын былай қойғанда, күн­делікті өмірде – дүкендер мен мекемелерде, мәдени орталарда орыстардың қазақтарға қы­рын көзбен қарауы болғаны жасырын емес. Халықтың ара­сына сызат түсті. 1987 жылы 23 ақпан күні – Қызыл армияның құ­рылған күні қарсаңында мен 1986 жылғы қарашадағы әс­кери тапсырманы үздік орын­дауыма байланысты Кеңес Ода­­ғының Батыры атағын алуым керек еді. Горбачевтің көзі тірі, КСРО-ның ең озық ойлы аза­мат­тары қол қойған ұсыныс құ­жатқа пысқырмай, «қазақтың аты жазылған» деп лақтырып жіберген. Мұны мен сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының хатшысы Менте­ша­швилидің өз аузынан естігенмін. Ол туралы өзің де «Тұң­ғыш» атты кітабыңның «Горби» бөлімінде жаздың. Қыз­метте немесе басқа орын­дарда маған ешкім бөтен көз­қарас танытқан емес. Бірақ та... өз басым сол кезеңде алыс­тамын ғой... Өте қатты қина­лып жүрдім. Іштей жас­тары­мыздың ерлігіне сүйсінетінмін, көзіме жас келетін. – Қалай десе де, қолдан жа­салған кедергілерге қара­мас­тан,  ең үздік әскери сынақшы-ұшқыш ретінде бәрібір қыр­қыңызда қыр асып, Кеңес Ода­ғының Батыры атағын алды­ңыз. Ғарышқа екінші рет ұш­қандарға бұрынғыдай Батыр ата­ғының берілмейтін қағи­да­тын біздер мектеп қабыр­ға­сын­да жүргенде-ақ жақсы білетінбіз. Бірақ, сіз ғарышқа бірінші рет ұшып отырғанмен, Гор­бачев сондағы ерлігіңіз үшін Кеңес Одағының Батыры атағын қимай, «Октябрь Рево­лю­циясы» орденімен шектелді. Есесіне, тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын иелендіңіз. Бәрібір екі мәрте Батырсыз. Осындай аса құр­метті атақты халық алдында алып жүрудің де өз жауапкершілігі болатын шығар... – Әрине.  Батырлық атақты көтеріп жүру үшін де Батыр болу керек! (Күлді.) Мен де пендемін. Барлық Батыр атағын алған адамдар да дәл мен секілді жауапкершілікті жүрегімен сезінетініне кәмілмін. Олар да ет пен сүйек­тен жаратылған ғой. Бірақ, нағыз батыр болғың келсе, халықтың ойынан шығуың керек. Халық қалай ойлайды? Білесің бе, халық батырлар үшін белгілі бір шектеу­лі төртбұрыш жасап қойған. Сіз сол төртбұрыштан шыға алмай­сыз. Жүргенде бойыңызды тік ұстап, аяғыңызды нық басуыңыз керек. Әрбір кездесуде елдің сый-сияпатына лайықты мінез таны­туға міндеттісіз. Аспайсыз-тас­пай­сыз. Анаңнан туғанда мінезің басқа шығар, бірақ ол мінезді де өзгертуге тура келеді. Бұл мәсе­леде өз басым көп қиналмадым. Себебі, менің титтей кезімнен алған тәрбиемнің әсері еді ол. Енді бұл туралы көп айта беру де елден ұят шығар... – Айтпақшы, Тоқтар аға, сіздің қазақтың ғана емес, Түр­кияның да тұңғыш ғарышкері екеніңізді екінің бірі біле бермейді. Белгілі қайраткер-жур­налист Ахмед Аляз: «Ғарышқа ұшу біздің елдің ежелгі арманы болатын. 1970 жылы бір түрік азаматы түріктің болашақ тұң­ғыш ғарышкеріне арнап хат та жазған. Сол жайында Тоқтар ағамыз хабардар», деп еді... – 1986-1987 жылдары Түр­кия­да «Жаңа ғасыр – миллениумға үндеу» тастаған науқан болады. Оған 12 мыңдай хат жазылыпты. Соның ішінде Ататүріктен бастап түркі әлемінің барлық атақты ұл-қыздарына арналған хат бар. Ыс­тамбұлдың тұрғыны, 4 сынып оқу­шысы Байрам Кая 1987 жыл­ғы 21 қазандағы хатын түріктен шыққан болашақ тұңғыш ғарыш­керге арнапты. Онда: «...тек қана сіздің арқаңызда түркі халқы­ның көп жылғы арманы, Түркия­ның тұңғыш Президенті К.Ата­тү­ріктің болашақ – авиация мен ға­рыштың еншісінде деген ұлы арманы орындалды» делінген. Бұл үлкен комиссияға ұнайды. Сол күнді ерекше күтеді. Бірақ, түрік халқынан ғарышкер шық­пады. Содан соң комиссия әлемді назарға алып, түрік халқы менің есімімді таңдайды. Мені Анкараға шақырып өте үлкен жиын болды. Түркияның Байланыс ми­нистрі­нің орынбасары сол жиында ма­ған Ататүріктің өз қолымен сал­ған үлкен марканы табыстады. «Міне, сіз бүгіннен бастап Түр­­кия­ның тұңғыш ға­рыш­керісіз!» деп құрмет жасады. – Қазір 200 мың еуро­сы бар кез келген жер бетінің азаматы үшін ға­рышқа барып қайту бұйым болмай қалды. Оқыр­манға ракетаплан туралы ай­тыңызшы. – Америкалық миллиардер өзі­нің орасан зор қар­жы тұратын идея­сы мен жобасын ұшақ жа­сай­тын конструкторлық бю­ро­ға берген болатын. Оның еш құпиясы жоқ. Талапкер азамат сол ұшақ­пен-ақ, ракетаплан деп аталады, ғарыш көгіне көте­­рі­леді. Салмақсыздық жағдайын басынан өтке­ріп, Жер шарына ғарыш­тан көз салады. Содан бел­гілі бір жерден кері қай­та­ды. Ол кісінің кім қашан ұша­тынын белгілеген тізімі, жи­наған ақшасы бар... Бірақ та, бұлайша ғарышқа көтерілген аза­матты ғарышкер немесе ғарышкер-турист деп те атай алмайтын шығармыз. Олардың есімдері әлемдік ғарышкер­лер­дің тізіміне ілінбейді. Өйткені, кезінде ондай ұшудың белгілі бір көріністерін әскери ұшақ­тар­ды сынаған кезде өз ба­сы­мыздан өткергенбіз. 30-40 ша­қы­рымға дейін биік көте­рі­ліп ауасыз кеңістікке барған ұшақ төмен құлдилайтын. – Бұл, демек, жай хобби болды ғой? – Иә, иә... хобби! Ғарыш­керлік – күрделі қызмет. Ха­лық­аралық ғарыш ұйымы олар­ға ғарышкерлік мәртебесін бермеуі де сондықтан. – Қазіргі Қазақстанның ға­рыш саласындағы талпы­нысы қай дәрежеде? Кейбір қоғамдық ұйымдар Қазақ­стан­да ғарыш айлағының бо­луын қаламайды, айлақ­тың зор зияны мен залалын алға тартады? – Біз бұл орайда аса ма­ңызды бір жәйтті мықтап есімізде ұстауымыз керек. Ғарыш дегеніміз, бұл – жаңа технология. Ол күн сайын өсіп, өзгеріп тұрады. Бір орында тоқтап қал­майды. Сондықтан да Қазақ­станда жасалып жатқан ғарыш саласындағы барлық салалық қызметті мен екі қолымды көте­ріп қолдаймын. Үкіметтен қаражат бөлініп жатыр, аз да шығар, бірақ бұрынғымен са­лыс­­тырғанда тәуір. Ауқым­­ды жобалар қарасты­ры­л­ып, жұ­мыстар жасалуда. «Бола­шақ» бағ­дар­ламасымен немесе өз есебінен шетелде оқып келген патриот жастарымыз са­ла­ға көптеп тартылуда. Бұл – дұ­рыс. Бай­қоңырды қазақтар түбі толығымен игеретініне менің еш күмәнім жоқ! – Тоқтар Әубәкіровтің аты аталса, «тұңғыш ғарыш­керіміз жылқы бағып жүр екен» деп қойып қалу дағ­дыға айналды. Осыған байланысты не айтасыз? – Жылқы деген қазақтың жаны ғой. Мен сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін. Ол менің, өзің жаңағы айтқандай, хоббиім. Ал одан тыс кезде дейікші... Қазір ІТ-ақпараттық технологиялар заманы. Мен үйде де, түзде де сол мәселемен ай­на­лы­су­ға машықтанғанмын. «Тұ­ран-Астана» университетінде осы сала бойынша дәріс оқимын, ректордың кеңесші­сі­мін. Қол қусырып отырған жоқ­­пын. Қа­зан­ның 4-5-і күн­дері Алматыда Қазақстанның ға­рыш зерттеу институты Ал­ма­тыда үлкен ғы­­лыми-прак­ти­ка­лық конференция өткізеді. Со­ған қа­ты­са­мын. Институт­тың 20 жыл­дығы мен қазақ­тың көр­некті ғалымы Өмірзақ Сұл­тан­ғазин­нің 75 жылдығы тұспа-тұс келіп тұр... – Тоқтар аға, әңгімеңізге көп рахмет. 45 жасыңызда ға­рыш көгіне шығып, қазақ­тың рухын көтерген күніңіз­дің 20 жылдығы құтты бол­сын! Талғат СҮЙІНБАЙ, журналист. Алматы.