Мемлекеттік хатшы кездесу барысында Ато Браун Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі болып тағайындалуымен құттықтады. Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Дүниежүзілік банк тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бері елімізбен байланыс орнатып, экономиканың күрделі кезеңдерінде әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Биыл екіжақты ынтымақтастыққа 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Дүниежүзілік банктің қолдауымен жалпы құны 8,1 млрд АҚШ долларын құрайтын 46 жоба іске асырылған. Олардың көбі автомобиль жолдары, білім беру, денсаулық сақтау, инновация, орта және шағын кәсіпкерлік секілді маңызды салаларды қолдауға бағытталған. Мемлекеттік хатшы бүгінге дейінгі бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижелі болғанын атап өтіп, бұл саладағы әріптестік әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын бизнесті дамытуға, әлеуметтік саланы өркендетуге қатысты Дүниежүзілік банкпен бірқатар келісімдер жасалған болатын. Солардың барлығы сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Қазақстан Үшінші жаңғыруға қадам басты. Еліміз экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына, цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет дамуындағы мұндай маңызды міндеттерді жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк те өзіндік үлесін қосып, қолдау білдіретініне күмәніміз жоқ, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Өз кезегінде Ато Браун бұл кездесудің маңызы үлкен екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 2012-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық құжат қорытындыланып отыр. Келесі жылдан бастап, екіжақты әріптестік қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, байланыс салаларының ауқымы кеңейе түспек.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның үшінші жаңғыруын және осы мақсатты жүзеге асыру жолындағы басым бағыттарды қолдауға әрдайым дайын. «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға талпынып отыр. Сондай-ақ, жасыл экономиканы дамытуға, баламалы энергия көздерін өндіруге деген ықыласы да жоғары. Біз өз тарапымыздан Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға, тікелей инвестиция тартуға қолұшын беретін боламыз. Қазірдің өзінде энергия үнемдеуді арттыру бағытындағы жалпы сомасы 24 млн АҚШ долларын құрайтын жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта Энергетика министрлігімен бірлесіп, тағы бірқатар жаңа бастамаларды талқылауды жоспарлаудамыз», деді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі.
Кездесудің соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі қарқынына ризашылығын білдіре келе, Дүниежүзілік банктің ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету жолындағы еңбегін жоғары бағалады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»