Әбдімәжит табиғатты тамашалап, велосипедпен серуендегенді жақсы көреді. Тынбай еңбектеніп, өзінің арманын жүзеге асыру үшін екі жыл бұрын 350 мың теңге тұратын спорттық велосипед сатып алған. Алдымен велосипеді мен өзін сынап көрмек болған Әбдімәжит 100 мың теңге көлеміндегі қаражатқа жолға қажетті құрал-жабдық алып, Қазақстанның жеті облысын аралаған. «Оралдан Астанаға жету үшін велосипедпен он күн жүрдім. Жол бойындағы дәмханаларға аялдап, телефонымды қуаттасам, табиғат аясына шатыр құрып тынықтым», дейді саяхатшы.
Әлбетте, екі мыңға жуық шақырымды артқа тастау оңай емес, Әбдімәжит жолда тамақтан уланып, қатты ауырғанын да жасырмады. Қиын сәтте Макинка ауылындағы қарттар үйінің дәрігері асқазанын шайып, қажетті ем-дом жасаған. «Ұсынған ақшамды алмай қойды. Осындай мейірімді жандардың бар екенін көргенде қуандым», деген Ә.Қарабаев сапарының соңы бұл емес екенін де әңгімеледі. Енді еліміздің оңтүстігіне сапар шеккен велосипедші қос дөңгелекті теуіп, қажылыққа баруды армандайды. «Астанада екі күн болып, этноауыл» мен көрмені тамашаладым. Бәрі ұнады, көңілімнен шықты. Енді Қарағандыға бет алып, Тараз, Шымкент, Қызылорда арқылы Оралға жетуді жоспарлап отырмын. Бүкіл Қазақстанды велосипедпен аралап шыққым келеді, күш-қуатым жетсе, қажылыққа да барсам деймін», деді алдағы жоспары жайында саяхатшы.
Желқалақтың желісі
Қазақстандық инженер Блок Шайкенов қолданыстағы жел генераторларынан екі есе қуатты жаңа қондырғы ойлап тапты. ЭКСПО-2017 көрмесінің үздік тәжірибелер павильонына қойылған жаңа өнертабыс «Қайқы желқалақ» деп аталады. Жел энергиясын анағұрлым көбірек өндіруге мүмкіндік беретін туынды алғаш рет көрме қалашығында таныстырылды.
Автор қондырғыны жасау үшін он екі жыл уақытын сарп еткен екен. «Айналып тұрған жел қондырғыларын ең алғаш рет 2005 жылы Калифорнияда көрдім. Сонда олар желдің барлық күшін пайдаланбай тұр-ау деп ойладым және бұл ой көпке дейін санамнан кетпей қойды. Артық күш түсірмей, қалақшаларды ұзартудың жолын іздедім. Бес-алты жыл арнайы әдебиеттерді оқыдым, үш жыл кітапханаға барып, жел қондырғысына қатысты шетелдік патенттермен таныстым. Өз қиялымдағы тетікпен сәйкестік жоқ екеніне әбден көз жеткізген соң, жұмысымды бастап кеттім», дейді өнертапқыш.
Инженер желқалақтарды ұзарту үшін қондырғының тірегі мен желқалағы арасына екі түтікшені қиғаш орналастырған. Содан кейін Алматының іргесіндегі Қапшағай маңында екі түрлі қалақты сынақтан өткізген. Нәтижесінде, қайқы желқалақ түзу желқалақтан екі-үш есе жылдам айналған және желден алынатын энергия көлемін еселеп арттырған. «Бес жыл бұрын жаңа қондырғының жобасын жасадым. Бір жылдан астам уақыт патент жазып, Қазақстанның тиісті мекемесіне жібердім. 2014 жылы бес патент алдым. Енді халықаралық патент алу үшін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына өтініш жібердім», деген идея авторы қайқы желқалақты кез келген стансада қолдануға болатындығын айтты.
Топтаманы әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»