Жаңа оқу жылы басталғалы да бір айдан асты. Шәкірттеріміз сүйікті мектебіне келіп, ұстаздарынан білім алуда. Біздің білім ордамыз бұрынғы ескі жобамен салынған. Бірақ ұстаздарымыздың ерекше ынтасының арқасында білім сапасы жыл сайын өрлеп келеді. Мысалы, физика пәнінің мұғалімі Марал Жұмаділ республикалық ғылыми жобалар жарысында Панфилов ауданының тарихында бірінші рет күміс жүлдегер атанса, 2010-2011 оқу жылында қазақ тілі пәні бойынша өткен облыстық олимпиадада Гүлмарал Қаратаева үшінші орынды иеленді. Мұндай жетістіктеріміз аз емес. Осындай жұмыла істеген жұмыстың нәтижесі шығар, мектебіміз аудан бойынша «Ең үздік ауыл мектебі» атанып, екінші орынды иеленді. Биылғы тамыз айында аудан әкімі Е.Келемсейіт Дарбазақұм орта мектебінің жетістігіне жоғары баға беріп, жаңа үлгіде салынған, заманға сай техникалық базасы жеткілікті мектептерге үлгі ретінде таныстырды. Бұл да біздің мерейімізді өсірді. Ұстаздарымыз білім берумен ғана шектеліп қалмай, әдістемелік құралдар шығарумен де көзге түсіп жүр. Солардың қатарында биология пәнінен өзінің озық тәжірибесін жастарға таныстыру мақсатында кітапша шығарған Жұмабике Өмірбаеваның ізденісін ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі біздің тәуелсіздіктің 20 жылдығына деген тартуымыз.
Майгүл ҚҰТТЫҚОЖА, Дарбазақұм орта мектебінің директоры.
Алматы облысы.