• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Маусым, 2017

Мадиярлар атажұртқа ат басын бұрды

610 рет
көрсетілді

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау мақсатында елордаға ат басын бұрған венгриялық мадия­р бауырлар өздерімен бірге байырғы көшпенділердің ұлы даладағы рухын да ала келіпті.

«Қазанат» атшабарында ұйым­дастырылған осынау ма­ңызды шараны Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани сияқты саяси тұлғалар да көппен бірге тамашалады.  Қазақ-мадияр мәдени бай­ланысының негізін қалаған қай­­раткер-ғалым Иштван Қо­ңыр­­дың мәлім етуі бойынша, мадиярлардың атажұрты – Қа­­зақстан. Шамамен V-VI ғасыр­ларда атақты Еділ патша құрған Батыс Ғұн мемлекеті қожыраған тұста Арпад бас­таған далалықтардың жеті тайпасы қазіргі мажар жеріне келіп қоныстанған.  Сондықтан да мадиярлар байырғы атажұртын аңсайды, мыңдаған жылдар бұрын баба­ларының ізі қалған ұлы даланы келіп көрмесе көңілдері көншімейді.  Сөйтіп, байырғы бабалар рухын көтеру үшін сырнайлатып-кернейлетіп атқа қонған мадияр бауырлар ғұндар заманындағы қылыштасу өнерін көрерменге ұсына отырып, садақ атудың әртүрлі үлгісін көрсетті. Алды­мен тізерлеп отырып садақ тартты. Одан кейін аттың үстінде айнала шауып жүріп нысана көздеуден шеберліктерін бай­қатты. Сүрең салып дүркірей шапқан мергендердің адырнадан атылып шыққан оқтары мүлт кеткен жоқ. Астанаға мадиярларды бас­қарып келген «Мадияр – Тұран қорының» президенті, кеше ғана бас сүйегі табылған Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтірген антрополог Биро Ан­дрош мырзаның айтуына қарағанда, бұл сапардың басқа да алға қойған мақсаттары бар­шылық. Әуелі, осыдан 10 жыл бұрын Торғай өлкесінде өткен қазақ-мадияр ағайындардың алғашқы құрылтайының даталы мерекесін атап өту үшін алдағы күндері Қостанай облысы, Жангелдин ауданы же­рінде нақтырақ айтқанда, Саға, Қызбел, Бидайық ауылда­рын­да қосымша мәдени шаралар ұйымдастырылып, Ы.Ал­тын­сарин атындағы Ар­қа­лық мемлекеттік педа­гоги­калық инс­титутында үл­кен ғылы­ми конференция өткіз­бекші.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар