• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2017

Таразда алаштануға арналған тың ғылыми еңбектер жарық көрді

173 рет
көрсетілді

Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толады. Атаулы дата қарсаңында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Алаш және ұлт қайраткерлері», «Алаш және ұлт әдебиеті» атты кітаптар жарық көрді.

Монографиялық еңбектерде қазақ зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, жандандыру мәселелері қарастырылған.

Атап айтқанда, «Алаш және ұлт әдебиеті» оқу-әдістемелік құралында XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы мен даму үрдісіндегі өзіндік ерекшеліктері, сол кезеңдегі түрлі әдеби бағыттағы ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жан-жақты сараланған.

Сонымен қатар, оқу құралында студенттердің білімін тереңдетуге арналған тест тапсырмалары ұсынылған. Кітап жоғары оқу орындарындағы «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» пәні мен жалпы орта мектептердің жоғары сыныптарында жүргізілетін «Алаштану» курсын оқытуда қолданылады. Ғылыми еңбек авторлары – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова мен ғылым магистрі Еділбек Әбдімомынов.

Ал қазақтың даңқты перзенттерінің ұлттық тіл мәдениеті мен ойлау жүйесіне, этнопедагогика саласын қалыптастыруға және әдебиет пен мәдениет салаларына қосқан үлестері «Алаш және ұлт қайраткерлері» монографиясында кеңінен қамтылған.

Кітап авторларының айтуынша, ғылыми еңбекте Тәуелсіздік, халықтар бірлігі сияқты құндылықтар өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектеріндегі орамды ойлармен байланыстырыла отырып зерделенген. Сондай-ақ, болашақ ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі Алаштың арда азаматтарының пайымды пікірлерінің түйіндері сараланған.

– Тәуелсіздік қоғамдық өмірге, әлеуметтік салалар мен мәдени-рухани арналарға көптеген өзгерістер әкелді. Жаңашыл бағыттар мен іргелі ізденістерге мүмкіндік берілді. Ұлт тарихын танып-таразылауға, танымал тұлғалардың кезеңі мен қызметін, өмірі мен шығармашылық мұраларын зерттеп-зерделеуге жаңа көкжиектер ашылды. Біз төл тарихымызды толыққанды танып білуіміз үшін ең алдымен, қазақтан шыққан белгілі тұлғалардың еңбектерін көпшілікке кеңінен насихаттауымыз қажет. Бұл ғылыми еңбектер Алаш ардақтыларының қарымды қызметі мен мұраларын танытуға сүбелі үлес қосатын дүниелер, – деп атап өтті Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.