«Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астана маңында этноауыл мен экоауылдан тұратын белдеу құруды ұсынған болатын. Осы мақсат аясында біз де назарларыңызға ұлттық салт-дәстүріміздің өміршең үлгісін ұсынып отырмыз. Міне, бүгін кемеңгер бабамыз Қорқыт атаның басында осындай этноауылдың ашылуы және алдағы уақытта оның жұмысымен көптеген шетелдік туристердің танысуы Сыр елінің мәртебесін биіктетеді. Бүгінгі қуаныш – тәуелсіздіктің, Елбасының ерен еңбегінің жемісі. Бүгінгі мереке – Қорқыт бабадай абыздың асыл арманының ақиқатқа айналғанының белгісі», деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Сыр елінен 75 мыңға жуық адам Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау мақсатында Астанаға баруды жоспарлап отыр. Облыс бойынша 250 ардагерге, 2900 әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін жолдама берілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің қабылдауында болған халықаралық, республикалық пәндік олимпиада және ғылыми жоба конкурстарының 48 жас жеңімпаздарына көрме билеттері сыйға тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қорқыт ата» мемориалды кешені мен «Байқоңыр» ғарыш кешені халықаралық көрменің туристік бағытына енген.