«Өзбекстанда тұңғыш рет өтіп отырған бұл шараға Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент қалаларынан 37 жоғары оқу орны қатысты. Көрме жұмысының нәтижесінде Өзбекстан қазақтарының 1300-ге тарта өкілі жаңа оқу жылында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенті атануға қызығушылық білдірді. Олардың арасында Қазақстан мен Орталық Азия ғана емес, күллі ТМД аумағында теңдесі жоқ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті де бар. Бұл жоғары оқу орнын 27 колледж бітірушісі таңдады», дейді Өзбекстандағы республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының білім және ғылым бөлімі төрағасының орынбасары Клара Садырбаева. К.Садырбаеваның айтуынша, қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдаған Өзбекстан қазақтарының саны мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта олардың қатары Қазақстандағы дайындық бөлімінде оқып жатқандар жастардан бөлек, өз бетімен келіп құжат тапсырушылар есебінен де толыға түсуі мүмкін. Өзбекстанның Науаи облысы қазақтарының ұлттық-мәдени орталығына көп жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан К.Садырбаеваның сөзіне қарағанда, мұндай білім көрмесін таяуда Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Науаи облысында өткізуді жоспарлап отыр. Ресми статистика бойынша бұл аймақта 57 мың қазақ тұрады. Аталған аймақта 71 қазақ мектебі жұмыс істейді. «Оқушылар өз білімін жалғастыру кезінде түрлі кедергілерге тап болуда. Мәселен, олар әлі күнге дейін Қазақстанда жалпы білім беретін мекемелерге де, жоғары оқу орнына да бірден түсе алмайды. Бұл үшін алдымен колледж бітіруі керек. Ал көрші елде көп жағдайда ана тілінде білім алу мүмкіндігі шектеулі. Науаи облысы сияқты кейбір аймақтарда бірде-бір қазақ колледжі жоқ. Бұл мәселеден Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі де, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі де хабардар», дейді Клара Садырбаева.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист
АЛМАТЫ