• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2017

Оралда «Атамекен» ән фестивалі басталды

398 рет
көрсетілді

21 маусым күні Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Халық артисі, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың әндерін орындаушылардың IХ Халықаралық «Атамекен» ән фестивалі басталды.

Бұл фестивальге Қытай Халық Республикасынан, Ресей Федерациясының Астрахань қаласынан, өз еліміздің Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарынан және Батыс Қазақстан облысынан 21 үміткер қатысып жатыр. Фестивальдің мақсаты – Ескендір ағамыздың әндерін насихаттаумен бірге қазақ ұлттық эстрада орындаушыларының шеберлік деңгейін көтеру, талантты жастардың өнеріне жол ашу. Ән фестивалінің қазылар алқасы төрағасы Ескендір Хасанғалиев ағамыздың өзі болса, алқа құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, әнші-композитор, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев, ҚР еңбек сіңірген артисі, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония әншісі Қанатқали Қожақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық, республикалық байқаулардың Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония әншісі Марат Сарбөпеев, Ескендір Хасанғалиев атындағы Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нұржан Тасболатов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ескендір Хасанғалиев атындағы Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония әншісі Жаңылсын Хасанова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Сәуле Карабалина бар. Фестивальдің ашылу салтанаты Орал қалалық саябақта өтті. Барабаншылардың бастауымен үміткерлер сахна төріне көтерілді. «Атамекен» әнімен ашылған жеребе тастау рәсімінде қазылар алқасының мүшесі Біржан Хасанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Одан әрі үміткерлер «Қызғалдақтар» би ансамблімен бірге флеш-моб билеп, «Атамекен» эмблемасына өз қолтаңбасын қалдырып, түрлі-түсті шарлар ұшырылды.

Ән аламанының ашылу салтанаты мен І кезеңі облыстық қазақ драма театрында 21 маусым күні сағат 14.00-де басталды. Кеште фестиваль иесі Ескендір Хасанғалиев пен ұлы Біржанның «Ауылым - әнім» шығармашылық концерті өтуде.

Ал 22 маусым күні фестивальдің ІІ кезеңі қорытындыланып, ІХ Халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және Гала концерт өтеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

Орал