Қазақ халқы үшін атадан балаға жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы қашанда айрықша мәнге ие. Себебі, кез келген адам алдыңғы аға буыннан көргенін көкейге түйіп өседі. Абылайхан Қалықұлдың да құқық саласына деген қызығушылығы әділеттің ақ туын көтерген ата жолынан бастау алады. Тегінде, құқық саласының кәсіби маманы болу деген ақжолтай арманның кірпіші сол отбасындағы тәлімді тәрбиеден қаланды. Атасы Өміртай көп жылдар бойы бұрынғы Келес аудандық сотының төрағасы ретінде заңның үстемдік құруына қызмет етсе, әкесі Алтай бүгінде Ордабасы аудандық сотының судьясы. Осындай заңгерлер әулетінің тәлімін алған ол бүгінде Ордабасы ауданы әкімдігі аппаратының заң бөлімінің бас маманы ретінде қызмет етіп келеді. Ол Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында жалпы орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 2012 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ата-бабаларымыз «Жас келсе – іске» деп, өскелең ұрпағының алдағы мұратына ақжол тілескен. Оның да осы мұрат жолындағы алғашқы баспалдағы «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы басталды. Елбасының еліміздегі жастарға деген қамқорлығы талай жастың қанатын қатайтып, өмірге деген құлшынысын арттырды. Елінің ертеңі үшін еңбек етсем деген талапты жастың талайына аталған баянды бағдарламаның шарапаты тиді. Бұл бағдарлама біріншіден, төрт жыл теориялық білімге қаныққан жасты тәжірибелік тұрғыда шынықтырса, екіншіден, жұмыс таппай сенделген өндірдей жастардың сенімін нығайтып, келешегіне жол ашты. А.Қалықұл 2012 жылы осы «Жастар практикасының» жолдамасымен Ордабасы аудандық мәслихат аппаратында еңбек жолын бастады. Сөйтіп, еңбек жолының алғашқы парақтары ашылды. Ал 2013 жылдың қазан айына дейін осы мекемеде аудармашы қызметін атқарды. Сол жылдың қазан айында мемлекеттік сынақта оң нәтиже көрсетіп, аудан әкімі аппаратының заң бөліміне бас маман ретінде жұмысқа қабылданды. Мемлекеттік қызметші – халықтың қызметшісі. Алғаш қызметке кіріскеннен бастап, осы ғибратты санасына берік орнатуға тырысты. Соның нәтижесінде ол мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндеттердің маңыздылығын ұғына түсті. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының берері мол. Ондағы басым бағыттардың бірі елімізде кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға арналған. Санасы сергек, ойы озық кәсіби мамандар – мемлекеттік қызметтің локомотиві іспетті. Бұқара мен билік арасының дәнекері саналатын мемлекеттік қызметшілердің бұл бағыттағы жұмысы ерен деуге болады. Реформа басталғалы иіні қанбаған талай істердің көбесі сөгіліп, ілгерідегі сарытап көзқарастар жаңа заманға бейімделу үстінде. Қазір кез келген мемлекеттік қызметшінің білімі мен білігіне сай өсуіне, қызметте жоғарылауына жағдай қарастырылған. Оқимын деген талапты қызметшілерге елімізбен қатар, шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруіне болады. Ол үшін мемлекет барлық мүмкіндік қарастыруда. Абылайхан Қалықұл да осы талапқа сай болу үшін білім мен біліктілікті ұштастырып, халықтың үдесінен шығуды алдыңғы орынға қойып отыр. Біздің кейіпкеріміз Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде өткізілетін түрлі шараларға белсене қатысып, тәжірибесін арттыра түсуде. Осының арқасында ол «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының «Айтарым бар» хабарына қатысып, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау жөніндегі өзекті мәселелер туралы ұтымды ойларын білдірді. Мұндай еркін сұхбаттар әрбір мемлекетік қызметшінің тынысын ашып, кәсібіне деген құштарлығын арттыра түсері сөзсіз. Сайып келгенде, елге қызмет – келелі міндет. Осыған сай болу әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы болмақ. Осы орайда «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсының маңызы айрықша. Аталған конкурстың «Мемлекеттік органдардың құқықтық және кадр қызметін қамтамасыз етуін басқару» номинациясын жеңіп алған Абылайхан Қалықұл алдағы уақытта да осы бағытынан таймай, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындай беретініне сенімді. Қорыта айтқанда, Елбасы мемлекеттік қызметшілерге ерекше сенім артып отыр. Сол сенімді ақтау – Абылайхан секілді жас мамандарға айрықша аманат жүктейді.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы