• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2017

Атамекеніміз жалғыз, ол – қасиетті Қазақ Елі

2055 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Жұмыр жердің әр тарапындағы қалың қазақтың ақ тілектері ақтарылып, армандары айтылған, мақсат-мұраты межеленген алқалы жиынға Мемлекет басшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Назарбаев қатысты.

Күллі қазақтың бірлігі үлкен табыстарға жетеледі Күллі қазақтың айбынын асқақтатып, айдынын тасытқан құрылтайға әлемнің 39 елінен делегат, оған қоса Қазақстанның барлық облыстарынан зия­лы қауым өкілдері келді. Құрылтайға келушілердің басым бөлігі әдебиет пен мәдениетте, биз­несте, басқару ісінде, спортта және басқа да салаларда биік белестерді бағын­дыр­ған, еңбегімен еленіп жүрген азаматтар.  Алқалы жиында сөз сөйлеген Мем­лекет басшысы алыс-жақын шетелдерден келген делегаттарды құттықтады. Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылында, ең алғашқы құрылтай өткен уақыттан бергі аралықта елімізде қол жеткізілген жетістіктер мен атқарылған реформалар барысы туралы баяндады.  – Ардақты ағайын! Құрметті бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі Атажұрты – Қазақ еліне, оның бас ордасы – Астанамызға қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ, ол – Қазақстан! Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы Дала Қазақ еліміз! Бүгінгі басқосуға негізінен жас буын қатысып отыр. Себебі, жас ұрпақ түбі, негізі қазақ екенін ешқашан ұмытпайды, сол үшін ата-аналарына рахмет айтамыз. Олар туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады, – деді Мемлекет басшысы.  Сонымен қатар, Елбасы құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткізіліп жатқанына да тоқталып өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, жиын арнайы осылай бай­ланыстырылған. Себебі, ЭКСПО-2017 Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударып отырған үлкен шара. – Біз қандас бауырларымыз Ата­жұр­тының бүгінгі келбетін көріп, мар­қай­сын, ой түйсін деп сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Бар болғаны 15 жыл­дың ішінде бой көтеріп, дүниені таң­ғалдырған елордамыз – Астананың өсіп-өркендеп жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық. Кеше жаңадан салынған театр­да болдыңыздар, Қазақстанның мар­қай­ған, көркейген астанасын көрдіңіздер, әлі де аспай, саспай, елге келіп, аунап-қу­нап, біраз көріп қайтыңыздар,– деді Пре­зи­дент.  Ширек ғасыр бұрын өткен алғашқы құрылтайдан бергі аралықтағы елдің өмірі де Елбасының сөзінде қамтылды. 

– Алғашқы құрылтайдан бері, мінеки, 25 жыл өтті, барлығы да менің есімде. Адам бастан кешпеген қиындықтарды көрдік, XX ғасырда қазақтың басынан өтпеген зұлмат жоқ. Бірақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығы да оңай болған жоқ. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағының қол астында 150 жылдан артық уақыт бодан болдық. 25 жыл бұрын экономикамыз тұралап, 2 миллион адам жұмыссыз бо­сып қалды. Не жалақы, не зейнетақы төлей алмай, бәрін де құр тақырдан бас­тадық. Дегенмен, күллі қазақтың жұмы­ла жұдырық болып бірігіп, ел болып жұмыс істеуінің арқасында үлкен табыс­тарға қол жеткіздік. Жалпы, орташа деңгейде өмір сүретін халықтардың көр­­­сет­кішін бағындырдық. 40 пайыз­дық ке­дейшілікті 3 пайызға дейін төмен­деттік.  Тәуелсіздік жылдары ішінде экономикамызды 22 есе өсірдік, елдің табысы да 20 есе артты. Бүгінгі қазақтың жағдайы, өмірі, тұрмысы еш уақытта қазақ тарихында болған емес. Бұл тарих тұрғысынан қас қағым сәт деп айтуға болады, бірақ тұтас дәуірге татитын уақыт болды деп айтатынымыз осы. Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты да айқын. Алдымызда «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы тұр. Оның негізгі мақсаты – өр­кендеген, өскен ең ұлы елдердің қатарын қосылу,– деді Мемлекет басшысы. 

Латын әліпбиіне көшу  бірлігімізді нығайтады Елбасы Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы жарияланып, оның бес басымдығы нақтыланғанын айтты. Конституцияға реформа жасалып, саяси жаңғыру жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелер осы айтылған жұмыстардың өзегі болатынын жеткізді. Бұл қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп, жаңа ұрпақ қалыптастыруға бағытталған 6 жобаны қамтиды. Солардың бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам.  – Бұрынғы КСРО ауқымында, ТМД деп аталатын біз – кириллица, Қытайдағы қандастарымыз – төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сонда сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз, жазуын ұқпаймыз. Бұл бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға, интернетке үйренетін жағдайымыз бар. Олардың латын әрпімен жүретінін білесіздер. Осы олқылықтарды жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухани тұрғыда бізді жақындастыра түседі. Мен өзімнің Жолдауымда бұл мәселеде «2025 жылға дейін» деп меже қойған болатынмын. Бірақ та оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзербайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, қиындығы жоқ. Себебі, 1-сыныптан бастап барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектептерде ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де онша қиыншылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбір ағайындардың біз­дің шығармаларымыз не болады деп қын­жылатыны бар. Қазіргі интернет заманында ешқандай проблема жоқ, – деді Елбасы.  Мемлекет басшысы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама аясын­да гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100  оқулық қазақ тілінде шығары­ла­тындығын атап өтті. Бұл қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтар үшін маңызды жоба екендігін баса айтты. – Рухани құндылықтарды, гума­ни­тарлық білімдерді, оқулықтарды шет тілдерінен, ағылшыннан орысшаға, орыс тілінен қазақшаға аударғанша 10-15 жыл өтеді. Сондықтан біз ең керекті 100 оқу­лықты қазақ тілінде шығару мәсе­лесін алдымызға қойып отырмыз. Енді қан­дастарымыз қай елде тұрғанына қарамастан, дүниедегі ең таңдаулы біліммен ана тілінде сусындайтын болады деп есептейміз. Осы залда сан тілде сөйлейтін, өте терең білімді жастар отыр. Сіздерді күллі қазақтың өрі­сін кеңейтіп, деңгейін көтеретін осы жо­баға белсене қатысуға шақырамын, – деді Н.Назарбаев. Елбасы айтып өткендей, «Туған жер» бағ­­дарламасы әрбір азаматтың туған еліне, жеріне қамқор болуын көздейді. Та­ри­хи отанына септігін тигізгісі келетін қан­­дастарымыз көп. Әр азамат кіндік қаны там­ған туған жеріне жақсылық істе­се, ол бүкіл халықтың берекесіне айналады.  Бүгінде Қазақстанның мәдениетін әлем­ге танытатын бірегей жоба басталғаны бел­гілі. Онда отандық мәдениеттің таңдау­­лы үлгілері әлемнің басты тілдеріне тәржі­­ма­­ланып, барлық құрлықтарға жол табады. Төл мәдениетімізді жер жүзіне таны­туға шет­­тегі ағайындарымыз да атса­лысуы қа­жет. 

Әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасы жасалмақ Елбасы айтқандай, өмір бойы сыртта жүрсе де білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шы­ғар­ған бауырларымыз тарихи Ота­нын тануы тиіс. Мемлекет басшысы осы­ны қамтамасыз ету үшін Үкіметке әлем­дегі танымал қазақтар туралы деректер топтастырылған электронды база дайын­дау туралы тапсырма берді. Бұл шетте жүрген қандастарымызбен арада ынты­мақ­тастықты жолға қойып, барыс-келісті жандандыруға жол ашатын болады.  – Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін қияметке толы, өте ауыр жылдар болды. 1921, 1930 жылдардағы аштықтың салдарынан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Біріншісінде – 30 пайызынан, екіншісінде жартысынан айырылып қалдық. Егер де сондай опат болмағанда қазір еліміздегі қазақтың саны 50-60 миллионнан асып жығылатын еді. Одан кейін, репрессияда 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды, оның 25 мыңы атылды. Қазақты басқаратын білімі бар, қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың барлығының тамырына балта шауып, жойып жіберді. Соған қарамастан, «Мың өліп, мың тірілген қазақ» өркендеп, қайтадан өсіп келеді. Қиын кезеңде қаншама қазақ бас сауғалап, жан сауғалап дүние жүзіне шашырап кетті. Біздің санағымыз бойынша, қазіргі таңда 5 миллионнан астам қандасымыз шетелде  тұрып жатыр. Біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған жоқпыз. Шетелден 1 миллионға жуық қандастарымыз, бауырларымыз елге көшіріп алынды, оларға қолдан келер барлық көмек көрсетілді. Ол көш ешқашан тоқтаған емес. Жыл сайын 30-50 мыңға жуық қандасымыз көшіп келеді. Әсіресе, оқуға түсуге келген жастар көп, оларға барлық жағдай жасалуда. Келген ағайындардың ішінде көптеген танымал ғалымдар, дарынды спортшылар, өнер майталмандары да бар. Мысалы, боксшы Қанат Ислам, әнші Майра Мұхамедқызы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Дүкен Мәсімхан сынды көптеген азаматтар келіп, елдің мерейін көтеріп, өзінің өнерін, білімін шыңдап жатыр, – деді Елбасы.  Келген қандастарымыз елдегі демо­гра­фиялық жағдайға да үлес қосып жатқаны, халық санының өсуіне ерекше ық­пал еткені түсінікті. Н.Назарбаев тілге тиек етіп өткендей, егер де 1991 жылы, Тәуелсіздік жарияланған кезде еліміз­дегі қазақтың үлесі 40 пайыздан асар-аспас болатын, қазір бұл көрсеткіш 70 пайыз­дан асады. Тәуелсіздік алған кезде халқы­мыз­дың саны 17 миллионға тарта болғанымен, түрлі тарихи жағдаймен елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, халық саны 14 миллионға дейін төмендеді. Бұл туралы Елбасы: – Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміз көбейіп келеді. Егер де бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүние есігін ашады. Мен 1 шілдеде біздің халқымыз 18 миллион болды деп жариялаймын, – деді. Құрылтайда сөз болғандай, бүгінгі таң­да осы жұмыстарды әрі қарай үздіксіз жал­ғастырған жөн. Ел халқының басын біріктіріп, етек-жеңін жинайтын уақыт келді. Осылай деген Президент қан­дас­тарға қоғам мен мемлекет тарапынан жан-жақ­ты қолдау көрсету үшін жасалатын жұмыстарды тізбелеп берді. 

«Отандастар»  қоры құрылады – Біріншіден, шеттегі және елге кө­шіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Әрине, мен оны Үкіметке тапсыратын боламын. Өздеріңіз білесіздер, 25 жылдың ішінде экономиканың өркендеп өсуіне байланысты, жүргізіліп отырған саясатқа байланысты біздің көп азаматтарымыз белгілі, бай адамдар болды, жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қалталы азаматтар жеткілікті. Байлар көп болса, елге жұмыс жасаса, мемлекетке көмектессе ғанибет. Сондықтан мен бүгін солардың барлығына, Қазақстанда тұратын қазақтарға үндеу тастаймын. Біз Солтүстік Кавказдан келген балқарларға, чешендерге, басқаларға қорған болып құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзі­міздің қазақтарға неге солай жасамай­мыз?! Қаны қазақ сол бизнесмендерге осы қорға  әрқайсысын өз үлесін қосу­ға шақырамын. Оны ұйымдастыруды құрыл­тай басшылығына, Президент Аппаратына, Үкіметке тапсырамын, – деді Президент. Екіншіден, Елбасы айтқандай, Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіретін уақыт келді. Ол басшылардың жанында болуы керек. Қазақстан Президенті алдағы уақытта құрылатын «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету  іс-шараларын анықтап, кешенді бағдарлама әзірлеуі керектігін атап айтты. Әзірленген кешенді бағдарламада қазақ көшінің мәселелері, алыстағы аға­йынмен байланыстыратын барлық мәсе­лелер қамтылуы тиіс. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері қор арқылы  іске асырылатын болады.  Президент Назарбаев елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық екендігін жет­кізді. Мемлекет басшысының сөзін құрылтайға қатысушылар үлкен толқы­ныс­пен қабыл­дап, қуана қол соқты.  – Елім, жерім деп еңіреген әрбір қа­заққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағ­дай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық мем­лекетте елшіліктеріміз бар, сол елші­ліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұмысты осында отырған Сырт­қы істер министріне тапсырамын. Елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы керек. Қы­тай қазақтарының сотталғаны немесе соттал­мағаны туралы анықтама алу жайы ағайын­ның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жер­де анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек. Үкіметке осының бар­лығын кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын, – деді Президент.

Шетелдегі қазақ балаларына арналған стипендия Осы құрылтайда Елбасы айтқан тағы бір маңызды мәселе – шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, жастарына қолдау көрсету. Қазақстан Президенті Үкіметке шетелдегі қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу туралы тапсырма берді.  – Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, өсіп келе жатқан жастарға қолұшын беру қажет. Біз шетелдегі қазақ бауырларымыздың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайларын жасауымыз керек. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын. Қазір Қазақстанда білім мен ғылымға өте көп көңіл бөлініп жатыр. Тәуелсіздік жылдар ішінде 1500 мектеп салынды. Көптеген жоғары оқу орындары бой көтерді. Зияткерлік мектептер, дарынды балаларға арналған мектептер, дүниежүзі университеттерімен терезесі тең университеттер салынды. Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ университеті, КИМЭП, IT-технологиялар сынды университеттер бар. Бірақ естеріңізде болсын, ол университеттерге түсу оңай емес. Егер білімі жетпейтін болса, ол балаларды бір жыл дайындық оқытулардан өткізуіміз керек. Себебі, қанша оқуға алғанменен, игере алмайтын болғаннан кейін, оқудан шығып кетеді. Шетелдік қазақ студенттері үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу керектігін айтып отырғаным осыдан. Қай елдің азаматы болса да, елде оқыған қазақ баласы ертең, әрине, Қазақстанға қызмет етеді. Осыны ескергеніміз жөн,– деді Президент.   Шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы мәселесі де Елбасы сөзінде айтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселеге де қатысты тапсырма жүктеді.  – Сыртта жүрген бауырларымыздың бір бөлігі – жастар. Олар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуіміз керек. Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл онша қиын жұмыс емес. Біз өз ішімізде жасап жатырмыз, біраз көбейтіп, ағайындарға қолұшын беруіміз қажет, – деді ол.  Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақстанда не болып жатқандығын білгісі келеді. Шетелдік көрермендерге арналған «Қазақ телеарнасы» қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды, алайда ол жеткіліксіз. Сол себепті, Елбасы Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.  Мемлекет басшысы алқалы жиын барысында тарихи Отаныма еңбек сіңіремін деген әр талантты қазақты Атажұртқа шақырды.  – Кез келген мемлекет кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж. Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген  әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Кезінде жағдайсыз көшіп кеткен, ғалым болып,  зертханаларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз бар. Меніңше, олардың елге келетін ынтасы бар,– деді Президент.  Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Серпін» бағдарламасын шеттен келген ағайынға бейімдеу керек. Еліміздің оңтүстіктегі 3-4 облысында ғана ел халқының 40 пайызы шоғырланған. Ал солтүстік өңірде адам саны аз. Өз­бек­станнан, Қырғызстаннан, Түрікмен­станнан, Ауғанстаннан келген ағайын­дарымыз Оңтүстік Қазақстанға,  Жамбылға, Алматыға қоныстануға тырысады, ол жақта онсыз да жұмыс табу қиын. Осы мәселелерге тоқталған Елбасы «Серпін» бағдарламасын проблеманы шешуге пайдалану керектігін жеткізді.  – Бағдарламаны көбейтіп, оны көшіп келген ағайындарға да бейімдеуіміз қажет. Сол жақтарда бейімдеу орталықтары түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, маман­дығы жоқтарын мамандыққа баулитын болса, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыратын болса, сол кезде келушілер тұрақталып қалатын болады. Келген ағайындарды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Оны бағдарлама түрінде қолға алғанымыз жөн. Қажетті мамандық алуына жәрдем беру, жұмыспен қамту үшін жол картасын жасау қажет. Осының барлығы ұлтымыздың, еліміздің жарқын  болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды.  – Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу, әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген  өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі  әрбір қазаққа жолдаймын. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі  болып табылады. Жүрегінің түбінде осыны ұстасын. Бұл сапар сіздер үшін елмен етене танысып, ой түйетін жемісті сапар болсын. Барша қазақтың басын біріктірер салмақты ойлар айтылып, ізгі істер бастау аларына сенімдімін. Сіздердің де ойларыңызды тыңдағым келеді. Екі күннен соң барша мұсылмандар үшін  қасиетті Айт мерекесі басталады. Біз ұмытылып, өшіп кеткен ата дінімізді қайтарып, Қазақстанда екі жарым мыңнан астам мешіт ашылып, елімізді имандылыққа шақырып отырған халықпыз. Біз зайырлы мемлекетпіз, сол жолды ұстаймыз. Өркениетке қол созған, ғылым-білімге ұмтылған елміз. Айт бәрімізге қабыл болсын! Жаратқан қазаққа жар болсын! – деп Елбасы сөзін түйіндеді.  Елбасының баяндамасынан кейін құрылтай қонақтарына сөз берілді. Алғашқы болып мінбеге көтерілген Моңғолия Ұлы Құралының бұрынғы депутаты, Моңғолия Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Бәкей Ағыпарұлы жиынға қатысушыларды құттықтай келе, Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан 5 млн қазақтың сағынышты сәлемін ала кел­генін жеткізді. Сондай-ақ, ғаламдағы күллі қазақ Арқада бой түзеген ару Астананы мақтаныш тұтатынын әрі осы құ­рылтаймен қатар өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі қала ішінде тағы бір қала тұр­ғызылғандай әсер беретінін, сөйтіп биыл­ғы жыл Тәуелсіз Қазақстан үшін саяси һәм экономикалық үлкен бет­бұрыс­тарға бастаған табысты жыл болғанын салтанатты түрде атап өтті.  Моңғолиялық қандасымыз сонымен қатар, өткендегі Елбасы Жолдауына арқау болған Үшінші жаңғыру идеясын да қолдайтынын және Конституциялық реформаларға сәйкес Мемлекет басшысы тарапынан бірқатар өкілетті биліктің құзыры бөлініп, ол оқиға елді демократиялық даму жолына бастаған сәтті қадам екенін атап өтті. Сөзінің соңында жеке басының ұсынысы ре­тінде: Атажұртқа көп жыл бұрын қоныс­танып, елге сіңісті болған оралман-қан­дас­тар арасындағы білімді-біліктілерді лауазымды қызметке тарту мәселесін және шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын қоғамдық ұйым Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәртебесін көтеру қажет дегенді жеткізді.  Келесі сөзді кәсіпкер Батыс Қазақ­стан­дағы «Карповский Северный» ЖШС-нің бас директоры Қайнолла ҚАСЕНОВ алды. Ол осыдан 24 жыл бұрын, яғни, 1992 жылдың 10 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақтарына қаратып, «Қайт қазақ, еліңе!» деп үндеу тастағанын тағы бір көпшіліктің есіне салып, осы үндеудің әсерінен кәсіпкер өзінің туған жері – Ресей Федерациясының Түмен облысынан Батыс Қазақстанға қоныс аударғанын, қазіргі таңда әулетінен 20 отбасы атамекенге оралғанын, олардың арасында 3 ғылым кандидаты, 7 магистр дәрежелі атағы бар ғалымдар әр салада абыройлы еңбек етіп жүргенін атап өтті.  Олардың барлығы еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Өзім тәуелсіздік жылдарының бәрінде мұнай-газ саласында қызмет атқардым. Батыс Қазақстандағы үлкен аудан – Бөрліде әкім болдым. Қазақстанның қай жеріне барсам да еңбек етуіме, елге өз үлесімді косуыма барлық жағдай жасалғанын көрдім. Қайда тусаң да, қайда тұрсаң да Қазақстанның әрбір жері әр қазақты балам деп бауырына тартатынына көзім жетті, деп ағынан жарылды Қ.Қасенов. Сөзінің соңында кәсіпкер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызды мақаласына тоқтала келе, осындағы «бабаларымыз ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады», деген сөздер мені айрықша тебірентті. Мақаланы оқыған шеттегі әрбір қазақ туған елге деген шексіз махаббатты көреді. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сияқты жобаларды жүзеге асыруға біз де өз үлесімізді қоса аламыз, дей отырып, Мемлекет басшысына елге оралған 1 миллион қазақтың атынан алғысын жеткізді.  Одан кейін келелі кеңесте кемел ой айтқан азаматтардың бірі – «Егемен Қа­зақ­стан» РГ» АҚ басқармасының төрағасы Дархан ҚЫДЫРӘЛІ болды. Қазақ қашанда тағдырлы сәтте алыстағы ағайынға сауын айтып, құрылтай шақырып, Ұлытау, Ордабасы, Түркістан сынды киелі жерлерде келелі кеңес құрған, кеңінен ойласқан деп атап өткен ол туған жер тұрған жермен өлшенбейтінін айтты. Киелі атамекен ұғымы біздің санамызда ай­шықталып, туған жер қаны­мыздың түйіршігінде, жаны­мыздың түкпірінде, тарихи таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталатынын, сөйтіп, Отан деген қасиетті сөз ұрпақтың бой­тұмарына айналатынын, бұл тұрғыдан алғанда, алтын тақ Алтай да, өрісті Өтүкен де, жер жәннаты Жиделібайсын да, Еділ мен Жайық та барша қазақ үшін киелі мекен, құтты қоныс екенін сұлу сөзбен көптің көкейіне сіңірді. Сонымен қатар, бір заманда қазақтың қатысуынсыз шекара сызылғанда, арғы бетте қалып қойған ағайынның біразы бүгінде өз ата қонысында отырғанын, ол жерлер де қазақ үшін киелі болып саналатынына да тоқталды. Сондай-ақ мәдени жауһарларымызды жаһанға жүйелі таныту мақсатында шет ел­дерде, әсіресе, диаспора шоғырланған ел­­дерде арнайы орталықтар ашылса деген ұсы­ны­сын айтты. Бұл арқылы қастерлі қазақ тілі де құлашын кеңге жазып, тұғы­рын бекіте түседі деп пайымдайтынын жеткізді.  Бұл реткі құрылтайдың өткен жиын­дардан ерекшелігі, шақырылған мәр­тебелі меймандардың 60-тан астам пайы­зы жастар екен. Сол жастар атынан өзек­жарды пікір айтып, шетелде жүрген қа­зақтың ұл-қыздарын Астанада орна­ласқан дүниежүзілік стандартқа сай Назарбаев Университетте білім алуға ша­қырған Әйгерім БОЛАТҚЫЗЫ өзінің қазіргі таңда Ита­лияның Милан қаласындағы Боккони уни­версиетінде лекторлық қызмет атқарып жүргенін жеткізді.  Моңғолияның Бай-Өлке аймағында туып, сонда қазақ орта мектебін бітіріп, әуелі Чехияда білім алып, соңынан оқуын Сингапурда жалғастырып, сондағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университетте қызмет атқарған Әйгерім жеті тіл біледі екен. Ол Елбасының ІІІ құрылтайда айтқан «шетелдегі әр қазақ Отаныма не беремін деп ойланатын кез келді» деген сөзін өзінің өмірлік ұстанымына айналдырғанын баса айтты.  Алған білімімді Қазақ елінің игілігіне жұмсауға тырысып келемін. Соның нә­ти­жесінде Қазақстанның 150-дей мем­ле­кеттік қызметкері мен басқа да жоғар­ы лауазым иелерінің білімін же­тіл­діруін Астанада және Сингапурда ұйым­дастырдым. 2012 жылы Назарбаев Уни­верситет пен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің бес жылға келісімшарт жасасуына мұрындық болдым. Бұл келісімшарт осы мамыр айында тағы бес жылға ұзартылды. Осының аясында, жоғары мемлекеттік саяси мектеп бүгінде мемлекеттік саясат мамандығының қыр-сырын тек қазақ жастарына ғана емес, Орталық Азия елдерінің жастарына да үйретуде, деді ол. Сонымен қатар, талапты қарындасымыз Елбасы Жолдауындағы «Үш тілде білім беру» бағдарламасы XXI ғасырдың тың талабы екенін, әсіресе, мемлекеттік саясат мамандығы бойынша білім алған жастар тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азияның дамуына үлкен үлес қосуға болатынын, болашақта еліміздің адами капитал сапасын жақсартудың тетігі аса маңызды екеніне тоқтала отырып, сөзінің соңында шетелдегі қазақтар арқа сүйейтін асқар тауы атамекеніміз бен қазақтың бағына туған Елбасына шетте жүрген қазақ жас­тары атынан алғысын білдірді.  Мәртебелі жиын барысында шетелде кәсіпшілік жасап жүрген қазақ бизнесмендері атынан сөз алған Францияда тұратын кәсіпкер бауырымыз Мехмед ЗЕНГИН өзінің өткен ғасырда үдере көшкен Алтай қазақтарының ұрпағы екенін, бабаларының сүйегі Гималайдың шың-құздарында, Такламақан шөлінде шашылып, қуғын көрген қайран ел Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға зорға жеткенін айтып, өткен тарихты тағы бір желпіп өтті. Елбасының рухани жаңғыру тұжырымдамасындағы «Туған жерге туыңды тік!» деген үндеу-нұсқауын оқып қатты қуандым. Түркиядан түбір алған көптеген қазақтар ата кәсібі – тері өңдеумен айналысады. Күллі француз дүниесіне танымал тері өнімдерінде біздің де қолтаңбамыз бар. Сонымен қатар, ұлттық стильдегі перде өнімдерін өндірумен де айналысамын. Африканың 15 еліне және Шығыс Еуропа мемлекеттеріне өнім шығарамын. 150 адамды еңбекпен қамтып отырмын. Жуықта Алматы қаласында әлемде жетекші орынға ие тоқыма фабрикалары өнімдерінің көрмесі өтті. Осыған келіп қатыстым, дей отырып, кәсіпкер болашақта бизнесін туған жерге әкеліп жалғастырсам деген зор үмітін айтты.  Қазақ диаспорасы ең көп шоғарланған мемлекеттің бірі – Өзбекстан. Осы елдегі Қазақ ұлттық мәдени орталықтың директоры Серікбай Үсенов биік мін­берден кезекті сөз алып: «Мен білетін бір шындық бар, ол – қазақ даласы тек шеттегі қазақтардың ғана емес, иісі түркі жұртының қарашаңырағы. Атамыз қазақ салтында қарашаңырақты қадірлі баласына ұстатады. Соған қарағанда, біздің тектілік қасиетіміз осында жатса керек. Осыны сезінген сайын масаттанып, еліміз және Елбасымызбен мақтанамыз. Іргеде отырған өзбекстандық ағайындар біз Қазақ елінің тыныс-тіршілігінен хабардармыз. Біздің білетініміз: Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алған бұрынғы одақтас елдердің арасынан суырылып алға шықты. Бүгінгі өтіп жатқан құрылтай да, әлемдік маңызы бар халықаралық ма­мандандырылған ЭКСПО-2017 көр­месі де толайым табыстың нәтижесі. Қазақтың 62 тамырында тулап жатқан ізгі қасиеттерінің қайта түлеу шағына дәл келіп отыр. Дәл қазір әр қазақ рухани тұрғыдан түбегейлі өзгеріп, жан сарайын жаңғыртатын шақ. Осы орайда өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын өзбек тіліне аударып, халыққа таныстырдым. Ел ішінде көптеген басқосулар ұйымдастырып, мақаланың мәнін түсіндірдім, деді.  Сөз аяғында өзбекстандық бауырымыз әрбір құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасын сай­лау дәстүрі бар екенін еске салып, осы орайда бұл жұмысты бұған дейін абырой­лы атқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрынғыдай Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының Төрал­қа төрағасы міндетін жалғастыра беруін өтінді.  Одан кейін құрылтай өкілдері арасынан сөз сөйлеу бақыты бұйырған Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының төрағасы, түркиялық қандасымыз Шабан Серкан Динчтүрк әуелгі пікірін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, сондай-ақ, алқалы басқосуға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған құрылтай қонақтарына ілти­пат білдірумен бастады. Шабан Серкан Динчтүрк айтып өткендей, Қазақ елінің қазіргі жеткен жетістігі Мемлекет басшы­сының көреген көшбасшылығының нәтижесі, әрі мұндай күрделі кезеңде көп ұлтты, көп дінді халықты басқару Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты кемел тұлға­ның ғана қолына келетін шаруа. Сол себепті де Қазақ елі тек қана өз аймағында емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен бір­ліктің символы болып отыр.  Сонымен қатар, Түркиядағы Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы, қазақ тарихы мен мәдениетін 80 миллионнан асқан түрік халқына таныстыру мақсатында әртүрлі конференция­лар өткізіп, түрік және қазақ тілінде «Қазақ елі» атты журнал шығаруда екенін жеткізді. Журналдың соңғы санында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылып басылған екен. Түркиялық бауырымыз сөзінің соңында Қазақстан Көк байрағын көк аспанда еркін желбіреткен, күш-қуаты мықты, әлемге танымал, беделді мемлекетке айналуын күні-түні Алла тағаладан тілейтінін айтып өтті.  Құрылтай мінберінен сөз сөйлеу мәртебесіне ие болған екінші бір қазақ қызы Анар Ұлықпан Австралияның Брис­бен қаласында медицина саласында қызмет атқарып жүрген, арғы тегі бай­өлкелік қарындасымыз көрінеді. Ол өзінің ақжарма тілегінде Австралияда қазақтар өте аз екенін айта келіп: «Тарихи Отаныма келіп, қалың қазақ­тың арасында жүргеніме өте қуаныш­тымын. Астананы аралап, көптеген нысандармен танысу үстіндемін. Осында жаңа медициналық кластерлер бар екен. Қазақстан сияқты медицинаның барлық саласын бір орталыққа бағындырып, оны ең заманауи жабдықтармен жабдықтаған ел сирек. Бұл орайда, Назарбаев Уни­вер­ситет осы орталықтарға қажетті мамандарды даярлап, дәрігерлер ұстаханасы болады деп ойлаймын. Осындай үлкен орталықтарды ашуда халықтың ден­саулығы мен бо­лашағы ескерілгені анық. Сондықтан, мұны үлкен қамқорлық деп есептеймін», деді. Жиын соңында сөз тиген Ирландияның Дублин университеті әлеуметтану ғы­лымдар факультетінің оқытушысы, жас ғалым Өзгежан Кесижи соңғы 25 жылда Қазақ елі әлемдік қоғамдастықтан мәртебелі орнын тапқанына, мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі екеніне тоқталды.  Елбасы биылғы халыққа Жол­дауында Қазақстанның Үшінші жаң­ғы­руына қажетті басымдықтарды атады. Еліміз индустриялық жағынан даму үшін жастар білімді болу керек. Жолдау мен Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласы өзара тығыз байланысты екенін айтқым келеді. Мақалада «Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген даналық сөздер бар. Мен осындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде бір жылдай дәріс оқыдым. Елбасы мақаласына сәйкес, қазір жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық бағдарламасы қолға алынуда. Бұл жобаға қатысуға шетелдегі қазақ жас­тары – біздер де зор қызығушылық танытамыз. Себебі, біліміміз бен тәжірибемізді Қазақ елінің гүлденуіне жұмсау – үлкен мәртебе. Қазақстан латыншаға көшкен соң бұрын төте жазу және кириллицамен шыққан кітаптарды латын әрпімен қайта басып шығарса, бәріміздің ортақ қазынамызға айналады деген үміттемін. Бүгінгі құрылтайға әлемнің әр түкпірінен жастар жиналды. Қазір ғаламтор арқылы қазақ тілінің мәдениеті мен салт-дәстүріне адал қызмет етуге даяр жастар бар екенін білуге болады. Соларға барынша қолдау жасалса деген тілек бар, деді өз сөзінде ғалым.  Меймандар пікірін құрылтай қонақ­тары ықыласпен қабылдады. Салмақты жиын­ның салиқалы түйіні ретінде айтыскер ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы жырдан шашу шашты. 

Елбасы Төралқа төрағалығына қайта сайланды  Құрылтай күн тәртібіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы мен төрағаның бірінші орынбасарын сайлау мәселесі талқыға түсті. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының директоры Серікбай Үсеновтің «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тан Дүниежүзі қазақтары қауымдас­ты­ғы­ның Төралқа төрағасы міндетін жалға­сты­ра беруді өтінген» пікірі ескеріліп, бұл ұсы­ныс өкілдер талқысына салынып, Мем­лекет басшысының кандидатурасы бір­ауыздан қолдау тапты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтай қатысушыларының тілегін қабыл алып, өзіне жүктелген се­німді атқаруға дайын екенін айтты. Осы алқалы жиын барысында Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы Төралқа төраға­сының бірінші орынбасары қыз­метін атқарып келген Талғат Мамашев­қа рахметін айтып, бұл міндетке елшіл аза­мат­тардың бірі Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын ұсынды. Бұл мекемеге кезінде Көші-қон және демография агенттігінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған, мемлекеттік қызмет істері саласында тәжірибесі мол, сондай-ақ қазақ диаспорасы ең көп қоныстанған Ресей және Өзбекстан елдерінде Төтенше және өкілетті елші болған Зауытбек Қауыс­бекұлы бекер таңдалмағанын айтты. Сөй­тіп, көпшіліктің бірауыздан қолдауы­мен Зауытбек Тұрысбеков Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы Төралқа төраға­сы­ның бірінші орынбасары болып сайланды.   Мемлекет басшысы мәртебелі басқосудың қорытынды сөзі ретінде бұдан былай қауымдастықтың мәртебесі артатынын айтты. Болашақта шеттегі әр қазақ өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырып өмір сүруге құқылы екендігін, сол үшін атқарушы билік өкіметпен және сырттағы елшіліктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажет дегенді алға тартты. Құрылтай қонақтары арқылы маңызды басқосуға келе алмаған алыстағы ағайынға ақ тілегін жолдады.  

Бекен ҚАЙРАТ, Арнұр АСҚАР,  «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды