Төрағалық барысында жұмыс Елбасы Н.Ә.Назарбаев басымдық берген, аймақтық қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, көлік-тасымал әлеуетін арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету сияқты бағыттар бойынша жүргізілгені белгілі.
Қазақстан тарапынан бір жылдың ішінде үлкен шаруа атқарылып, ұйым қызметінің барлық бағыттарын қамтитын 300-ден астам іс-шара өткізілген. ШЫҰ-ның Астанада өткен саммитінде оның 15 жылдық қызметі қорытындыланып, болашақтағы басым бағыттары айқындалып, өзі сандық және сапалық тұрғыда айтарлықтай күшейіп, тұрақты мүшелікке Үндістан мен Пәкістан қабылданды. Ұйымның құрамы көп уақыттан бері алғаш рет кеңейіп, Астана саммиті тарихи шараға айналды. ШЫҰ-ның географиялық шекарасы 3 миллиардтан астам халқы бар аумақты қамтып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде біз ШЫҰ кеңістігіне іргелес кейбір аймақтарда жағдай ушығып, геосаяси шиеленістің өрши түскеніне куә болып отырмыз. Осы орайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемесін қабылдауы дер кезінде жасалған қадам болды.
ШЫҰ – аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін үшінші күштердің қатысуынсыз шеше алатын, Азия аумағында қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастырып келе жатқан бірегей құрылым. 2016 жылдың қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясының ШЫҰ-мен ынтымақтастықты дамыту туралы қарары қабылданды. Сондай-ақ, толастамай тұрған трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері жөніндегі БҰҰ-ШЫҰ жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шаралары қарқынды жүруде. ШЫҰ-ның Еуразиялық экономикалық одақпен және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен өзара іс-қимыл байланыстары да жаңа белеске шығуда.
Еліміз өзінің ұйымдағы төрағалығы барысында аймақтағы әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерге оң ықпал етуге ұмтылып, ШЫҰ әлеуетін мүмкіндігінше пайдалануға әрекет еткені белгілі. Осы бағытта, әлемде орын алған қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Отанымыздың Еуразия кеңістігінің ортасында орналасуын ұтымды пайдалану мақсатында, сондай-ақ, ұйым елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі салынып, іске қосылуда. Бұл өз кезегінде аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, елдер экономикасының өсуін қамтамасыз етіп, тауар айналымын бірнеше есе арттыратын болады. Бұған ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі келісім ықпал етпек. Еуразиялық экономикалық одақ жобаларының «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштасуын ескерсек, аймақтағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың болашағының зор екендігін байқаймыз. Алдағы мерзімде ШЫҰ шеңберінде еркін сауда аймағын құру елдер арасындағы өзара сауданың артуына септігін тигізері сөзсіз.
Ұйымның басым бағыттарының бірі – мүше-мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жаңа сапалы сатыға көтерілуде. Бұл ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін құру және оның қызметі туралы келісімге қол қойылуы мүше мемлекеттердің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты бірлесіп дамытуға деген құлшыныстарын білдірсе керек. Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдардағы туризм саласындағы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары пысықталып, өзара іс-қимылдардың белсенділігі артатын болады.
Қазақстан қандай ұйымда төрағалық етсе де Ауғанстан мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Осы жолы да еліміз ұйымға мүше елдердің назарын Ауғанстанға аудартып, ресми Кабулге мүше-мемлекеттер тарапынан саяси-экономикалық тұрғыда қолдау көрсетіп, осы елден таралатын есірткі тасымалы мен діни экстремизмге тосқауыл қоюға қатысты нақты шаралар атқарылды.
Осылайша, Қазақстан ұйымның барлық басым бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне мемлекеттер ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана қол жеткізуге болатынын тағы бір дәлелдеді әрі жоспарланған іс-шараларды төраға ел ретінде толығымен атқарды.
Елімізде «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде ШЫҰ павильонының ашылып, қуат көздеріне қатысты жаңа технологиялар мен инновациялардың таныстырылуы – ұйымның кемелденгендігін көрсететін жайт.
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы