• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Маусым, 2017

Төрт сенатор қайта сайланды

179 рет
көрсетілді

Кеше Астана уақыты бойынша сағат 9:00-де республика бойынша барлық 16 дауыс беру пункті ашылды. Одан кейін байқаушылардың қатысуымен аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары операторларға функционалға кіру үшін логин мен пароль салынған конверттерді ашып берген соң, таңдаушыларды электрондық тіркеу басталды.

Ал Астана уақытымен сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 16 өңірде Қазақстан Республикасы Пар­­ламенті Сенатының депутат­ты­ғына кандидаттарды сайлауда дауыс берудің алдын ала қорытын­дылары шығарылды.

Қазақстан Орталық сайлау ко­мис­сиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің сөзіне сүйенсек, алдын ала қорытынды бойынша Ақмола облысынан Дәурен Әділ­беков, Ақтөбе облысынан Мұхтар Жұ­мағазиев, Алматы облысынан Нұрлан Қылышбаев, Атырау облысынан Ғұмар Дүйсембаев, Шығыс Қазақстан облысынан Дүй­сенғазы Мусин, Жамбыл облысы­нан Абдалы Нұралиев, Батыс Қа­зақстан облысынан Нариман Төреғалиев, Қарағанды облысынан Рысқали Әбдікеров, Қызылорда облысынан Мұрат Бақтиярұлы,  Қостанай облысынан Жеңіс Нұрғалиев, Маңғыстау облысынан Бақтыбай Шелпеков, Павлодар облысынан Нұржан Нұрсипатов, Солтүстік Қазақстан облысынан Ерік Сұлтанов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Әлімжан Құртаев, Астана қаласынан Еділ Мамытбеков және Алматы қаласынан Динар Нүкетаева басым дауысқа ие болған.  

«Сайлау науқанына қатысқан халықаралық байқаушылардың саны − 172. Шетелдік БАҚ өкіл­дері­нің саны − 116. Барлығы − 288 бай­қаушы. Сайлау науқаны еліміздің Сайлау туралы заңнамасы  талаптарына сәйкес өтті. Арыз-шағымдар осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жоқ», деді Б.Мелдешов. 

Айта кетейік, ең көп дауыс жинаған кандидаттардың арасында іс басындағы 4 сенатор бар. 

«Қазақстан Республи­касын­дағы сайлау туралы» Консти­ту­циялық заңның 78-бабы 2-тар­мағына сәйкес, облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларының дауыс­тарды санау хаттамасы сайлау күнiнен бас­тап екi күннен аспайтын мерзiм iшiнде Орталық сайлау комиссиясына жiберіледi.

Олардың негізінде Орталық сайлау комиссиясы республика бойынша тұтас алғанда сайлау қорытындыларын сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрмей, яғни 5 шілдеге дейін шығарады.

Бауыржан Мұқанов,  «Егемен Қазақстан»