Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау барысын байқауға қатысқан ТМД ПАА байқаушылар тобының үйлестірушісі Ильяс Умахановпен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
ТМД ПАА өкілдеріне өз алғысын жеткізе келіп, Н.Нығматулин біздің еліміздің халықаралық стандарттарға сәйкес ашық, жариялы, әділ сайлау өткізуге айрықша мән беретініне тоқталды. Өз кезегінде И.Умаханов: «Елдің жоғары заң органының сайлау науқаны маңызды саяси оқиға. Оның үстіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған саяси реформадан кейін Парламенттің өкілеті артуына байланысты бұл саяси науқанның өзектілігі бұрынғыдан арта түсті», деді. Тараптар сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына қатысты маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға да баса назар аударылды.