Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Қазақстан Президенті бастамасымен жыл сайын өткізілетіндігін айтты. Г.Әбдіқалықова атап өткендей, биылғы конкурстың маңызы ерекше, өйткені, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерінің бірі – рухани құндылықтарды сақтау және жаңғырту. Адам бойында рухани құндылықтар қалыптастыруда отбасы институтының атқаратын рөлі зор.
Конкурс қоғамдағы ізгілік пен адамгершілікті, неке және отбасы институттарын нығайтуға бағытталған. Ол биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Осы жылы байқауға 2879 отбасы қатысты, яғни 2016 жылмен салыстырғанда, олардың саны 11,6%-ға өсті (2016 жылы 2579 отбасы қатысқан). Бұл ретте қатысушылардың 36,2%-ы (1041 отбасы) – көпбалалы отбасылар (2016 жылы 1065 болған).
Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда, белгілі бір мамандықпен айналысатын әулеттер өкілдерінен құралған отбасылар саны 6,8%-ға көбейді (2016 жылы – 483, 2017 жылы – 516) және жас отбасылар саны да 6%-ға ұлғайды (2016 жылы – 472, 2017 жылы – 500). Мамыр айында барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезеңнің ақырғы мәредегі жеңімпаздарын марапаттау салтанатты іс-шаралары өткізіліп, төртінші – ұлттық кезеңге қатысатын 2 отбасы анықталған болатын. Отырыста ұлттық кезеңге қатысатын 16 үміткер бекітілді.
«Мерейлі отбасы» конкурсының финалдық кезеңінде жеңімпазды анықтауға елдің барлық азаматтары kaztube.kz сайты және СМС-хабарламалар арқылы интерактивті дауыс беру әдісімен тікелей атсалыса алады.
Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде – Отбасы күні қарсаңында шығарылады.