• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2017

Қазақтың өзін-өзі тану жолы

294 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – халықтың рухын оятқан әсерлі дүние ретінде қабылданды. Әлі күнге дейін мерзімді басылымдардың қай-қайсысын ашып қарасаңыз да осы мақаланың қызу талқыға ұласып жатқанын байқайсыз.

Елбасы көтерген негізгі мәсе­ле­лердің бірі – «таяу жылдар­дағы міндеттер». Бұл – тек Мем­лекет басшысының немесе Үкі­меттің ғана емес, күллі Қазақ­стан халқының бірігіп атқарар жұмысы. Бұл – заман талабынан туын­даған жол. Қазіргі жаңа техно­логиялардың күннен-күнге жаңарып, бірінен бірі озып тұрған шақта, «кішкентай» ұлт­тар­дың ерекшелігі мен болмы­сы ассимиляцияға ұшырап, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін. Сондық­тан ұлт­тың тарихи тамырын берік қылуы­мыз үшін, жаһандық үрдіс­ке қарсы төтеп беруіміз үшін біз әр қазақтың, әрбір қазақ­стан­­дық­­тың ұлттық санасын жаң­ғыр­туы­мыз керек! Ұлттық сана ұлт­­тық бірегейлікпен қалып­та­са­­ды. Ұлттық бірегейлікті қалып­­тас­тырудың бірінші мін­деті – ки­рил­лицадан латын қар­пі­не көшуі­міз. Латын қарпі – мұқым түркі халықтарының басын қосып, туыстығымыз бен бауырластығымызды одан әрі жақындастыра түседі. 

Екінші мәселе – қоғамдық-гума­нитарлық ғылымдардың мәр­те­бесін арттыру. Кез келген ұлттың негізгі тірегі, құндылығы – ана тілі, төл тарихы, мәдениеті, әдет-ғұр­пы, ауыз әдебиеті мен әдеби мұра­сы екені анық. Қазақтың қазақ­тығын танытып, оның дербес ұлт екенін көрсететін де осы  құндылықтары. Жаратқан ие қазақ­тың маңдайына бақ берген. Бағы – Ұлы Даламыз. Қазақтың бойына қонған құты – шешендігі, сөз өнері. Ендеше, қазақтың сүйе­гіне сіңген қасиет – қоғамдық-гуманитарлық ілімнің айналасында. Осыған орай, Елбасымыз «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын ұсынды. Гуманитарлық ғылымдардың мәртебесін көтеру үшін қаржыландыру көзін қай­та қарастыруымыз шарт. Гумани­тарлық ғылым саласына бөліне­тін грант­тар санын арттырып, ғылы­ми-зерт­теу институттары жас ма­ман­­­дарды жұмысқа тартуы керек. 

Елбасымыздың орынды көтер­ген бір мәселесі – аударма саласы. Мемлекет басшысы сан қырлы санаткер ретінде жыл сайын әрбір қазақ баласының шет тілдерін жетік меңгеріп, емін-еркін сөй­леуіне жағдай жасап келеді. Мә­се­лен, мен жас әдебиетшімін. Өзім­нің тәжірибемнен анық бір мысал келтірейін: «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмам­дап, «орыс әдебиеті» мамандығы бойын­ша магистратуралық білім алдым. Салыстырмалы әдебиет­тану ғылымымен айналысып жүрген соң, қосымша түрік тілі мен ағылшын тілін меңгеріп, дүние­танымым мен көзқарасымды жаңаша қалыптастыру үстіндемін. Қазіргі уақытта менің әдеби-эстети­калық, теориялық ойларым шетелдік басылымдарға жиі жарияланып жүр. Алдағы уақыт­та базалық білімімді тағы да шың­дасам, көркем әдеби шығар­ма­ларды «қазақша» сөйлетуіме мүм­кіндігім жетеді деп ойлаймын. Көп тілді меңгеру деген идея – қазақ баласының интеллектуал болып, жан-жақты дамуына, бә­секе­ге қабілеті зор, әлеуеті мен күш-жі­­гері­нің айқындалуына себепкер болады. 

Рухани жаңғыру дегеніміз – қоғамдық сана-сезімнің өзгеруі. Яғни, қазақтың өзін өзі тануы. Өзін өзі тану – әуелі шағын Отаны – туған жерінен басталатынын көреген басшымыз атап көрсетті. Туған жерінің тарихын білме­ген бала – болашақта Отаны­­ның дамуына үлес қоса алмай­ды. Өйткені, ол балалық шағында, туған жерінің тарихын елемей, білмей өскен. Ең үлкен кемшілік – осы. Әркім өзінің туған жері – ауылының тарихын бес саусақтай тарқатып, жетік білгені дұрыс. Елбасының «туған жер», «туған ел» хақындағы ойлары – мектеп бағдарламасына енуі керек деген пікірдемін. 2002-2005 жылдары мен бастауыш сыныпта оқып жүргенімде, «Өлкетану» деген факультативтік курс болатын, сонда сынып оқушылары ауыл-аймағымыздың тарихын, жағрапиясын түгелімен қамтып, деректер жинап, көнекөз қария­лар­мен кездесіп, әңгімелерін тың­даған едік. Сол сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Міне, осы сияқты бүгінгі күннің «компьютер басты» баһадүрлері ауылының тарихын біліп өссе, ертең атамекені – Қазақстанның сан ғасырлық қатпарлы тарихын біліп, қилы тарихынан тағылым алар еді. 

Ал Елбасымыз ұсынған «Қа­зақ­­­стан­ның қасиетті рухани құн­­ды­лықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы – туризмнің дамуына өзінің септігін тигізеді. Алыс-жақын шет мем­­лекеттерге барған сайын, олар­­дың көрікті жерлеріне барып, сая­хат­тауды ғадетке айналдырдық. Сол уақытта олардың өлкелерінің тарихымен таныстыратын экскур­сия­лық-танымдық бағытта жазыл­ған кітаптар мен карталарды сатып алып, әр парағын қызықтап шолып шығамыз ғой. Міне, осы сықылды ұлан-ғайыр мына атыраптың әрбір өлкесі, әрбір елді мекені – өзінше тарих, өзінше керемет емес пе еді. 

Меніңше, рухани жаңғыру деген – әр қазақ баласы өзінің ата-тегін ұлттық негізге сай рәсімдеуі. Сөздің шыны керек, біздің көптеген бауырларымыздың тегінде «ов», «ев», «ин» қосымшасы жазылған. Мысалы, Саркесян деген адамды армян, Кикабидзені грузин, Югайды корей, Костенконы украин екенін тегіне қарап-ақ, оп-оңай ажыратамыз. Яғни, бұлар­дың аты-жөні, ата-тегі өздерінің ұлттық негіздеріне сай жазылған. Міне, ұлттың ұлт екенін айрық­шалай­тын осындай ғана қара­пайым құндылықтар! 

Түйіндей келе айтарымыз, Елба­­сымыздың бұл мақаласы – Қазақ елінің болашағына арнал­ған бағдар­ламалық жоба іспетті. Мақалада көтерілген барлық мін­дет­­тер­ді қалтқысыз орындап, мем­ле­кет қалпы һәм іс барысында жү­зеге асыра алсақ, онда еліміздің бола­ша­ғы шын мәнінде жарқын, ұлт­тық бірегейлігі берік болады. Сон­да ғана рухани жаңғыру – Мәң­гі­­лік елдің ұлттық мұратына айналады.

Елдос Тоқтарбайұлы, әдебиеттанушы