• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2017

Әлемге «Дайдидау» деп ән салдырған

460 рет
көрсетілді

Ішкі-сыртқы тартымдылық үйлесімі мен үн тазалығы арқылы әлем сахнасына көтерілген Димаш Құдайберген Астанада жеке концертін берді. «Астана Арена» кешеніне лық толған қалың көрермен қауым сүйікті ұлдарымен сағына қауышты.

Бастан-аяқ жанды дауыста өткен «Bastau live show» концертін дүние жүзі тамашалады десек артық айтқанымыз емес. Залдағы халықтың 30-40 пайызы Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропа елдерінен келген. Әсіресе, «Димаши, Дима­ши» деп айқалаған қытайлық жанкүйер қыздардың дауысынан құлақ тұнады.

Әлемге «Дайдидау» деп ән сал­дырған Димаш әуелі сахнада жүз домбырашымен бірге әуелете күй тартып, жұртшылықты бір сер­пілтті. Онымен бірге сахнада Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қытайдың әйгілі әншісі Терри Лин, Eurovision-2012 жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлы­британия әншісі Софи Элис Бекстор өнер көрсетті. 

Бес бөлімнен тұратын концерт барысында Димаш Құдайберген түрлі образда ән салып, актерлық қырымен де танылды. Олай дейтін се­бе­біміз, поп музыканың гүлі ре­сей­лік Кристина Орбакайтемен бір­ге дуэт құрып, сахнада алғаш рет театр­ландырылған көрініс ұсынды.

– Кезінде «Славян базары-2015» ән байқауында Димаш­қа үлкен табыс әкелген ән – «Метель». Ән биіктігін, болмаса дауыс диапазонын таныту мақсат емес. Кристина Орбакайте – бұл әннің алғашқы орындаушысы. Осы себепті де шығармашылық ұжыммен ақылдаса келе дуэт құруды ойластырдық, – дейді, Димаштың әкесі, әрі продюсері Қанат Айтбаев.

Шетелдік жанкүйерлерінің де жайын ойластырған Димаш Құдайберген кеште «SOS d’un terrien en détress», «All by myself» сияқты танымал әндерді орындап, төрт тілде шарықтата шырқады. 

– Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарымның басын қосып, концерт өткізу арманым еді. Бүгін менің сол арманым орындалды – деп тебіренген Димаш көпшілікті көңілді отыруға шақырды.

Мәдениет және спорт министр Арыстанбек Мұхамедиұлы әншіні Еуропаны таңқалдырған Әміре Қашаубаевтың жалғасы деп атады.

– «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана халқымыз. Елордамыздағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтіп жатқан салтанатты кешке қош келдіңіздер. Тарихымызда өнер саңлақтары жетерлік. Сонау Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан серілердің ізін жалғап, Еуропаны таңқалдырған Әміре Қашаубаев, «әлем Фигаросы» атанған Ермек Серкебаев, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев секілді саңлақтарымызға әлем қол соқты. Өнердегі осы бір дәстүрдің жалғасындай болған Димаш үшін барлығымыз қуаныштымыз, – деді А.Мұхамедиұлы.

Сол арада тағы бір білгеніміз Димашқа Қытай, АҚШ, Еуропа елдерінен әріптестік орнатуға ұсы­ныстар түскен. Аталған елдердің ком­позиторларымен бірлесіп жа­зылған әндер таяу күндері жа­рыққа шығуы тиіс.

Ая Өміртай, «Егемен Қазақстан»