Алдымен сөз алған Астанадағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының жетекшісі, жазушы Тұрсын Жұртбай сөздің саудаға айналып отырғандығы жайында толғанды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ұлттық кодымызды білу уақыт талабы екендігіне тоқталды. Білім мен ғылым саласындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Білім саласы туралы айтқанда, мектепте еңбек сабағынан сэндвичті қалай дайындау керек деген ас мәзірін әзірлеу сабақтарының болуы бала санасының батыстық құндылықтарға бейімделуіне жол ашатындығы баса айтылды. Шараны үйлестіріп отырған Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова Елбасы өз мақаласында мақсатқа жетудің жолы сана істен алда болуы керектігін ескерткендігіне назар аударды. Бұл ретте Біртұтас ұлт болу үшін нендей қадамдар жасау керектігі және бұқаралық сананы қалай өзгертуге болары да анық жазылған. Олай болса, таяу жылдары атқарылуға жататын міндеттердің қатарында «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуіміз керек» деген міндетті іске асыру жолдары; жалпыұлттық патриотизмнің өзегі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасы; «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»; «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»; «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жобаларды жүзеге асыру күтіп тұрғандығымен бөлісті. Сондықтан да, бұл міндеттер барша қазақстандықтардың бірлесе атқаруы тиіс деп саналады. Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Виктор Терещук өз кезегінде Украинадағы жағдайды мысал ретінде келтірді. Әрбір сала бойынша жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру қажеттігі тұрғысында ой қозғаған ол бұл жағынан әлі де артта қалушылық бар екендігін атады. Жалпы, талқылау барысында Елбасының мақаласынан туындайтын міндеттерге қатысты көптеген жайт айтылды. Талқылау барысында сұрақтар қойылып, спикерлер оған тиянақты жауаптар берді. Қайшылықтарды еңсерудің жолы да аталмай қалған жоқ. Олай болса, Елбасының мақаласы Қазақстан қоғамын әрі қарай жылжытуда басты бағдар болып табылатыны жеткізілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы