• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 30 Маусым, 2017

Көрме тыныштығы қатаң қадағаланады

245 рет
көрсетілді

Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырыл­ған көрмесін өткізу кезінде күн сайын ішкі істер органдарының 5 мыңнан астам қыз­меткері кезекші­лік­ке шықса, соның 2 мыңнан аста­мы көрме аумағында қызмет атқара­ды екен. Көрме қалашығында қауіп­сіздікті қамтамасыз ету орталығы, полиция бөлімі және өрт сөндіру депосы тұрақты жұмыс істейді.

Көрме кешеніне кіретін қақпалар­да тексеріп өткізу жүйесі барынша күшейтілген. Рентген-телевизиялық қондыр­ғылардың, металл және жарылғыш заттарды анықтайтын детекторлардың көмегімен тексеріп-қарау жүргізіледі. «ЭКСПО нысандарының арнайы комиссиясы жарылғыш заттарды, радио­ак­тивті, химиялық және басқа да компо­нент­терді анықтау мақсатында күн сайын тексеру жүргізіп отырады. Кинологтар жарылғыш заттарды іздеуге үйретілген қызметтік иттермен көрменің автотұрақтар аумағы мен кіретін есіктерін тексереді. Мобилді тексеріс кешені көмегімен көрме аумағына кіргізілетін тауарлар мен жүктер мұқият қаралады», дейді мамандар. Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын тіркелмеген ұшу аппараттарының көрме аумағында ұшуына жол бермес үшін 3 шақырым радиустегі аумаққа және 3000 метр биіктікке шектеу қойған болатын. Ұшқышсыз ұшатын ұшу аппараттарын басқаратын сигналдарды бөгеуге радиоэлектронды қондырғылар пайдаланылады. Бұл топ әуені құрылғы арқылы қадағалайтын полицияның жедел тобымен бірге жұмыс істейді. Әуені қада­ғалау құрылғылары көрменің аумағы­на және оған жақын көшелерге де орнатылған. «Елордадағы әрбір мәдени-көпшілік, спорттық және қоғамдық-саяси іс-шаралар Ішкі істер министрлігінің қатаң қадағалауында. Шаралар қауіпсіз өткізілуі үшін тиісті күш пен құралдар бөлініп, арнайы мониторинг жүргізіледі. Көрме ашылған уақыттан бері оның аумағында 100 шақты мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді», дейді мамандар. ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде қаладағы қонақ үйлер мен қонақ жайлар­дағы қоғамдық тәртіп күзетіне 110 полиция қызметкері бөлінген. Олардың саны елордаға келген қонақтардың мөл­шеріне байланысты толықтырылып отырады.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»