• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Маусым, 2017

Топинамбур ауаны тазартады

187 рет
көрсетілді

Мұнайлы аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуды жергілікті тұрғын­дар да қолға ала бастады. Атырау қаласының тұрғыны Арман Хайруллин Сарайшық ауылындағы бір гектар жерге топинамбур өсімдігінің бес сұрыбын отырғызған екен. Ондағы мақсаты – облыс орталығы мен Қарабатан зауыты арасында жасыл белдеу жасау.

Бірнеше жыл бұрын зауыт маңындағы Соколок өзегінің бойынан жасыл белдеу жасау жөнінде мәселе көтерілген еді. Алайда, жайқалып кеткен желекті көз көрген жоқ. Өндіріс ошақтарының қоршауында тұрған облыс орталығының экологиясын сауықтыруға аз да болса үлес қоссам деген азаматтың бастамасын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қолдады.  «Егер биыл Соколов каналы маңынан үш мың гектарға топинамбур ексек, екінші жылы одан отыз мың гектар жерге жететін тұқым аламыз. Оны облыстың барлық фермерлеріне мал азығы ретінде өте төмен бағамен сатуға болады», дейді Арман Хайруллин. Топинамбурдың бір кереметі күнделікті тұтынар тамақтан бөлек малға азық болады, дәрі-дәрмек жасау үшін де осы өсімдік пайдаланылады екен. Ал Атырауға ең қолайлысы оның орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөлетіні. Топырақтың құнар­лы­лығын арттыратын қасиеті тағы бар. «Өндірісті Атырауға жер алмұртын егіп, оттегіні көбейтуге болады. Кез келген эколо­гия­лық шара бастапқыда қаржыны қажет етеді, алайда халықтың денсаулығы қай сома­дан да жоғары», деген кәсіпкер бизнес-жобасы­ның сәтті жүзеге асарына сенімді. 

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ