Әріптесімнің баяндауынша, әлемдік мұнай монополисі Сауд Арабиясы «қара алтынның» әлемдік нарықтағы бағасын күрт құлдырату арқылы АҚШ тақтатасынан мұнай мен газ өндіре бастаған компаниялар жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр еткенімен, осыдан арыға шамасы келмейтін түрі бар. Өйткені, АҚШ компаниялары мұнай бағасы күрт құлдырап кеткен соңғы бірер жылдың өзінде өндірістерін доғарғанымен, уақытты босқа жібермепті. Олар ғалымдардың көмегімен тақтатастан неғұрлым арзан бағаға мұнай мен газ өндіретін тіптен жаңа технологияға қол жеткізіп үлгерген. Сөйтіп, ендігі кезекте АҚШ-та басталып кеткен тақтатас төңкерісін әртүрлі амалдармен тежеп отырудың өзі оңай болмайтын түрі бар. Сонымен, әлемде тақтатас (сланец) төңкерісі басталып кетті дейік. АҚШ-та басталған бұл үдерістің күні ертең бізге де жетіп келмесіне кім кепіл?! Бұлай деп ой қозғауымызға соңғы кездері мықтап белең ала бастаған мына факторлар себеп болуда: Біріншіден, жаңа технологиялар қазір барынша жедел таралу үстінде. Оған сол технологиялардың жедел таралуына ықыласты болып отырған бизнес түрткі болуда. Мәселен, осындай ниеттегі АҚШ компанияларының жаңа технологиялары қазір басқа елдерге де қолжетімді бола түскен. Екіншіден, тақтатастың мол қоры тек АҚШ-та ғана емес, басқа елдерде де бар екендігі анықталуда. Еуропалық елдердің арасында осындай көлемді қор Германиядан табылып, оны өндіруге АҚШ-тың ExxonMobil компаниясы шақырылған. Деректерге қарағанда, Германиядағы сланецтің анықталған қорынан 1,3 триллион текше метр газ өндіруге болады. Бұл елдің «көгілдір отынға» деген қажетін 13 жыл бойы өтеуге жетеді. Сондай-ақ, көршіміз Өзбекстанда да тақтатастың мол қоры бар екендігі анықталған. Жалпы, халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша әлемде кәдімгі мұнайдың 1,3 триллион баррель қоры болса, тақтатас мұнайының қоры 5 триллион баррель деп есептеледі. Сарапшылардың бірқатары осы қордың басым бөлігі АҚШ-та шоғырланған деп есептесе, енді бір сарапшылар Қытай мен Ресей қоры да одан кем түспейді деп санайды. Бұл туралы әлі бір ортақ тұжырымның болмауына тақтатас қорларының әлемде әлі толық зерттелмегендігі әсер етіп отырса керек. Енді біз өзімізге келейік. Қазақстанда тақтатастың мол қорының бар екендігі осыдан көп бұрын, өткен ғасырдың 50-60-жылдарының өзінде анықталған болатын. Геология институтының қызметкері Борис Цирельсонның деректері бойынша, Қазақстандағы тақтатас қоры 5-6 миллиард тоннаны құраса, соның 4-4,5 миллиард тоннасы бір ғана Кендірлік кен орнында (Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы), қалған елеулі бөлігі Байғожа (Оңтүстік Қазақстан) және еліміздің батысындағы Орал маңайы кен орындарында шоғырланған. «Бұл кен орындарындағы тақтатас қоры жердің беткі қабатында, яғни 10 метрге дейінгі тереңдікте жатыр. Жер бетіне таяу орналасқандықтан кезінде оларды карьерлік тәсілмен-ақ өндіруге болады деп есептелген. Өкінішке қарай, елімізде соңғы онжылдықтарда тақтатасқа қатысты геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Сондықтан, жердің терең қойнауларында не бар екендігін біз біле бермейміз», дейді Б. Цирельсон. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын, «Егемен Қазақстанға» қызметке енді орналасып жатқан кезімде пойызда келе жатып, бір мықты геологпен әңгімелескен едім. Ол кісінің айтуы бойынша, Зайсандағы тақтатастың қоры өте мол. «Ол қор Зайсан мен Аягөзге дейінгі аралықта жер астындағы тау секілді созылып жатыр», деген еді сол геолог. Б.Цирельсон айтып отырған Кендірлік кен орны – Зайсан ауданының аумағында жатқан шағын жер. Ал геолог ағамыз айтқан жердің көлемі өте үлкен. Сондықтан, бұл жерде Б.Цирельсон Зайсандағы тақтатастың нақты анықталған көлемі, ал геолог ағамыз болжамды көлемі туралы әңгіме қозғады деп ұғамыз. Яғни, терең барлау жұмыстарын жүргізетін болса, Зайсан тақтатасының қоры қазіргідегіден әлдеқайда мол болуы мүмкін.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»