• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2017

Алтын бесік

891 рет
көрсетілді

Ескісін жамап, ешкісін сауып, қойын құрттап, айранын ұрттап мал­шылықпен, бақташылықпен, ұс­та­лықпен, саятшылықпен, аң­шы­лық­пен шұғылданған қарапайым қа­зақтың әрбір ауылында алтын ба­лық үйіріндей ақылды, арлы ақ­са­қал­дардың «Сүйек сындырма, ата атан­дыр­ма!» немесе «Жер – Ана, Орман – Ата, Су – Қан», «Ауа – Жан», «Жел – Рух» дейтін асыл ойлары мен әйгілі ізгілікті әрекеттері болатын. Міне, осы жағдай сол бір көбелек қуған, қо­зы, бұзау баққан, тезек терген, отын-су тасыған ауыл балаларының әде­п­ті дағды-машығын, таным-тү­сі­ніктерін, көзқарасын, ой-санасын, тө­зім-рухын, тұрмыс-тіршіліктегі ұс­танымын қалыптастырған еді.

Ежелгі дәстүріміздегі кіндік шеше таң­дау, бесік жырының рухында тәр­би­елеу, тіл сындыру һәм ұстарту, са­намақты үйрету, тайға мінгізіп, айда­ры­нан жел есіп, ат ойнатар, даланы дүбірлетер ер болар ма екенсің деу, жануарлар мен құстардың, төрт тү­лік атаулының дыбыс шығару ерек­ше­ліктерін үйрету, ұяңдыққа баулу, үл­кенге ізет көрсету және қарияны ат үс­тінен түсіріп алу, кісі алдын кеспеу, бет жыртыспау, «қусынып сөйлемеу, құл­шынып жемеу» сияқты жақсы қа­си­еттерді болмысына дарытады.  Өмірдің базары, қызықты тіршіліктің, халық тілінің ежелгі кеніштерінің қа­си­ет­ті ордасы – ауыл. Ән өнері, айтыс өне­рі, ертегішілік, дастаншылдық, жыр­шы­лық, ойыншылық, ат бәйгесі, балуан күресі – ауылдың рухани келбетін ай­қындайды. Я болмаса ұлттық салт-дәс­түрлер, ойын-сауықтар, мейрамдар, тұрмыстық әдет-ғұрыптар, ыдыс-аяқ­тар, киім-кешектер, ат-әбзел, үй жану­ары атаулары, ою түрлері, әсемдік бұй­ымдары, ұлттық тағамдар, киіз үй ауыл бейнесін елестетеді.  Негізінде, ХIХ ғасыр басында инже­нер И.Шангин Нұра бойында шо­ғыр­лан­ған 4 мың киіз үй көргенін жазған. Есіл-Нұрадағы «Тоғанастың 92 көлінде қа­лың ел болған. Қазақ ауылының сә­у­леті қандай десеңізші! Бұлар ауыл ба­ласының ұлт тарихына, дәстүрлі мә­де­ниетіне, этнографиясына қатысты бі­лім-білігін толықтырып байытады. Бір мысал. 10-12 үйі ғана бар шап-шағын ауылда Шәкәрімнің шежіресін ешкімге тіс жармай оқитын өзі әпенді, аңқау, майдангер Қабдеш ақсақал: «Миым шағып, көзім қарауытып, құлағым шуылдап, өкпем сырылдап, жүрегім қағып, асқазаным күйіп, тізем қалтырап, балтырым сыздап, сегізкөзім сіресіп, та­баным қызып» деп, неше алуан фра­зеологизмдерді тізетін-ді. Қабыл дей­тін атамыз көріпкел, ертегіші еді. Ел абы­зы Әутәліп тұтас ауылдың жанашыр, қайырымды қамқоры болды. О кісі аттың үстінде жүрсе де әкем кә­де­лі сыбағасын маған апарғызатын. Жа­рық­тық, төгілдіріп батасын беруші еді.  Қазақ: «Жылқының еті де – жел, сүті де – жел, үсті де – жел» деп құрметтеген. Ақ ауылдың сәні жоқ,Топталып жылқы үйез­деп, Ноқталы құлын күйездеп, Тар­т­қан желі болмаса, − деген Дулат Ба­ба­тайұлының лебізінде ауыл ажары ай­қын өрнектелген. Мыңды айдаған қа­зақтың атақты байлары бірөңкей ақбоз, не бірөңкей қаракөк, я болмаса бірөңкей сүлік қарадан жинаған, іріктеген. Себебі, байтақ даланың өңін теңіздей толқыған бояу-түстермен келістіре түсу мақсатында. Бұ да ауыл баласын таңғажайып бір көркемдік көзқарасын қалыптастырады емес пе.  Ауыл баласы – «жалаң аяқ жар ке­шіп, қызыл аяқ қыр кешкен» табиғат пер­зенті. Жастайынан жаратылыс сы­рына, үлкендердің тәжірибесіне ортақ­тасады, халық тілінен сусындайды. Өсімдіктер әлемімен, жәндіктер дүниесімен етене жақындасады. Көреді, ұстайды, көңіліне түйеді. Задында, қазақ тілінде бес мыңдай өсімдік атаулары бар. Айталық, Көкшетаудың Абылай хан әулеті қоныстанған Елікті тауының Жіңішке аталатын тоғайында төрт түлік сүйсініп жейтін шөптің 50 түрі бар екен. Осыларды қазақ қоғамының балауса балғындары біліп өсті, қасиеттерін айыра білді.  Ауыл баласы ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да, еңбектенуге де айрықша тө­зімді. Әрі көргіш, әрі сезімтал! Зат­ты­лығы қандай! Сахна саңлағы Серке Қожам­құ­лов­тың: «Туған жерім – менің тұңғыш те­атрым. Осында талай шығармаға кей­іпкер боларлық неше түрлі адамдар болды... Ауылдастарымның мінез-құл­қын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, дра­ма­лық нотасын үйрендім, сабақ алдым. Соларды айнытпай жасауға, дауыстарын дәл салуға тырыстым» дегені бар.  Бұл күнде атақтылар туған ауыл­дардың тағдыры ойландырады. Бес мың жылдық тарихы бар Ботай, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин туған Қойсалған, академик Ебіней Бөкетов дүниеге келген Дағанаты, мемлекет және қо­ғам қайраткері Кәкімбек Салықов ту­ған Еңбек және басқа да ауылдар, Абайша айт­қанда, «елсіз жер де тұрғандай хаққа мүл­гіп». Бейімбет Майлин «Гүлденсе ауыл – гүл­денеміз бәріміз!» деп мәлімдеген-ді. Ендеше, республика аумағында алтын бесік ауылға жан-жақты қамқорлық жасау, ахуалын жақсарту – ауыл баласын, яғни адам капиталын өркендету деген сөз!