Қазақ өлеңінің айтулы жүйрігі Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы – исі қазақтың жүрегіне жол тапқан туынды. Желдірмелетіп кеткенде жыр жаратылысын, қара өлең құбылысын көз алдыңа келтіретін ақынның сұлулық пен бекзаттықты, тәкаппарлық пен асқақтықты, адал махаббат пен шынайы сүйіспеншілікті жырлайтын бұл шығармасы қазақ қызының ғана емес, тұтас қазақтың тағдырын өзек етеді. Қазақ пен қалмақ арасындағы бітіспес дау арқылы адамгершіліктің ақ жолын насихаттайды. Сол шығармада Құралай бейнесі асқақтай көрініп, көркемдік көкжиегімен көпті таңдандырады. Жалпы, Жамбыл облысында үш мыңнан аса обалар мен көмбелер бар. Сондай-ақ, мыңдаған тарихи-мәдени ескерткіштер тағы бар. Мойынқұм жеріндегі Құралай сұлу кесенесі де бүгінде республикалық маңыздағы тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген. Дегенмен, осы бір әдеби кейіпкердің мазары осыдан аз жылдар бұрын ғана мүлде жоқ болып кетудің алдында тұрды. Егер дер кезінде кесенені қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегенде, бұл нысан, сөз жоқ, болашақ ұрпақтың есінде болмайтын да еді. Бұл күнде Құралай сұлу кесенесі алыстан айбарланып көрінеді. Кесене Ұланбелдің қызыл тасынан қаланып тұрғызылған өз алдына биік ғимарат іспетті. Ал кесенені қайта қалап шыққан Өзбекстанның Әндіжан қаласынан арнайы шақыртылған шеберлер екен. Алдағы уақытта Құралай сұлу кесенесін туристік орталыққа айналдыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өмірден өткеніне екі жарым ғасыр болса да ел есінде сақталып келе жатқан қайсар қыздың тағдыры кім-кімді де қызықтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар кейіпкердің әрбір буынмен бірге жасай беретіні ақиқат.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы