Елбасы ширек ғасырдан аса уақыт ішінде елін әлемге танытты. Өзі де көрнекті саясаткер ретінде менмін дегендермен иық тірестіріп тұрған сәттерін көргенде – мерейің өседі. Кеткен есенің қайтқаны осы-ау деп, тәубеме келемін.
Мен тоқсан жастан асқан өмірімнің көбін Қазақ елінің білім саласына арнадым. Қарапайым мұғалімдіктен бастап, біраз лауазымды жұмыстар атқардым. Соның ішінде 1974-1987 жылдар аралығында Оқу министрі қызметінде болдым. Сол тұстарда Нұрсұлтан Әбішұлымен жақсы араластым. Ал Нұрекеңмен бірінші рет Қарағанды қаласында жастарды еңбекке баулуға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда танысқан едім. Ол кезде Н.Назарбаев Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болатын. Сол жолғы жүздесуге себепші болған Қазақстан Орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ардақты жан Санжар Оразұлы Жандосов еді. Санжар Нұрекеңді бұрыннан білетін болып шықты.
Нұрсұлтан Әбішұлы жарқылдап, жайнап тұрған азамат екен. Біраз пікірлескеннен кейін ол бізді көмір шахтасына апарып, жұмысшылармен жүздестірді. Сонда бір байқағаным, оған деген жұмысшылардың ерекше ілтипаты еді. Мен іскер жанға содан бастап тілекші болып жүрмін.
Нұрсұлтан Назарбаев кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне хатшылық қызметке ауысып келгенде, бұрынғыдан да жақсы қарым-қатынаста болдық. Жиі кездесіп жүрдік. Ол қырық төрт жасында Қазақстан Үкіметінің басшысы болып тағайындалды. Сол тұстағы мына бір жан сүйсінтер оқиғаны еске сала кетсем деймін. Үкімет басшылығына тағайындалардың алдында Мәскеудегі биік лауазым иелерінің келісімін алатын үрдіс болды. КОКП-ның бірінші хатшысы К.Черненко әңгіме үстінде екінші хатшы Е.Лигачевтен Нұрекеңнің қанша жаста екенін сұрағанда ол: «44-ке қарай қадам басты, Константин Устинович. Ең жас премьеріміз осы болады», депті. Міне, мұның өзі қазақ басшысының қарым-қабілетін ұғыну, әрі бағалау екені анық.
Үкімет басшысы алғырлығымен бәрін де тез меңгеріп кетті. Қасында жүргендердің өзі оның іскерлігіне, шешім қабылдау кезіндегі білім-білігіне тәнті екендерін жиі айтатын. Өзім де ондай тиянақты жұмыстарына талай куә болдым. Ол тұста мектеп құрылысы басталғанмен, уақытында бітпей жататын. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы жан-жақты қарастыра келіп, білім ғимараттарын жаңа оқу жылына сай етіп жабдықтау, басталған құрылысты уақытында аяқтауды тез шешіп отырды. Оған бір дәйек келтіре кетейін. Еліміздің үш қаласынан, нақтылай түссем Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларынан қазақ жастарына арналған әскери мектеп ұйымдастыру көзделген еді. Бұл жұмыс Алматы мен Шымкентте шешімін тапты да, Қарағандыда мәселе туындады. Менің ұсыныстарымды Қарағанды облысының басшылары түрлі сылтаулармен кейінге ысыра берді. Осыған Нұрсұлтан Әбішұлы өзі араласып, ондағы мектеп-интернаттың да, әскери мектептің де жұмысын тез шешіп берді. Ол кісі қай кезде де бала тағдырына атүсті қарамайтын. Жағдайды айтсаң бар мүмкіндікті іске қосатын. Оның орындалуын қадағалап отыратын.
Мен тәуелсіздіктен кейінгі тұстағы Президенттің білім мен ғылым саласына ерекше зейін қойып келе жатқанын көріп отырмын. Ол кісінің келешек жастың кемел болып өсуіне екі қоғамда да ерекше мән бергенін аңғарып қана қоймай, риза боламын. 1986 жылы Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте болып, оқу бағдарламасымен жан-жақты танысқаны бар. Ұстаздармен, оқушылармен ой бөлісіп, өтініш-тілектеріне көңіл аударып, бәрімізге нақты тапсырмалар берді. Шынында, қай кезде де білім саласында проблема аз болмаған. Өйткені, толқын-толқын ұрпақтың көңілінен шығу үшін тынымсыз жұмыс істеуің керек. Біз мұны бастан көп өткердік.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісі аяқ астынан бұрқ ете түсті. Бұл күтпеген оқиға еді. Ауыр кезең басталды. Ақыл-парасатқа жүгінуге тура келді. Жастардың екпіні қатты көрінді. Оқу министрі ретінде бұл оқиға маған да ауыр тиді. Сөйтіп отырғанымызда, Орталық комитеттен телефон соғылып, кешке республикалық активтің мәжілісі болатынын жеткізді. Айтқан уақытта түн жамылып жиналдық. Бәріміздің өң-түсіміз өрт сөндіргендей. Көңіл жабырқау.
Актив мәжілісін Г.Колбин ашып, сөзді Орталық комитеттің хатшысы З.Камалиденовке берді. Оның айтқаны, жастардың бұлай бүлінуі, ұлтшылдық танытуы дұрыс білім беріп, тәрбие үйретпегендіктен, оған Жоғары және орта білім министрі К.Нәрібаев пен Оқу министрі мен кінәлі деген сыңайда әңгіме өрбітті.
Осыдан кейін барлық оқу орындары тексерілді. Біздің министрлікті де қағып-сілкіді. Бұл аз болғандай, КСРО Оқу министрінің орынбасары бастаған 25 адам келіп, олар да аянып қалмады. Бір күні мені өздеріне шақырып алып, «Сіздерде неге араб тілін оқытатын мектептер ашылған, жоғары оқу орындарында да білім бере бастапсыздар, бұл қалай?» деді. Мен Қазақ елі араб жұртымен ежелден мәдениет, экономика – барлық салалар бойынша қарым-қатынас жасап келгенін, көптеген дүниелеріміз төте жазумен таңбаланғанын айтып, өз уәжімді дәлелдеп бақтым. Тарихымызды зерттеп, зерделеуде бұрын бола қоймаған араб тілі мамандарын уақытқа қарай қайта дайындау қажеттігі туғанын да алға тарттым. Бірақ олар менің бұл сөзіме илана қоймады. «Сіздер тарихты білуге талпынған мамандарды емес, молдалар дайындауға ұмтылып отырсыздар», деп бастырмалатты.
Ақыры осындай қадалулардың қорытындысы бойынша менің мәселем бюрода қаралып, Колбин шара қолдану керек деген ұсыныс жасапты. Бірақ Үкімет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің кадрын қорғап, хатшының ұсынысын қабылдаттырмай тастапты. Егер Назарбаевтан басқа біреу болса, маған шара қолданары анық еді. Әйтсе де, Колбин 1987 жылы мені зейнетке шығарып тынды. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы маған көп қарайласты. Мүмкіндіктер жасады. Бұл үшін оған алғысым шексіз.
Алда айтқанымдай, Нұрекең тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жердегі білім саласына жасаған қамқорлығын ешнәрсеге теңгермес едім. Елдігімізді алғаннан кейін мықты кадрлардың керек екенін Президент алдын ала ойластырып, «Болашақ» бағдарламасын қабылдады. Оны жақсы бітіріп келген азаматтар қазір үлкен-үлкен мекемелерді, ұлттық компанияларды, министрліктерді басқарып отыр. Назарбаев зияткерлік мектептерін, Назарбаев университетін ашып, өз мемлекетімізде де білімді тиянақты берудің үлгісін орнықтырып, әлемдік деңгейдегі жоғары деңгейлі мамандар дайындау бойынша да игілікті істерге ұйытқы болды. Осы білім ұяларында оқыған жастардың біразын білемін. Пікірлесіп те тұрамын. Олар әлемдік өреде өсіп-өркендеулер туралы айтып, оған жетудің жолдарын таратқанда риза боламын.
Ал Арқа төсінен айбынды Астана салып, төрткүл дүниеге танылуымыздың өзі неге тұрады! Қазір елордамыз білім мен ғылымның да, саясаттың да, мәдениеттің де алтын ошағына айналды.
Осы арада мына бір өткен күндер еске түсіп отыр. Мен 1945 жылы орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға баруға бекіндім. Ол кезде солтүстік облыстарда педагогикалық институттар жоқ еді. Мұғалімдерді тек педагогикалық училищелер дайындайтын. Алматыға Қызылжар, Новосібір арқылы 5-10 күн жүріп әрең жететінбіз. Тура баратын пойыз жоқ. Бір стансадан, бір стансаға ауыса беретінбіз. Қазір барлық өңірлерде жоғары оқу орындары бар. Қалағаныңа қиналмай барып оқи бересің. Мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының қабілет-қарымымен, білім-білігімен, іскерлігімен, ізденісімен, парасаты пайымымен жүзеге асып жатқан игілікті жұмыстар деп топшылаймын. Тіпті, төрткүл дүниені тамсандырған ЭКСПО-2017 көрмесінің тағылымы қазақ тарихына алтын әріппен жазылары шүбәсіз.
Қазақ халқын, бірлігі жарасқан өзге ұлт өкілдерін айрандай ұйытып, бес қолдың саласындай әдемі тірлікте салтанатты күн кештіріп жатқан бүгінгі өміріміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің көрінісі деп батыл айта аламын. Төрткүл дүниеге қарап отырсаң, тәуелсіздігін алған елді бастаған басшының ақыл-парасаты тең түссе, өрелі өркендеу, қарышты даму болып отырған. Біздің Қазақ елі де Елбасының сара саясатының негізінде дамудың әлемдік деңгейіне көтеріліп келеді. Елдіктің алғашқы жылдарындағы аласапыраннан арылып, дамудың даңғыл жолына түстік. Осының көбі Мемлекет басшысының бағдарлы Жолдауларында, «Қазақстан-2050» Стратегиясында тайға таңба басқандай нақты көрсетілді. Бұл ауқымды елдік жұмыс десек, Нұрсұлтан Әбішұлы жеке адамдарға да әркез көңіл бөліп, жағдай жасап, ілтипат танытып келеді. Мен секілді қарттарға да құрмет көрсетуі ерекше. Мысалы, алпысқа толған шағымда да, жетпіске келген тұста да, сексеннің сеңгіріне көтерілгенде де, тоқсанның шыңына шыққанда да – Нұрекең көрегенді сөзін айтты. Өңіріме «Парасат» орденін тақты. Күні кеше Тәуелсіздіктің 25 жылдығы медалін табыстады. Алқалы жиындарға шақырып, сәлемін үзбейді. Осы үлгі кейінгілердің де бойынан табылып жатса деген тілегімді де айта кетуді парыз санаймын. Бізге көп дүниенің керегі жоқ. Ізет болса болғаны.
Тоқсанға келгенімде Нұрсұлтан Әбішұлы құттықтау хатын жіберді. Сол хаттағы мына бір жақсы сөздерді анда-санда қайталап оқып, бір жасап қаламын. Соның кейбір үзінділерін газет оқырмандарына да ұсынсам деймін: «Қазақстандықтар Сізді еліміздің халыққа білім беру саласында көп еңбек сіңірген белгілі мемлекет қайраткері ретінде құрметтейді... Сіздің зор ұйымдастырушылық қызметіңіздің нәтижесінде Қазақстан халыққа білім беру жөнінде бұрын одақтас республикалардың арасында алдыңғы орындардың біріне көтерілді. Балалар қорының жұмысына білікті басшылық жасау арқылы жас бүлдіршіндердің алаңсыз білім алып, жақсы азаматтар болып қалыптасуына ықпал еттіңіз», деген екен.
Міне, кішілік те, кісілік те осындай-ақ болар. Мен тоқсаннан асып, жүзге бет алған шағымда тәуелсіз еліміздің айбынды Астанасының мерейлі мерекесіне орай, қиын кезде қиюын тауып, іргетасын қалап, төрткүл дүниеге танытқан ерен еңбек иесі дара да, дана азаматымыз Елбасын да құттықтағым келеді. Алда да Қазақ елінің мерейі өсіп, бүгінгі шырқау биігінен де жоғарылай берсін, қыран қанаты талмасын деген тілек пен ойымды қорытындылағанды жөн көріп отырмын.
Қажахмет Балахметов, мемлекет және қоғам қайраткері
Жазып алған Сүлеймен Мәмет, «Егемен Қазақстан»