Барша жұрт таныған бас қала Дүние жүзінде 251 мемлекет бар екен. Олар түгелдей БҰҰ-ға мүшелікке өтпесе де, біздіңше, бәрі дерлік тәуелсіз, дербес мемлекеттер болуы керек. Араларында ірілері де, бар-жоғы біздің бір аудан көлемінен аспайтындары да жоқ емес. Арал мемлекеттер мен қала мемлекеттер де кездеседі. Мұны біз не үшін айтып отырмыз? Жер-жаһанда осыншама мемлекет бар екенін, қазақтың кең пейіліне қарай әлемде тоғызыншы орын алатын аумақтың бұйырғанын айта отырып мақтану үшін, әрине! Және мұны мақтануға әбден болатын мәселе деп білеміз. Дүние жүзінде алақандай жер үшін қырық пышақ болып қырылысып жататын халықтар аз ба? Тіпті, аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын егемен ел атану тұрмақ, өзімдікі дейтін ұлтарақтай жері болмағандықтан, дербестігіне қол жеткізе алмай пұшайман күй кешкен ұлыстарды да жақсы білеміз емес пе?! Қазақстан халқы бүгінде жерімен ғана емес, тұтастай елімен де мақтана алады. Егемен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал ішкі, сыртқы саясатының арқасында көптеген ұлт пен ұлыс мекен ететін кең-байтақ Отанымызда этносаралық татулық пен дінаралық келісім салтанат құрған. Мемлекет басшысының жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеуімен Қазақ елі жыл өткен сайын өсіп-өркендеп келеді. Халықаралық қоғамдастық алдындағы беделі де адам айтқысыз деңгейде арта түсіп отыр. Елбасы дегенде алдымен ауызға тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсуге үлкен үлес қосып қана қоймай, әлемдік саясаттың әмбебап қаласына айнала бастаған әсем қала – Астана ілігетіні анық. Елорданы бүгінде жұртшылық Елбасының төл перзенті санайды және мұны өте орынды пікір дегеніміз абзал.
Діндер съезі келісімге үндейді Бүгінде әлем таныған Астана, сонымен қатар, халықаралық саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық іс-шаралардың да орталығына айналып келеді. Осындай әлемдік деңгейдегі ауқымды халықара лық шараның бірі – Елбасының бастамасымен ұйымдастырылып, бүгінде әр үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері. Ол алғаш рет елордада 2003 жылы қанат қақса, содан бері тағы төрт мәрте ұйымдастырылды. Съезд 2006 жылдан бастап осы шара үшін деп арнайы салынған, бүгінде «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайында өткізіліп келеді. Съезд шақыру бастамасын да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халықаралық қауіпсіздік саласын нығайтуға қосқан үлесім болсын деп көтергені күмән туғызбайды. Қазіргі таңда еларалық жанжалдардың басым бөлігі бөлінушілік пен діни дүрдараздық салдарынан туындап жататыны жасырын емес. Міне, осы проблеманы сәл де болса жеңілдету мақсатында шақырылып жүрген съездер кезінде, тіпті, бір-біріне қол бермейтін дін өкілдерін бір үстел басына отырғызып үнқатыстырудың сәті түссе, бұл осыған дейін ешбір елде, ешбір жерде болып көрмеген оқиға еді. Жақында Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен түрлі елдерден келген, түрлі діндер көшбасшыларының қатысуымен алдағы жылы өткізілетін VІ съезге байланысты хатшылық отырысы болды. Онда VІ съездің күн тәртібі мен ұйымдастырылатын мерзімі бекітілді. Сөйтіп, кезекті съезд 2018 жылғы қыркүйек айында өткізіледі деп шешілді. Жалпы, бұл съездердің әлемдегі түрлі діндерді жақындастырудағы рөлі өте жоғары екенін айта кеткен жөн.
Аспанда «Астана рухы» қалықтады Қазақстанның елордасы куә болған саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық шаралар ауқымы жыл өткен сайын кеңейе түсіп келеді. Осы орайда, Отанымыздың сыртқы саясаттағы ең үлкен табысы деп Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) мен Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық құқын жеңіп алып, осы халықаралық беделді ұйымның 11 жыл бойы өткізілмей келген саммитін ұйымдастыруын атасақ, қателеспейтініміз анық. Және Ұйымға төрағалық ету құқын жеңіп алып қана қоймай, оның саммитін ұйымдастыруға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ауқымдағы жоғары беделінің арқасында қол жеткізгеніміз тағы даусыз. ЕҚЫҰ-ның Еуропа, Солтүстік Америка, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказдағы 56 мемлекеттің басын қосқан жетекші ұйым екені белгілі. Басқалай айтқанда, Владивостоктан Ванкуверге дейінгі еуроатлантикалық ареалдағы мемлекеттерді біріктірген бірегей құрылым болып табылады. Оның басты бағдары – үнқатысу арқылы қауіпсіздік саласындағы түйткілдердің түйінін тарқату және оны мәмілегерлік, ынтымақтастық жолымен бекемдеу. Бұл іргелі халықаралық ұйымға жүктелетін міндеттің үлкен, артылатын жауапкершіліктің зор екенін білдіреді. Қазақстан осы беделді құрылымның төрағалығына қалай қол жеткізді? Қазақтың дархан даласында ұйым саммитін өткізуге ықпал еткен не нәрсе? Тіпті, төбебилік тізгіні қандай өлшемдерге сәйкес сеніп тапсырылды? Тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында-ақ еліміз көпқырлы серіктестік қағидатын батыл ұстанды. Ұлтымыздың сыртқы саясаттағы стратегиялық өзегі көпқырлылық және ашықтық болды. Осы себепті де, Астана сыртқы саясатта жетекші халықаралық ұйымдармен, әлемдік державалармен ықыласты ықпалдастықты дамытуды бағдаршам етіп алды. ЕҚЫҰ-мен өзара мүдделестікке негізделген серіктестікті нығайтуды мақсат тұтты. Ал бұл Ұйым да қуаты жағынан дүние жүзіндегі төртінші ядролық арсеналға ие болған, кейін одан өз еркімен бас тартқан және осы бастаманы халықаралық қоғамдастыққа барынша насихаттаған Астанамен үйлесімді үнқатысу орнатуға бейілді еді. Ұйымға төрағалық пен оның саммитін өткізу жұмыстарының сеніп тапсырылуы – Қазақстанның, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілікті, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді, саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен, жаңа мемлекет құрудың эволюциялық жолын табысты таңдаған, халықаралық қоғамдастық пен түрлі бағыттағы байланыстардың соны моделін орнықтырған саясатына берілген оң бағаның нәтижесі деп сеніммен айтуға толық негіз бар. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы мен оның саммиті табысты аяқталып, Алаштың абыройын асқақтатты. Зеңгір көкте «Астана рухы» қалықтады.
«Астана процесінен» нәтиже күтіледі Астана – бүгінде басқа да жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар табысты өтіп жүрген үнқатысу алаңы. Олардың қатарында ТМД елдерінің түрлі деңгейдегі басқосуларының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) отырыстарын атауға болады. Бұл екі құрылымның Қазақстан үшін маңызы ерекше. Алғашқысы – бұрынғы кеңестік кеңістік республикалары – бүгінгі егемен елдердің интеграциялық байланыстарын бұзбай, түрлі саладағы қарым-қатынастарын дәстүрлі негізде жалғастыруын көздесе, екіншісі – тікелей Қазақстан басшысының бастамасымен құрылған бірлестік ретінде өңір елдері арасындағы өзара ықпалдастық пен сенім шараларының тереңдей түскеніне мүдделілік танытады. Астананың халықаралық қоғамдастықта ерекше орны бар қала екенін көрсететін кезекті ауқымды іс-шараның бірі деп басталғанына алты жылға таяп қалған Сириядағы қарулы қақтығысты тоқтату бойынша төрт бірдей раунд өтіп, «Астана процесі» деген атауға ие болған сирияаралық келіссөздерді атап айтуға болады. Жалпысында, Сирия мәселелері бойынша өткізіліп келе жатқан Астана процестері Женева келіссөздері сынды халықаралық кездесулерді толықтырушы қызметін атқару үстінде. Өз алдына автономды ауқымды шара Сирия дағдарысына қатысты барлық мүдделі тараптың басқа да келіссөздерімен бір арнада өтіп отыр. Аталған шараның мән-маңызы туралы айтқанда, бірінші кезекте, 2017 жылдың қаңтар айында елордада өткен халықаралық кездесуде Сирияның қарулы оппозициясының өкілдері мен Сирия үкіметінің адамдары алғаш рет бір үстел басына отырып, бір-бірімен жүзбе-жүз сөйлесіп, өзара мәмілеге келуге мүмкіндік алғанын ерекше атап өту керек. Астана пішіміндегі келіссөздердің негізі атысты тоқтату режіміне бағытталса, бұл – бүгінгі таңда нақты алға қойылып отырған міндет. Астана процесінің жетістіктерін Женева келіссөздері табысты болуының алғышарты деп те қарастырған жөн. Қазіргі кезге дейін Қазақстанның бас қаласы мүдделі тараптардың баршасы өздерінің көзқарастары мен ұстанымдарын кең аудиторияға жеткізе алатын тұғырнама ретіндегі тиімділігі мен өзектілігін көрсетті.
Шанхай ұйымын сегіздікке айналдырған шаһар Келесі кезекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі орасан зор деуіміз керек. ШЫҰ-ның қалыптасу тарихында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді рөлі, халықаралық беделі анық көрінеді. Осы орайда, бұған Ұйым абыройының бүгінгідей артуында Елбасының үлесі айтарлықтай екенін қоса көрсетуіміз қажет. Күні кеше Қазақстанның елордасында ШЫҰ-ның жаңа тарихы басталған саммиті табысты аяқталды. Ауқымды басқосуда Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы Ұйымға толыққанды мүшелер болып қабылданды. Сөйтіп, әуелде «Шанхай бестігі» ретінде ірге көтеріп, кейін Өзбекстанның қосылуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы деген атауға ие болған өңірлік құрылымның ауқымы анағұрлым кеңейе түсті. Ұйымның жауапкершілік аясы 3 миллиардтан астам халқы бар аумақты қамтып, «Шанхай сегіздігі» сияқты институттық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ұйымға мүше мемлекеттер қатарының артатыны туралы хабар халықаралық қоғамдастықтың Астанадағы саммитке деген қызығушылығын арттыра түскен еді. Оның алдында Ташкентте өткен саммитте сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан мен Пәкістанның қосылуының нәтижесінде ШЫҰ Еуразияның көп бөлігін, Жер шары халқының жартысын және әлем экономикасының 20 пайызын қамтитын жаһандық зор құрылымға айналатынын атап көрсеткен-тін. Бұл үдеріске Астанада өткен саммитте соңғы нүкте қойылып, Ұйым үшін дамудың жаңа дәуірі басталды деуіміз керек. Өзге де халықаралық немесе аймақтық ұйымдар сияқты ШЫҰ да жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғаны белгілі. Олар: терроризм мен экстремизм, есірткі тасымалы, әсіресе, ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) секілді халықаралық террорлық ұйымдар. Мұндай сын-қатерлермен Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара күш біріктіруі арқылы ғана тиімді күрес жүргізуге болатыны анық. Бұл арада ШЫҰ-ның жаңа мүшелері – Үндістан мен Пәкістан елдерінің әлеуетін пайдалануға мүмкіндік мол. Жоғарыда айтылғандарды саралай келгенде айтарымыз, бүгінде ШЫҰ эволюциялық дамуға батыл қадам басты деуіміз керек. Ал дамудың келесі кезеңінде оның іргесі бекіп, тұғыры биіктей түсетініне еш күмән жоқ.
ЭКСПО – ел абыройын асырған шара ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі жаһан жұртшылығының назарын бас қаламызға аударды. Бұл көрмені өткізу еліміз үшін үлкен жетістік екені сөзсіз және Отанымыздың өркениет көшіндегі елдер қатарына қосылғанын айғақтайды. Көрме өткізу құқын жеңіп алудың өзі кейбір менмін деп кеуде қаққан елдердің де пешенесіне жазыла бермейді. Ақтық бәсекеде Астананың Бельгияның Льеж қаласымен бәсекеге түскені белгілі. Бірақ Астананың бәсі жоғары шықты. Дауыс берген Халықаралық көрмелер бюросына (ХКБ) мүше 148 елдің 103-і ЭКСПО-ның Қазақстанның елордасында өткенін қалайтындарын білдірді. Иә, таңдаудың кез келген елге түсе бермейтінін мына мысалдан-ақ айқын көруге болады. Астананың артынша, яғни 2018 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу жолындағы бәсекеге ежелгі көршіміз – Ресейдің Екатеринбург қаласы түсті. Бірақ жаһандық деңгейдегі жалпыұлттық көрме өткізу бәсекесінде жеңіліс тапты. Таңдау жасаған ХКБ-ға мүше ел өкілдері ЭКСПО өткізуге Екатеринбург лайықты емес деген шешім қабылдап, дауыстарын оның қарсыласына бергенді жөн көрді. Ал Астананың жеңісінде, бірінші кезекте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық танымалдығы мен беделі шешуші рөл атқарды десек, ешкім дау айта алмас. Екіншіден, елімізде бұған дейін көптеген халықаралық ауқымды шаралар табысты ұйымдастырылды. Азия ойындары, Универсиада үлкен жетістіктермен өтті. Енді, міне, елорданы дүбірге бөлеп жатқан Дүниежүзілік көрмеге келетіндер қатары күн өткен сайын қалыңдап келеді. Бұған қатысты Елбасының өзі ЭКСПО-ның ашылуында сөйлеген сөзінде көрмеге келетін қонақтарды Қазақстанның басқа да көрікті жерлерін аралап, жақынырақ танысуға шақырды. Елімізде кез келген шетелдіктің таңдайын қақтырар орындардың жеткілікті екенін атап көрсетті. Астана ЭКСПО өткізу құқын жеңіп алғаннан кейін бұл халықаралық ауқымды шара жалпыұлттық жобаға айналды. Қажетті көлемде қаржы бөлініп, атшаптырым аумақты алып жатқан тұтас бір аудан бой көтерді. Сөйтіп, елорда көркіне көрік қосылды. Көрме аяқталғаннан кейін жаңа құрылыстардың игілігін ел көретін болады. Мұны көрмеден тиімділік көрмейміз деген кертартпалардың пессимистік көңіл күйлеріне нақты жауап деп білеміз. Қорыта айтқанда, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақ елін, оның елордасын бүкіл әлемге бұрынғыдан бетер таныта түсуге үлкен үлес қосу үстінде.
Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»