20-27 маусым аралығында еліміз бойынша 165 пунктте Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өткізілді. Тест тапсыруға өтініш білдірген 92 827 түлектің 95,4 пайызы (88 583) сынаққа қатысты. Соның ішінде оқушылардың 73 пайыздан астамы тестті қазақ тілінде тапсырғаны қуантарлық жайт.
Биыл ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізілді. Бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау және жазу бейнекамераларымен жабдықталды. Ата-аналарға ыңғайлылықты қамтамасыз ету мақсатында 108 пункттегі ҰБТ барысы мониторға шығарылып, көрсетілді. Әдеттегідей, ҰБТ өткізу орындарында медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп, ауыз су және тағам өнімдерін сату орындары қызмет көрсетті. Белгіленген тәртіп бойынша ҰБТ-ның өткізілуі мен ережелердің орындалуын қадағалау үшін тестілеу өткізілетін пункттерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1818 өкіл, оның ішінде жоғары оқу орындары (75%) және колледждердің (25%) оқытушылары жіберілді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов 74 мыңнан астам оқушының ҰБТ-да төменгі көрсеткіштен жоғары балл жинағандығын атап өтті. Оның айтуынша, биыл ең жоғары 140 балды ешкім жинай алмады. Ал 139 балды Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектептің оқушысы Тасан Саят жинады. Тағы 7 оқушы 138 балл алды.
Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған мәліметтерге сенсек, биыл 5064 адам 120-дан жоғары балл жинаса, оқушылардың 70,7 пайызы (52 717) 66-119 балл, 7,9 пайызы (5935) 60-65 балл алған.
«ҰБТ-да ең төменгі балл – 50. Емтихан барысында 74517 түлек осы көрсеткіштен жоғары балл жинады. Бұл 80,5 пайызды құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 81 пайыз болған. Өкінішке қарай, қалған оқушылар төменгі балл жинады», дейді Рамазан Әлімқұлов.
Дегенмен, қажетті межеден өте алмаған 14066 оқушы жаңа ереже бойынша тамыз айында ҰБТ-ны қайта тапсыра алады. Сол кезде тестілеуден өтпесе, оған ендігі жылдың тамыз айында ҰБТ-ны үшінші рет қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар, биыл алғаш рет тест барысын онлайн көрсету жүзеге асырылғанын да ерекше атап өтуге болады. Бұл қызмет барлық адамға Қазақстанның кез келген нүктесінде өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу барысын қадағалауға мүмкіндік берді. «Біздің пайымымызша, бұл қызмет бұзушылық деңгейін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізді. ҰБТ-ны өткізу ережесін бұзғаны және ұялы телефон сынды тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 12 түлек шығарылды. Жалпы тестілеу барысында 84 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 40 мыңнан астам электронды құрылғылар мен 40 мыңнан астам қағаз түріндегі шпаргалкалар алынды», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры. ҰБТ өткізу орындарында құрамында негізінен 3300 пән мұғалімі бар апелляциялық комиссия жұмыс істеді. Ал республикалық апелляциялық комиссия құрамында 54 адам болды. Республикалық комиссияға мазмұны бойынша 199 тест тапсырмасы түсіп, оның 103-і қанағаттандырылды. Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, Ұлттық тестілеу орталығы түлекке ҰБТ-ны басқа пунктте тапсыруға рұқсат беру мүмкіндігін заңдастыру бойынша ұсыныс енгізбек. Бұған биылғы тестілеу барысында ауруханадан шыққан оқушының басқа пунктке барып тест тапсыра алмай қалуы әсер еткен. Биылғы тестілеу сынағының негізгі ерекшеліктеріне тағы бір мәрте тоқталайық. Ең алдымен, Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 пән бойынша тапсырылды. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (20 тапсырмадан, шекті деңгейі – әр пәннен кемінде 5 балдан) және таңдаған мамандыққа сәйкес 2 бейінді пәннен (30 тапсырмадан, шекті деңгейі 15 балдан кем болмауы тиіс) тапсырды. 120 тестілеу тапсырмасы бойынша түлек максималды 140 балл жинай алады. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут уақыт бөлінді.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»