• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Шілде, 2017

Мерекелік онкүндік межесі

162 рет
көрсетілді

Елорда төріндегі Елбасының кітапханасында Астана күніне орай ұйымдастырылған «Ашық есік күндері» мерекелік онкүндігі салтанатты түрде ашылды.

Шараның ашылу рәсіміне Олимпиада чемпионы, Пар­ламент Мәжілісінің депу­таты Серік Сәпиев, Қазақ­станның еңбек сіңірген әр­тісі Майра Мұха­мед­қызы, Қазақ­станның Тұңғыш Пре­зиденті қорының лауреаты, белгілі балет би­шісі Дос­жан Табылды және мем­лекеттік ор­ган­дардың өкіл­дері, мәдениет пен спорт қайрат­керлері, елор­да­мыз­дың тұрғындары мен меймандары қатысты.  Әйгілі опера әншiсi Майра Мұхамедқызы Ас­тананың ту­ған күні ерекше қуанышқа бө­лейтін мей­рамдарының бірі еке­нін атап көрсетті. «Астана бү­гінгі таңда бүкіл әлем көз тігіп отырған ғажайып қала­лардың қатарынан орын ал­ды. Біз осы елор­дамызбен бірге өсіп келе жат­қанымызға қуа­ныштымыз. Бұл қаладағы әрбір ғимараттың өзіндік сы­ры бар. Елордамыздың әрі қарай дамып, өркендеуіне ті­лек­теспін», деді М.Мұха­мед­­қызы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, онкүндік аясында көптеген бұқаралық, мә­дени-танымдық шаралар жоспар­ланған. «Кітапханаға келушілер үшін «Елбасы жә­не Астана» тақырыбында бі­ре­гей әрі кешенді көрме ұй­ым­­дастырылған. Онда көп­шіліктің назарына 60 басылым, 47 архив материал­дары, музей жинағынан 30 жәді­гер ұсынылады. Көрме негіз­гі        3 бө­­лімнен тұрады: Олар «Ас­тана­ның қалыптасуы», «Ас­­тананың қай­таланбас бей­несі» және «Ас­тана – әлем­дік үн­қатысу алаңы» деп аталады.  Мерекелік онкүндік аясында өзіндік көзқарасы бар әуесқой фотосуретшілер де анық­талып, «Мәңгілік Ел» салтанат қақ­пасы – қазақстан­дықтардың көзімен» тақы­рыбындағы фо­то­байқаудың жеңімпаздары марапатталады.  Сонымен қатар, білімін сынауға ниет білдіргендер үшін «iDos» гид-роботы зият­керлік викторина өткізіп, дұрыс жауап бергендерге сертификат табысталады. Бұдан бөлек 5 шілде күні кітапхана қабырғасында Кино күндері өтетінін айта кеткен жөн. Оның барысында «Елбасы жолы» киноэпопеясының фильмдері көрсетіледі.  Онкүндік шілденің 1-нен 10-на дейін жалғасады. Оның аясында тақырыптық және шолу экскурсиялары өткізіледі.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»