Мұндай компаниялар қарыз беруші мен алушының арасындағы дәнекер іспетті. Олардың қызметін ҚР Ұлттық банкі бақылайды.
Банктің облыстағы бөлімшесін басқаратын Айнұр Көшербаеваның айтуынша, 38 коллекторлық компания банктермен бірлесіп жұмыс бастаған.
«Коллекторлық компания қызметкерлеріне борышкерлердің құқықтары мен еркіндіктеріне қол сұғатын және өміріне, денсаулығына, мүлкіне қауіп төндіретін заңсыз іс-қимылдар жасауына тыйым салынады. Сондай-ақ, іс-қимылды тіркеусіз жүргізген, банктің құпия мәліметтері мен құжаттарын ұрлап, параға сатып алып, қорқытып алу арқылы алған, жариялаған жағдайда 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал коллекторлық агенттіктердің пайдалы тұсы – реттеу процесі жүріп жатқан уақытта банк борышкерге үстеме пайыз қоспайды», – дейді ҚР Ұлттық банкі Атырау облыстық бөлімшесінің басшысы Айнұр Көшербаева.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ