• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2017

Қостанайда «Қазақстан үздік тауарлары» байқауының өңірлік сатысы өтті

110 рет
көрсетілді

Қостанайдағы сити-орталықта Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының облыстық және Қостанай қалалық әкімиатымен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан үздік тауарлары» байқауының өңірлік сатысы өтті. Оған облыстағы 24 кәсіпорын қатысты.

«Биыл облыстық кәсіпкерлер палатасы көрмені  үшінші рет өткізіп отырмыз. Оның ішінде былтыр мен биыл көрме-жәрмеңке форматында өткізіп келеміз. Қатысушылар жыл сайын артып отыр. Былтыр 20  кәсіпорын қатысқан еді, биыл тағы да төрт кәсіпорын өтініш берді» дейді көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушы облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкері Роберт Юсупов.

Көрме-жәрмеңкені облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аралап көріп, кәсіпкерлер әкелген тауарларды көрді.   Көрме-жәрмеңкеге қатысқан кәсіпорындар арасында жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды. Үздіктерге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дипломдар мен сыйлықтар тапсырды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды Қостанай қаласындағы «S.M.F.-System» мата емес материал фабрикасы» ЖШС, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша Денисов ауданынан келген «Тобольское 1» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша Қостанай қаласындағы «Аква-Арасан» ЖШС бірінші орынды жеңіп алды. Тұрғындар көрме-жәрмеңкені аралап, керекті заттарын сатып алды. Олардың бағасы  үстемесіз, өндірістік жіберіліммен сатылды.

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ