ҚР Ұлттық музейінің экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Әйгерім Әміралиеваның айтуынша, бүгінгі күні музейде 20-ға жуық экскурсия жүргізуші бар.
«Халықаралық деңгейдегі музей болғандықтан, бірнеше шеттілін жетік білетін мамандар қабылданды. Екі-үш ай бойы тағылымдамадан өткізген соң, үздіктері жұмысқа алынды. Экскурсия жүргізушілер қазақ, орыс тілдерінен бөлек ағылшын, түрік, қытай және француз тілдерінде экскурсия жүргізеді», – деді ол.
Сондай-ақ, әдіскер келушілер экскурсоводты өздері таңдай алатынын айтты. Музейдің бірінші қабатында барлық экскурсовод мамандар туралы ақпарат жазылған.
«Музейге келген шетелдіктер аталған ақпараттық анықтамалықтан экскурсияны қай тілде тыңдағысы келсе, сол тілді меңгерген экскурсоводты таңдай алады. Экскурсияның академиялық сағаты 45-60 минут аралығын құрайды», – деді Ә. Әміралиева.