• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 13 Шілде, 2017

Биыл Астанада 1-сыныпқа баратын оқушылар саны рекордтық көрсеткішке жетпек

151 рет
көрсетілді

Биыл Астана мектептеріне жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа шамамен 22 мың оқушы келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астана медиа орталығындағы қалалық білім беру басшысының міндетін атқарушы Ануар Жанғозиннің айтуынша, өткен оқу жылы Астананың мектептерінде 9 588 орынға жетіспеушілік байқалған, биыл бұл көрсеткіш 17 мыңды құрауы мүмкін.

«1-ші сыныпқа келетін оқушылар санының күрт өсуіне және көші-қон мәселесіне байланысты қала мектептерінде 2017-2018 оқу жылында болжам бойынша 17 мың орын жетіспейді», – деді А. Жанғозин.

Елорда әкімдігі мектептер мен бақшаларда орын жетіспеушілік мәселесін кешенді түрде шешуде. Осылайша 2017-2018 оқу жылы 2600 орынға шақталған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ елордада жыл сайын кем дегенде 10 жаңа мектеп салынатын болады.

«6 мектептің құрылысы басталды, жыл соңына дейін 4 білім ордасын салу жоспарлануда. Жалпы алғанда 11 мың орынға арналған 10 мектеп салынады, ол 2018-2019 жылдары пайдалануға беріледі. Оған қоса 13 мектептің жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталып кетті. Біздің жоспарымызда – жыл сайын 13-14 мектепті пайдалануға беру», – деді А. Жанғозин.