• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

Үздік идеялар елорданы көркейтуге үлес қоспақ

332 рет
көрсетілді

Астана әкімдігі ұйымдастырған алғашқы Startup Weekend байқауы мәресіне жетті. Үш күнге ұласқан шараның қорытынды жиынына қала әкімі Әсет Исекешев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.

Биыл елордада ауқымды «Astana Innovations Challenge» стартап-марафоны іске қосылған болатын. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігі атынан «Астана Innovations» АҚ MOST бизнес-инкубаторымен бірлесе отырып, «Шеврон» компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Бұл жас инноваторлар мен өнертапқыштарға арналған жоба. Яғни, мұндай шаралар арқылы жас дарындардың үздік идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік аша отырып, жастарды қала өмірін жақсартуға үлес қосуға шақырады. Жоба аясында жылдың соңына дейін тақырыптық бағыты әртүрлі 4 стар­тап уикэнд және 2 хакатон ұйымдас­тыру көзделген. Жексенбі күні соның алғашқы уикэндті қорытындыланды.

Шараның тақырыбы  комму­нал­дық шаруашылықтың, көлік пен қала экологиясының түйткілді мәселелері сала­сындағы инновациялық шешімдер ойлап табумен байланыс­ты болды. Қорытындысында ең перс­пек­тивалы деген 3 стартап-жоба анық­­талып, олар өзара 500 000 теңге жүл­де қорын бөлісті. Сонымен қатар, жеңім­паз-командалар MOST бизнес-инку­баторы негізінде қарқынды аксе­лерация бағдарламасынан өту, жо­баны бизнес-жебеушілер қауымдас­тығы мүшелері алдында таныс­тыру, қаржыландыруды алғанға дейін жобаның сүйемелденуі және жоба­ларды елордада енгізу мүмкіндігін алды.

Бірінші орынды мемлекеттік бюджеттің электр энергиясын төлеуге кететін шығыстарын азайту туралы мәселені шешуге бағытталған «Дербес көше жарығы»  жобасымен «Sun project» командасы иеленсе, екінші орынды «Жаяу жүргіншілер жолынан мұзды жылдам әрі ұқыпты алып тастауға арналған жинақы механикаландырылған құрылғы» жобасын таныстырған «Ice Killers» командасы жеңіп алды. Үшінші орын «Қалдықтарды жинауды автоматтандыру жүйесі» жобасымен «Tazalyk» командасына бұйырды. Сонымен қатар, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевтің бастамасымен ақылды үй, ПИК, агроөнеркәсіптік кешен жүйелерін автоматтандыру бойынша жобаларды іске асыратын «Бірегей басқару модулі» жобасын таныстырған «Double bro’s» командасына арнайы жүлде беру туралы шешім қабылданды.

Қорытынды сөзінде Астана қаласының әкімі  «Қа­зақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысы Жолдауының іске асырылуына ықпал ететін мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын, сондай-ақ, Қазақстанның инновациялық дамуындағы жас ұрпақтың белсенділігі жоғарылығын ерекше атап өтті.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»