• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

«Жасыл ел» жасағы өңірге өнеге

2177 рет
көрсетілді

Жастарға қызмет көрсету орта­лы­ғында орналасқан студенттік еңбек жасағы және «Жасыл ел» штабы облыстық жастар саясаты басқар­масының қолдауымен мамыр айын­да әлеуметтік және педагогикалық жастар жасақтарының жұмысын бастаған болатын.

«Жасыл ел» бағдарламасы жаз­ғы маусым кезінде студент-жас­тар­ды жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Павлодар өңірінде биыл 2 мыңнан астам жас бағдарлама аясында еңбек етпек. Жастар қазір заманға сай жаңашылдықты жақсы көреді, өмірдің әр саласына «Жасыл елдің» ізін қалдырғысы келеді. Мысалы, былтыр жастардың «Су асты» жасағы Баянауылдағы Жасыбай көлінің түбін тазалау жұмыстарына, археологиялық топпен бірге Лебяжі ауданындағы Бөрілі көлінің маңында қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты. Сонымен бірге «Креативный Павлодар» аэрографиялық жасағы, «Жәрдем тайм» қалпына келтіру жасағы, «Жасыл ел бақшалығы» сая­жай жасағы және құрылыс жаса­ғы іске кірісті. Жаз бойы еңбек жасақтары қатарында 2500 «жасыл­елдік» студент еңбек етеді. Олардың қата­рында оқушылар да бар. Сту­дент­тер, жұмыссыз жастар, бәрі бірге құрылыста және әлеуметтік нысан­дарда еңбек етуде, абаттандыру мен көгалдандыруға, саябақтар мен өзен­дерді тазалау жұмыстарына қатысуда.

Ал, «Жасыл ел» қалалық штаб­ы­­ның командирі Оразалы Сәр­сеновтің айтуынша, «Жасыл ел» облыстық еңбек жасақтары қала­дағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен бірлесіп сенбіліктер өткізеді. Тіпті 400-ден астам қап қоқыс жинап беріпті. Сондықтан, сенбілікке қатысқан қыз-жігіттер әлеуметтік желідегі парақшаларына жинаған жер емес, қоқыс тастамайтын жер таза екенін білу туралы жазды.

– Әрқайсымыз қоршаған орта, туған жеріміз үшін жауап­кер­шілігі­мізді сезінуіміз қажет, бұл – біздің үйіміз, дейді «жасылелдіктер».

Студент жастардан құралған құрылыс жасақтары қазір облыс орталығындағы «Жәрдем» ЖШС-мен бірлесіп, «Нұрлы жол» бағ­дарламасының жаңадан салынып жатқан нысандарында еңбек етуде. Ал, биылғы жазда «Жасыл ел бағ­баншылығы» деп аталатын жастар еңбек жасағының тағы бір жаңа­шылдығын естідік. Жастар мүгедек жандарға арнап картоп отырғызды. Белсенділердің айтуынша, студенттер жаз бойы еккен өнімдерін күтіп, баптап, күзде мүгедек жандардың үйлеріне апарады. Бұл шара «Жасыл ел» жобасы аясында жас ұрпақты еңбекті бағалауға үйретеді. Еңбекақылары – 65-70 мың теңге. Сондықтан, жастар жасағының қатарында еңбек еткісі келетіндер көбейері сөзсіз. «Жасыл елдің» екінші кезеңі шілде айында басталды. Жастар басқармасының басшысы Наталья Нефедованың айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасағы жыл бойына, демалыссыз еңбек етеді. Ендігі мәселе – жазғы маусымда еңбек жасақтарында жүрген жастарға арнайы киім қажеттігі айтылуда. Сондықтан, басқарма бірыңғай еңбек формасына тапсырыс бермекші. Өйткені, «Жасыл ел» жасағының жастары, студенттер қыста қар тазалау жұмыстарына, көктем, жаз күз мезгілдерінде де науқандық жұмыстарға қатысуда. Жазғы маусымда экологиялық, құрылыс, үгіт-насихат тәрізді отрядтарда еңбек етсе, күзде егін жинау, қала ішіндегі бақтарда жапырақтарды жинау мен қоқыстардан тазарту жұмыстарына жіберіледі. Жастар еңбек жасақтарының арасындағы республикалық деңгейде біздің павлодарлық «Жасыл ел» студент-жастар жасағы жыл сайын үздік көрсеткіштерге ие боп келеді.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген Айгүл Есенәли