Ал сот корпусы мұндай жоғары бағаға қалай қол жеткізді? Сот төрелігін жүргізуде ел абыройын асқақтатып, азаматтардың заңды құқын қорғау, мемлекет мүддесін сақтап, әділдікті үнемі тұрақты түрде ту етіп көтеріп жүру оңай емес. Алайда, ел судьяларына жүктелген бас-ты міндет осы болғандықтан олар оны абыройлы орындап отыр. Бұл туралы Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «2016 жылдың қорытындысын шығарғанда, біз, сот әділдігі көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсарғанын айтқанбыз. Осы үрдіс биылғы жылы да жалғасуда. Егер сот әділдігінің ескі жүйесінде кейбір санаттағы істер екі жылға дейін қаралса, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін табуда. Сол сияқты азаматтық істердің 82 пайызы бір ғана сот отырысында шешімін табуда. Істердің үштен екісі жеңілдетілген негізде қаралуда. Биылғы жылдың 5 айында дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану 42 пайызға, медиацияны қолдану 82 пайызға артты. Қылмыстық сот істері бойынша да ахуал осыған ұқсас. Республика бойынша келісім тәртібімен қаралған қылмыстық істердің саны 33 пайызға, қысқартылған негізде қаралған істер саны 4 есеге артты. Қылмыстық сот істері бойынша медиацияны қолдану көрсеткіші 64 пайызға жетті. Алқабилердің қатысуымен қаралған істер саны 35 пайызға көтерілді», дейді.
Бұл орайда қылмыстық заңнаманы ізгілендіру түрмедегілердің санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн. Еліміз 1991 жылдан бергі аралықта түрмеде отырғандардың әлемдік индексі бойынша өз көрсеткіштерін 3-орыннан 46-орынға дейін жақсартты. Осы ретте, еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты деңгейде болуы да сөзіміздің дәлелі. Демек, бұл соттардың жаза тағайындау практикасын өзгертуге неғұрлым сарабдал қарайтындығын көрсетеді. Соның тағы бір айғағындай, тергеу процесіне сот бақылауын кеңейту шаралары өзінің оң нәтижесін беруде. Үстіміздегі жылы тергеу судьялары қараған санкциялау істерінің саны 15 пайызға артты.
Сот төрелігі барысында заңды үкім, әділ шешім ең басты көрсеткіш. Сондықтан кәсіби біліктілігі жоғары судьялар корпусын қалыптастыру сот жүйесінің тиімділігін арттыратын ең басты алғышарт болып табылады. Бұл мәселе қашанда бірінші кезектегі маңызға ие дейміз. Осыған орай, реформа барысында судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу тәсілдері қатаңдатылғаны бәрімізге белгілі. Біліктілік емтихан тапсыру рәсімдері күшейтілді, соның ішінде, психологиялық тестілеудің рөлі артты, полиграфта зерттеу жүйесі енгізілді. 2016 жылы жаңа ереже бойынша жергілікті соттардың 343 судьясы іріктеліп тағайындалды. Осы жылдың 5 айы ішінде – 92 кандидат судьялыққа тағайындалды. Бұл орайда, сот жюриі де өз қызметін жаңа тәртіпке сәйкес жүргізуде. Сот жюриінің біліктілік комиссиясы 2016 жылы 1220 судьяның, биылғы жылы 125 судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізді. Судьялар корпусының басым бөлігі өздерінің кәсіби біліктілігін растай білген. Ал судьялық кадрларды даярлау мен олардың кәсіби деңгейін арттыру міндеті Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясына жүктелген. Академияны құру оқу процесі мен сот практикасын барынша үйлестіруге мүмкіндік береді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттары еліміздің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруінің негізгі бағдарына айналғаны белгілі. Осы ретте, инвестициялық ахуал басты индикаторлардың бірі болып табылады. Міне, бұл бағытта да Жоғарғы Соттың мамандандырылған жаңа алқасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының жанындағы қаржы соты инвестицияны қорғау саласындағы жаңа сот практикасын қалыптастыруға ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұған қоса, Жоғарғы Сот жанында құрамына шетелдік және қазақстандық 15 беделді заңгер мен ғалым кіретін Халықаралық кеңес өз жұмысын тиімді атқаруда. Оның ең негізгі міндеті – еліміздің сот жүйесіне халықаралық озық стандарттарды енгізу. Осының негізінде барлық маңызды халықаралық рейтингтер бойынша жағымды үрдіс сақталып отыр. Соның бір айғағы ретінде, өткен жылы Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінің «Соттардың тәуелсіздігі» индексі бойынша Қазақстан өз көрсеткішін 4 позицияға (72-ден 68-ге дейін) жақсартқан. Бүкіләлемдік банктің рейтингісінде «Келісімшарттарды орындау» индикаторы бойынша еліміз 190 елдің ішінде 9 орынды иеленген. Үш сатылы сот жүйесі жағдайындағы соттардың жұмысын Мемлекет басшысы мен халық оң бағалап отыр. Жалпы алғанда, сот ісін жаңғырту аяқталды деп айтуға болады. Дегенмен, ендігі кезекте соттар қызметінің жекелеген бағыттарын реформалау күтіп тұрған көрінеді. Бұл туралы ойын жалғаған Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген конституциялық реформа биылғы жылдың ең басты оқиғасына айналды. Өздеріңізге мәлім, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Сот құрылымы мен сот ісін жүргізу бойынша Жоғарғы Сот конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымын білдірді. Реформа шеңберінде судьялыққа кандидаттардың жас мөлшерін 30 жасқа дейін арттыруды көздейтін Конституциялық заң жобасы әзірленді. Осы және өзге де түзетулер судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды одан әрі қатаңдатуға бағытталған. Президент «Прокуратура туралы» жаңа заңға қол қойды, онда Жоғарғы Соттың ұсыныстары ескерілді. Аталған заңда прокурорлардың азаматтық процеске қатысуын айтарлықтай қысқарту көзделген. Қылмыстық қудалау органдарын алдағы жаңғыртумен байланысты ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Елбасы бұл жұмысқа да айрықша мән беріп отыр. Жалпы алғанда, судьялар түйткілді мәселелер мен заң шығару қызметіне қатысты тұжырымдамалық ұсынымдар әзірлеуде белсенділік танытуда», дейді.
Соттар жұмысында мұндай жоғары жетістіктерге жетудің өзіндік тың жолдары, оң бағыттары қарастырылғаны анық. Жоғарғы Сот тарапынан соттар жұмысына жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Міне, соның бірі – үш сатылы сот жүйесі. Үш сатылы жүйе сот сатыларын оңтайландырып, сот әділдігіне қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетті және түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын қысқартты. Оның нәтижесінде апелляциялық сатының рөлі барынша күшейді. Бұл – шетелдік озық тәжірибеге негізделген үрдіс. Барлық елде апелляция соттың соңғы сатысы болып табылады. Демек, сөздің тоқетері – сот істерінің басым бөлігі өңірлерде қаралып аяқталуы тиіс, яғни апелляциялық қаулылар өте сирек жағдайларда ғана қайта қаралуы керек.
Мемлекет басшысы судьялар съезінде азаматтардың соттар мен құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыруға айрықша назар аударған болатын. Бұл орайда судьялардың өздері де соттардың оң имиджін қалыптастыру – әрбір судья мен сот қызметкерінің міндеті екендігін жасырмайды. Сондықтан да судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінен тең құқылықты сақтау, азаматтарға құрметпен қарау, менмендіктен арылу, азаматтардың құқықтарын қорғауға жәрдемдесуге ұмтылу талап етіледі. Өйткені, сарапшылар сөзіне қарағанда, дәл осы шаралар қоғамда соттарға деген сенім деңгейін қалыптастырады. Міне, біле білсек, судьялық әдептің жаңа кодексінде осы міндеттер айқындалған. Ендеше барлық судьялар Судьялық әдеп кодексінің талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс.
«Мемлекет басшысы біздерге нақты міндеттер жүктеді. Біз сот ісін жүргізуді одан әрі жеңілдету, заңнаманы жетілдіру және судьялар корпусының кәсібилігін арттыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Қазіргі таңда Жоғарғы Сот бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мен сот жүктемесін азайтуға бағытталған жобаларды іске асыруда. Бұл бағытта сот әкімшілігін реформалау жұмысын да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Біз, ең әуелгі кезекте, сот әділдігін сапалы жүзеге асырып, соттарға деген сенімді арттырып, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуіміз қажет», дейді Қайрат Әбдіразақұлы.
Соттардың имиджі мен тәуелсіздігін, сондай-ақ судьялардың әлеуметтік мәртебесін арттыру бойынша Жоғарғы Сот барлық шараларды қабылдауда. Жоғарғы Сот Төрағасынан бастап, республикадағы әр судья үшін азаматтардың сенімі маңызды болып табылады. Адамдардың құқына мұндай маңыз берілген жерде қашанда сот әділдігі салтанат құратындығы анық. Ал мұның бәрі ел абыройын асырудағы Елбасы сілтеген жолмен жүрудің жемісі дейміз.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»