• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 21 Шілде, 2017

Жеңіл атлеттерімізді жеңісімен құттықтады

137 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Президент Әкімшілігінің Басшысы, еліміздің Жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты 6-9 шілде аралығында Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен болатын. Оған сарықұрлықтың 43 елінен 800-ден астам спортшы қатысқан. Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте төрт алтын, екі күміс, екі қола медаль иеленіп, Үндістан мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға ие болды.  «Ел намысын Азия чемпионатында абыроймен қорғап, жүлделі орынға ие болған барлық спортшыларға федерация басшылығының атынан алғыс білдіремін. Спортшыларымыз Азия біріншілігінен жалпы саны сегіз медальмен оралды. Ол біз үшін үлкен жетістік. Спорттың бұл түріне Елбасымыз ерекше көңіл бөліп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Алдағы жарыстарда да спортшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын», деді Әділбек Жақсыбеков. 100 және 200 метрге жүгіруден әйелдер арасында екі алтынға қол жеткізген Виктория Зябкина мен үш қарғып секіру сайысынан чемпион атанған Мария Овчинниковаға қаржылай 5 мың АҚШ доллары, одан бөлек құрамында Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина және Ольга Сафронова бар 4х100 метр­ге эстафеталық жүгіруден әйелдер құрамасында топ жарған әрбір желаяқ қызға 400 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді.  Сонымен қатар, 100 метрде күміс, 200 метрде қола медальға ие болған Ольга Сафронова – 4,500, үш қарғып секіруден күміс жүлдегер Ирина Эктова 3 мың және ерлер арасынан ядро лақтырудан қола медальды иеленген Иван Иванов 1,500 АҚШ долларымен марапатталды. Марапаттау рәсімінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлт­тық құраманың бапкерлер құрамына алғыс айтып, Прези­денттің жеңіл атлетикаға баса назар  аударып жатқанын жеткізді. Марапаттау рәсімінің соңында Әділбек Жақсыбеков барлық спорт­шы мен бапкерлерге алдағы жа­рыстарда сәттілік тіледі.

Әли БИТӨРЕ,  Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ,  «Егемен Қазақстан»