Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға биыл 11,2 млрд теңге қаралған. Соның ішінде Ұлттық қордан бөлінген 6 млрд теңгеге 21 жоба, республикалық бюджеттің 3,3 млрд теңгесіне 7 жоба жүзеге асырылады. Ал жергілікті қазынадан осы мақсатқа 1,9 млрд теңге бөлініп отыр. Қарқынды құрылыстың арқасында облыс орталығының аумағы кеңейіп, жаңа шағын аудандар бой көтерді. «Береке», «Нұрсая» шағын аудандарында алдағы жылы 43 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады. Жеке тұрғын үй құрылысының бірыңғай сәулет- тік келбетін жасау мақсатында әкімдік инженерлік коммуникациясы тартылған 400 учаске дайындады. Қазір құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің сызбалары бойынша 80 тұрғын үйге жобалық-сметалық құжат жасақтауға тендерлік рәсімдер жүріп жатыр. Бұқараны баспанамен қамтуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында ипотекалық қарызбен тұрғын үй алу қолжетімділігі артатыны да жақсы жаңалық. Бұрын ипотекамен тұрғын үй сатып алушылар екінші деңгейлі банктерге 17 пайыз үстеме төлеуге тиіс болса, енді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында оның 6-7 пайызын мемлекет субсидиялайды. – Соның нәтижесінде қарыз алушының ай сайынғы төлемі 30-40 пайызға азаяды, – дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы. – Бағдарламаға қатысу үшін ипотека кезегіне тұру талап етілмейді, тұрғын үйлерінің саны маңызды емес және қосымша комиссиялар жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша еліміздің кез келген азаматы ипотекалық қарыз алуға өтініш бере алады. Бұл бастама баспана алғысы келетіндерге де, бағдарламаға қатысатын үй салушыларға да тиімді болғалы отыр. – Екінші деңгейлі банктер субсидиялау туралы шешім қабылданған кезде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 5 пайызынан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша қарыз береді, – дейді «Даму» қорының Атырау облысы бойынша аймақтық бөлімшесінің директоры Əлия Өтепқалиева. Жеке құрылыс компаниялары «Нұрлы жер» бағдарламасына қызығушылық танытуда, қазір банктер бірнеше жобаларды қарап жатыр.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ