Аймақтардағы имамдардың білім деңгейлері жеткіліксіз Министрдің айтуынша, елімізде адамдардың діндарлығы діни мәдениетінің қалыптасу қарқынынан озып кеткен. Бұл өз кезегінде радикалды идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Ал радикалданудың салдары жақсылыққа апармайды. «Сондықтан, діндарлықтың тым жылдам өсуі қауіп-қатерлер әлеуетін арттыруы мүмкін. Теріс діни ағымдар қызметіне тосқауыл қою – дін саласындағы саясатымыздың маңызды бағыты. Бірақ теріс діни ағымдармен күресу жеткілікті емес. Елбасы айтқандай, біз кез келген радикализмге мүлде төзбеушілікті қалыптастыруымыз керек. Діни радикалдар қазақстандық қоғамның дәстүрлі рухани құндылықтарына қауіп төндіреді. Сондықтан, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алудың жүйелі мәселелеріне тұрғындардың барлық белсенді азаматтарын жұмылдыру маңызды», – деді Н.Ермекбаев. Жасыратыны жоқ, теріс діни ағымды ұстанушылар, әсіресе, батыс облыстарда тұрақты сақталып отыр. Оларға идеологиялық тұрғыдан қарсы тұруға қабілетті білімді, беделі бар мұсылман діни қызметшілерінің жетіспеуі өзекті жайтқа айналды. Аймақтардағы имамдардың білім деңгейлері жеткіліксіз. 302 мұсылман діни қызметшісінің тек 52,3 пайызының ғана теологиялық білімі бар. Батыстағы төрт облыстың мешітінде ауыл имамдарының 12 орыны бос тұр. Діни наным себебінен балаларына екпе салдырудан бас тартудың 4005 дерегі тіркелген. Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова бірыңғай мектеп формасын енгізу дін саласында өзекті мәселе болып отырғанын айтады. Бір ғана Атырау облысында соңғы жылдары діни атрибуттағы киіммен мектепке келуші оқушылар қатары көбейген. 2015-2016 оқу жылында 194 бала білім ошағына орамал тағып келсе, 2016-2017 жылы бұл көрсеткіш 315-ке жетті. Министрлік өкілі бұл жағдайға заңдағы олқылықтар мен әлеуметтік проб-лемалар, мемлекеттік діни саясатты тиімді жүргізбеу, мүдделі құрылымдар арасында өзара байланыстың жоқтығы себеп болып отыр дейді.
Бүркеніп киініп, берекетсіз сақал қою сән бе? Қазіргі қолданыстағы заңда заманауи үдерістер мен проблемаларды есепке алмаған олқылықтар бар екенін айтқан министр Нұрлан Ермекбаев заңға енгізу үшін өзгертулер топтамасы дайындалғанынан хабардар етті. Жақында Елбасы жүріс-тұрысымен, сыртқы келбетімен қоғамды жіктеуге тырысатын адамдарды сынға алып, азаматтарды қандай да бір дінді немесе діни ағымды ұстануы бойынша бөлуге және өзінің діни көзқарастарын әдейі жарнамалауға жол бермеу туралы айтқан болатын. «Сондықтан заң жобасында қоғамдық жерлерде адамның бет-келбетін жабатын, жасыратын киімдерді киюге тыйым салу ұсынылады, дейді ведомство басшысы. Қыздардың беттерін тұмшалап қара көйлек киюі дәстүрімізге де, ұлтымызға да жат нәрсе. Бұл біздің сана-сезімімізге де, заманауи дамыған елдің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына да сәйкес келмейді. Қазақ ұлттық мәдениетіне, тарихы мен салт-дәстүріне қарайтын болсақ, қазақ қыздары мен әйелдерінің бет тұмшалаған қара киім кимегенін нақты айта аламыз. Нағыз мұсылман киген киімінен не сақал қоюымен емес, ішкі жан дүниесімен танылады. Біз дін саласында мемлекетімізге қауіп төндіретін кез келген діни құбылысқа тосқауыл қоюымыз керек. Елімізде діни сипатта бүркеніп киініп, берекетсіз сақал қоятын және балақтарын қысқартып киетін азаматтарға бұл мұсылмандықтың белгілері емес, өзге дәуірдің және өзге халықтардың ұлттық көріністері екенін түсіндіруіміз керек».
Террористер азаматтығынан айырылады Бүгінде 323 қазақстандық әлемнің 13 мемлекетінде білім алып жатыр. Оның ішінде 76 студент батыс өңірінен, көбі Атыраудан. Шекара асып діни білім алуға барып, теріс идеологияның ықпалына түскен жастар туралы мысал аз емес. Қазақстандықтарды шетелдік оқу орындарына жіберу тәжірибесінің реттелмегені де проблеманың бірі. «Діни білім алу жүйесіне тәртіп енгізу қажет» деген министр бұдан былай бакалавриатты тек қана қазақстандық діни мекемелерде оқу талабы қойылатынын айтты. Ал шетелде өз бетімен діни білім алып келсе, ел аумағында жұмысқа тұру мүмкін болмайды. Енді мүфтияттың жолдамасы магистратура мен докторантурада оқу үшін беріледі. Назар аударатын жайт, шетелдердегі лаңкестер лагерінде Қазақстанның 500 азаматы жүр. Сирия-Ирак аймағында террористік топтардың жағдайы қиындап, содырлар шегіну жолдарын, соның ішінде туған жерлеріне қайту мүмкіндіктерін қарастыруда. «Бірақ бұл олардың қылмыстық пиғылдарынан бас тартқандарын білдірмейді. Қазақстандықтардың арасынан шыққан осындай адамдар қылмыстық тәжірибе жинақтап, елімізге арам ниетпен оралуы мүмкін», деген министр заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес террористік және басқа да аса ауыр қылмыс жасаған қазақстандықтар азаматтығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.
«Адасқандармен» жұмыс жүйелі болуы керек Атырау облыстық дін істері жөніндегі басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиевтың айтуынша, облыстағы түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушы 57 адамның 50-і экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталған. Басқарма тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде 17 адам дәстүрлі дінге оралды. Қазір аймақта басқа облыстардан шақырылған 4 теолог жұмыс істейді. Ал Батыс Қазақстан облыстық дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Саялбек Ғизатов теріс діни ағымдағы азаматтармен жұмысқа теологтармен бірге психологтардың да тартылғанын айтады. Маңғыстау облысындағы басқарма басшысы Ерлан Есберген «Теріс ағымдағылар бізбен кездесуге мүдделі емес, сондықтан ұжымдарға өзіміз барып, әңгімелесу өткіземіз. Түсіндіру жұмыстарының арқасында 19 азамат дәстүрлі дінге оралды» десе, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбет психологиялық оңалту қызметін көрсететін «Аңсар» ұйымының жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін баяндады. Семинарға қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісім Елбасы саясатының жемісі екеніне тоқталды. «Мемлекет басшысы әрдайым тұрақтылық мәселесін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды өз бақылауында ұстап отыр. Облысты мекендеген жүзге жуық ұлт пен конфессия өкілдері бірлікпен қызмет атқарып келе жатыр. Әр аймақта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде тәжірибе ортаға салынып, пікір алмасып, өзекті мәселені бірлесіп шешуге бағытталған мұндай шаралардың маңызы зор», – деді Н.Ноғаев.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ